$ 494.87  520.65  4.91

Бүгін «Нұрикамал» әнінің авторы Ханбибі Есенқарақызының туған күні (ВИДЕО)

Өлең­де­рінде бүгінгі қоғамдағы кемшін тұстарды қалт жібермейді.

Бүгін ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Ханбибі Есенқарақызы 75 жасқа толды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

"...Қазақ жыры кіріспесі Бұқар жыраудан басталатын үлкен бір том болса, Ханбибінің ақындық шығармашылығы сол алтын әріпті томның айшықты бір беті деуге әбден лайық" 

Фариза Оңғарсынова

ақын, ҚРМемлекеттік сыйлығының лауреаты

Ханбибі Есенқарақызының шығармашылық лабароториясы, ақындық тұлғасы жөнінде Әбіш Кекілбаев ағамыздан бастап, қаншама ақын-жазушы, әдебиет­танушы ғалымдар жү­рек­­­жарды пікірлерін айтып, бас­па беттерінде жарыққа шы­ғар­ды. 

Ханбибі ақынның 10 томдық шы­ғармалар жина­ғы­ның ал­ғаш­қы томында 1972-1997 жылдар арасындағы шығар­ма­ла­рының ішіндегі таңдамалы туындылары жарияланған. 

Ханбибі апамыз өзінің өлең­де­рінде бүгінгі қоғамдағы кемшін тұстарды қалт жібермейді. Тіпті алда болатын игілікті істерді елден бұ­рын болжап, өлеңіне арқау етеді.

Тұранымды ұмыттым,

Ұранымды ұмыттым.

Құранымды ұмыттым,

Сонда нені ұғыппын –

деп күллі қазақ баласының түбі бір түркі жұртының рухани астанасы Тұран туы астында бірігіп, басқосуын армандайды. Бүгінгідей Түркістан қаласы облыс орталығына айналған уақытта ақынның осыдан жиырма бір жыл бұрын асқақ арманмен жазылған өлеңінің ақиқатқа айналып келе жатқанына іштей қайран қаласың, - дейді замандасы жайлы қалам тартқан ақын Анар Жаппарқұлова.

Ханбибі Есенқарақызы 1949 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданында туған. Еңбек жолын туған жерінде ұстаз болып бастады. Шымкент педагогикалық институтының филология факультетін 1972 жылы сырттай тамамдаған.

Институтта оқып жүріп Макаренко атындағы мектепте мұғалім, 196872 жылдары Сарыағаш аудандық «Қызыл ту», «Красное знамя» газеттерінде әдеби қызметкер, 1973-80 жылдары облыстық халық шығармашылығы орталығында бас маман болып қызмет атқарған.

1987 жылы облыстық «Қайырымдылық және денсаулық қорын», 1989 жылы облыстық «Қазақ тілі» қоғамын басқарған. Бұл салада ол мемлекеттік тілдің кең ауқымда өмірге енуіне ат салысып, «Тіл туралы» заңның жобасын жасауға қатысады. 

2003 жылдан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының директоры. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі.

«Қанат қақты», «Бұлтсыз аспан», «Жұлдызым», «Жангүлім», «Жан айқайы», «Махаббат мәңгілік», «Жыр кітабы», «Сыр кітабы», «Шындыққа қарай жүздім» атты прозалық кітаптардың авторы.

Өлеңдері орыс, украин, өзбек, якут тілдеріне аударылды.

Әнге айналған «Алтынай», «Нүрикамал», «Қадиша», «Дос іздедім», «Көңілгүл», «Махаббатөмірлері» халық арасына кеңінен таралды.

Сарыағаш ауданының Құрметті азаматы. «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер» атағына ие болды.

«Парасат» орденімен және «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталған.

Ақын Ханбибі Есенқараева жақында ғана "Менің өмірім" бағдарламасына берген сұхбатында марқұм жолдасы Тұрдықылыш Ізтаевтың 50 жасында бір әйелмен көңіл қосқанын білгенде тыныштықпен бақыт тілеп, жібергенін айтқан болатын.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 4
Ұнамайды 1
Күлкілі 1
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары