Алкогольді тұтынуды азайтып, оның заңсыз сатылымына тосқауыл болу үшін заң қабылданды.
Елімізде алкоголь өнімдерін тұтыну деңгейі өте жоғары. Осы тұста билік басындағылар қоғамдық жақсарту мен тәуелділікті жеңуге бағытталған түрлі бағдарламалар мен іс-шараларға инвестиция салып алкоголь және темекі шегу проблемаларымен белсенді түрде күрес жүргізіп жатыр. Қазақстан инвестиция жасайтын негізгі әдістердің бірі - алкоголь мен темекі өнімдерінен келетін қауіптің салдарын ескерту және оларға қолжетімділікті шектеу болып отыр. Skifnews.kz ақпарат порталы бүгінгі материалында зиянды заттар мен оларға қарсы күрестің түрлері туралы кеңінен тарқатпақ.
2014 жылы құрамында 30%-ға дейін этил спирты бар алкогольді өнімдерді кешкі сағат 23:00-ден бастап таңғы 8-ге дейін сатуға тыйым салынатын заң енгізілді. Олардың қатарына спиртті сок, морс, ароматты спирт, шарап, сыра және тағы басқа өнімдер кіреді. Ал арақ, коньяк сияқты құрамында 30%-дан аса этил спирты бар күшті алкогольді өнімдерді кешкі 21:00-ден түскі сағат 12-ге дейін сатуға тыйым салынды. Сонымен қатар темекі шегуге қарсы бағытталған саясат аясында кәмелет жасына толмағандарға темекі өнімдерін сатуға және жарнамалауға қатаң шектеулер енгізілген болатын. Оған қоса Қазақстан темекінің зиянына назар аударуға арналған темекіге қарсы бір апта сияқты халықаралық іс-шараларға да белсенді қолдау көрсетеді. Қазақстандағы алкоголизм мен темекі шегуге қарсы күрестің негізгі бағыты - оғантәуелд ілігі бар жандарға көмек көрсетуге арналған медициналық инфроқұрылымды дамыту. Елімізде алкоголизм және темекі шегумен күресуге бағытталған кеңес беріп, психологиялық көмек көрсететін көптеген амбулаториялар мен орталықтар бар. Одан бөлек алкоголь мен темекі шегудің қауіпі мен олардың тәуелділігінен арылу туралы ақпараттарды хабарлау науқандары тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Тағы бір маңызды бағыттардың бірі тәрбиелік іс-шаралар. Елімізде алкоголь мен темекі шегудің тек тұтынушыға ғана емес, оның айналасындағыларға да әкелетін зияны туралы хабарлау іс-шаралары белсенді жүргізіліп тұрады. Ол үшін жоғарғы оқу орындарында және қоғамдық орындарда лекциялар мен тренингтер ұйымдастырылады.
ДДСҰ мәліметіне сүйенсек, елімізде алкогольді ішімдікті тұтыну деңгейі көңіл көншітпейді. Орта есеппен республикамыздың әрбір ересек тұрғыны жылына шамамен сегіз литр алкоголь тұтынады. Бұл – әлемдік орташа көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Соңғы тіркелген мәліметтерге қарап баға беретін болсақ, ересек ел тұрғындарының 27%-ы темекі тұтынады. Яғни, әрбір үшінші адам темекіге тәуелді. Шылым шегетін ерлердің үлесі 36%-ды құраса, әйелдер үлесі 19%-ды құрайды.
Алкогольді тұтынуды азайтып, оның заңсыз сатылымына тосқауыл болу үшін заң қабылданды. Заңда қарастырылған негізгі шаралардың бірі сатылым уақытын шектеу болды. Осылайша алкогольден келетін қауіп деңгейі көтерілген уақытта оған қол жеткізу мүмкін емес болады. Сондай-ақ заңды бұзып, рұқсат етілмеген уақытта оны сатқандар үшін де жауапкершілік күшейтілген. Ішімдік өнімдерінің жасырын жарнамасын болдырмау үшін осы мәселеге қатысты кейбір нормаларды алып тастау қарастырылған. Бұл алкоголь жарнамаларының қоғамға тигізетін кері әсерімен күресуге бағытталған.
Осы тұста тағы бір айта кететіні спирттік өнімдерді сатуға тыйым салынған орындар тізімінің кеңейтілуі. Бұдан былай қоғамдық орындарда ғана емес, денсаулық сақтау, білім беру, спорттық-сауықтыру орталықтары мен басқа да ұйымдарда аталмыш өнімге қатысты тыйым күшейді. Сонымен қатар этил спирті мен алкоголь өнімдерін өндіретіндер үшін лицензия беру алымы көбейтілді. Аталмыш шара спирттік өнімді өндіру мен оны пайдалану деңгейін төмендетуге бағытталған.
Тағы бір өзгеріс алкоголь өнімдерін көтерме және бөлшек саудада сататын субъектілердің лицензиялық алымды жыл сайын төлеуін белгілеуге қатысты болып отыр. Сондай-ақ алкоголь өнімін өндіру мен оны өткізуге бақылау бұрынғыға қарағанда күшейді. Бұл өзгеріс алкоголь өнімдерінің сапасын бақылауға алуға көмектеседі.
Жасыратыны жоқ алкоголь өнеркәсібі біраз елдің экономикасы үшін маңызды рөл атқарады. Әйтсе де тұтынушылардың қауіпсіздігі үшін оны бақылауға алудың маңызы үлкен.
2021 жылдың 1 шілдесінде Қазақстанда темекі және темекі өнімдерін, кальянға арналған өнімдерді, кальяндық құрамаларды, электронды темекілер мен оған арналған сұйықтықтарды ашық қоюға қарсы заң күшіне енген еді. Бұл жаңа шектеу жоғарыда айтылған тауарлар сатылатын барлық сауда нүктелеріне қатысты.
Жаңа заңға сәйкес, темекі мен басқа да темекі бұйымдарын ашық көрсеткен жағдайда сауда нүктелерінің иелеріне 180 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін айыппұл салынады. Бұл ретте айыппұл мөлшері кәсіпорынның көлеміне байланысты. Жеке тұлғалар үшін айыппұл – 15 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін – 30 АЕК, орта бизнес үшін – 50 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін – 70 АЕК болады.
Бұдан бөлек ел жастарының жаман әдеттерге әуестенуі де мемлекетті алаңдатқан мәселеге айналып отыр. Осы орайда Қазақстан алкоголь мен темекі өнімдеріне қарсы күрестің жаңа бағдарламаларын әзірлеп, оларды іске асыруға және салауатты өмір салтын насихаттайтын жобалардың көбеюіне, ақпараттық науқандарды көптеп өткізуге белсенді түрде инвестиция құюда. Сауда орындарында темекі бұйымдарына тыйым салу, оларды барынша тартымсыз көрсету жастар арасында бұл індетпен күресуде оң нәтиже беріп келеді.