Кінәсі жәбірленушінің айғақтарымен, сараптама қорытындысымен дәлелденді.
Атырау облысы Мақат ауданының бұрынғы әкімі Ринат Ибрагимовке бұрынғы әйелінің денсаулығына қасақана зиян келтіру ісі бойынша үкім шықты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Атырау қаласының No2 сотында ауданның бұрынғы әкімі И.Р.-ға қатысты кінәліге материалдық немесе өзге де тәуелділікте болған адамға қатысты денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды (ҚК-нің 107-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы).
Сотпен анықталғаны 2023 жылғы 31 мамырда Атырау қаласында пәтерде И.Р. және оның әйелі У.А. арасында жанжал болған. Жанжал кезінде И.Р., жәбірленушінің өзіне материалдық тәуелділігін пайдаланып, осы негізде жанжал шығарып, әйелі У.А-ны оң иығынан ұстап, есікті жауып, бөлмеге кіргізген. Ешкімнің кедергі жасамайтынына көз жеткізіп, денсаулығына қасақана зиян келтіру мақсатында У.А.-ны еденге құлатқан және сол жақ санынан бірнеше рет тепкілеген, соның салдарынан жәбірленуші У.А. 5-ші омыртқасының сынуы түрінде, ығысусыз орташа ауырлықтағы зақым алған, - деп хабарлады Жоғарғы Сот баспасөз қызметі.
Сотталушының кінәсі жәбірленушінің айғақтарымен, сараптама қорытындысымен және басқа да дәлелдемелермен дәлелденді.
Сот үкімімен И.Р.-ға 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Жәбірленушінің 20 млн теңге моральдық шығын өндіру туралы азаматтық талап қоюы ішінара қанағаттандырылып, И.Р. жәбірленуші У.А-ның пайдасына 2 млн теңге моральдық зиянды өтейтін болды.
Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін шенеуніктің әйелі Ринат Ибрагимов бірге тұрған 11 жылдың ішінде оны үнемі балалардың көзінше ұрып-соғып, азаптағанын айтып, мәлімдеме жасаған еді.
Кейін бұрынғы спортшы әрі аудан әкімі бұл мәлімдемені жоққа шығарған болатын.