Ол жазбасын «Армысыздар, достар» деп қазақша бастаған.
Футболдан Қазақстан құрамасының жаңа бас бапкері Станислав Черчесов қазақ тілін үйренуге ден қойды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Жақында ғана қызметіне кірісіп, тілшілерге арнайы брифинг өткізген Қазақстан құрамасының бас бапкері қазақша сұрақ қойған тілшінің сауалына шамданған еді. Бұл жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, сынға ұшырады.
Бүгін орыстілділерге жеке әдістемесі бойынша қазақ тілін оқытатын маман, әрі «Ситуативный казахский» кітабының авторы Қанат Тасыбеков ресейлік жаттықтырушының қазақ тілін үйренуге келгені жайлы жазды.
Ситуативный казахский әдістемем бойынша бірінші сабақты өткіздік. Тілдерге деген қабылеті бар екен Станислав мырзада (неміс тілін өз бетімше оқып үйрендім деді мысалы), ал ең бастысы, қазақ тілді үйренуге ынтасы, ниеті бар адам екен. Олай болса, тәуекел, біз бастадық, сәттілік тілеп қойсаңыздар болады бізге, - деп жазды Қанат Тасыбеков.
Сондай-ақ қазақ тілін үйренуді бастағанын Станислав Черчесов де инстаграм парақшасында хабарлады. Жазбасын «Армысыздар, достар» деп бастаған бас бапкер дәріс барысынан үзінді-бейне бөлісіпті.
Мен Қазақстанда, осы ғажап әрі қонақжай елде болғаныма шын жүректен қуаныштымын. Алда атқаратын жұмыс көп, осы қиын жолда бізге түсіністікпен қарап, қолдау көрсетулеріңізді сұраймын. Ерік-жігерімізді біріктірсек қана үлкен нәтижелерге қол жеткізе аламыз.
Бүгіннен бастап қарым-қатынасымыз бен түсінігімізде маңызды рөл атқаратын қазақ тілін үйрене бастадым. Бүгін мен бірінші сабағымды өткіздім. Бұл маған осы жерге тезірек сіңісіп, еліңіздің мәдениеті мен дәстүрін жақсырақ түсінуге көмектесетініне сенімдімін, - деді Черчесов.
Соңында «Рақмет» деп алғыспен аяқтаған.