$ 494.87  520.65  4.91

«Футбол – өзгеше сала»: Боранбаев «Қайрат» клубын қалай алғанын айтты

Кәсіпкер футболға бизнес жоба ретінде қарайтынын жасырмады. 

Фото: sportplustv.kz
Фото: sportplustv.kz

Кәсіпкер Қайрат Боранбаев блогер Артур Асқарұлына берген сұхбатында футбол клубының тек бизнес жоба арқылы дамитынын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Stan.kz жазуынша, Қайрат Боранбаев ірі футбол клубтарының қалай жұмыс істейтінін зерттеген. Кәсіпкер футболға бизнес жоба ретінде қарайтынын жасырмады. 

“Біз мұны бастапқыдан-ақ бизнес жоба ретінде қарастырдық. Кейбір процестермен әлі де жұмыс істеу керек. Бірақ барлық үрдіс бизнес жобамен байланысты болады. Футбол клубы басқа жолмен дами алмайды. Өйткені бұл процестерсіз алға жылжу қиын. Мен клубты сатып алдым. Маған оны ешкім бере салған жоқ. Мен оны қомақты қаржыға сатып алдым. Сөйтіп “Қайрат” футбол командасының дамуымен айналыса бастадық. Қандай процесс бастасақ та, біз бизнес жобаны ескереміз”, – дейді Қайрат Боранбаев.

Кәсіпкер қазақстандық футбол командасының кемшіл тұсын да атап өтті.

“Мен көптеген халықаралық ірі компаниялармен жұмыс істедім. Сөйтіп бізге білім жетпейтінін түсіндім. Бір кездері осы мәселені қолға алып, біліммен айналыса бастадым. Біз бизнесте қандай процестердің болып жатқанын көріп жүрміз. Бірінші, сен айналысатын дүниені нақты зерттеп алуың қажет. Одан кейін тест бар. Осылайша өнім монетизациялауға лайық па, табыс әкеле ме, жоқ па соған көз жеткізесің. Футбол – өзгеше сала. Оны қолға алмас бұрын мен қазақстандық футболшылардың бүкіл жүйесі құрылатынын түсіндім. Біз бастапқыда қазақстандық футболшыларды өзімізге шақырдық. Исламханды, Еркошты (Еркебұлан Сейдахмет), Жуковты (Георгий Жуков) Қазақстанға мен әкелдім. Артур Мергелмен келісе алмадық. Бірақ мұндай жағдай футболда болып тұрады”, – дейді ол.

Қайрат Боранбаев адамдардың “Қайрат” футбол клубы брендіне деген сенімін қайтара алдық деп санайды. “Қайрат” көптеген трофейді жеңіп алды. Кәсіпкер алдағы уақытта да клубтың талай белестерді бағындыратынына сенімді. 

“Мен мұнымен мақтанамын. Өйткені мұндай жетістікке аз уақытта жеттік. “Қайраттың” жеке меншікке өткеніне 10 жыл уақыт болыпты. Біз құрған жүйе кез келген футболға құштар қазақ баласы осы салада өзін көрсете алатындай мүмкіндік беруге бағытталған”, – дейді кәсіпкер. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары