16 ауыл бойынша іздеу-барлау жұмыстары әлі басталмаған.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында ауылдар мен қалаларды жүз пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қандай жұмыстар атқарылатынын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Министр ауыл халқын сумен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылатынын атап өтті. Бүгінде 6 256 ауылдың 5 130-ы ауыз сумен қамтамасыз етілген.
«Қалған 1 126 ауылды 2025 жылдың соңына дейін қамтамасыз ету қажет. Оның ішінде 316 ауылды орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету көзделген. Сонымен қатар, бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында халық саны 200 адамнан аз 810 ауылда жергілікті бюджет қаражаты есебінен кешенді блок-модульдер орнатылады», - деді Шарлапаев.
Ведомство басшысының айтуынша, биыл 385 ауылды сумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Оның ішінде 135 ауылды орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету, 250 ауылда кешенді блок-модуль орнату жоспарланған. Бүгінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан 171 кешенді блок-модуль орнатуға қаражат қарастырылған. Ал Батыс Қазақстан, Ақмола, Ұлытау, Атырау, Қарағанды, Түркістан, Жамбыл және Абай облыстарындағы 79 ауылға жақын арада жергілікті бюджеттен қаражат бөлу қажет.
Сондай-ақ, оның айтуынша, қазір 65 ауылды орталықтандырылған сумен қамтамасыз етудің жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп жатыр.
«Бұл құжаттар уақтылы дайындалмаса, жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу мүмкін болмайды. Ал 16 ауыл бойынша іздеу-барлау жұмыстары әлі басталмаған», - деді ол.
Сонымен қатар минитср қала халқын сумен қамтамасыз етуге де тоқталды. Оның айтуынша, республикадағы 89 қаланың 65-і толықтай сумен қамтылған. Б иылғы жылдың соңына дейін Шымкент, Державинск, Шемонаиха, Екібастұз және Шардара қалалары толықтай сумен қамтамасыз етіледі. 2025 жылы 19 қаланың тұрғындарын 100% қамтамасыз ету жоспарланып отыр.