$ 494.87  520.65  4.91

Қазақстан қауіпсіз қоғам құру жолында: ODARA Халықаралық жобасы туралы толығырақ

Бұдан бөлек, ел азаматтары үшін қауіпсіз қоғамды қалыптастыру мақсатында Халықаралық жобалар да жүзеге асырылуда.

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, құқығын қорғайтын заң жобасын мақұлдады. Осы орайда Skifnews.kz ақпарат порталы аталмыш заң жөнінде және зорлық-зомбылықпен күрес жолында көмекке келетін Халықаралық жоба туралы толық ақпар ұсынбақ.

Соңғы уақыттарда қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі кеңінен талқыланып, ашық айтыла басталды. Өз кезегінде мемлекет басшысы да Үкіметке жоғарыдағыдай құқықбұзушылықтар үшін заңды күшейтуге бірнеше рет тапсырма берген еді. Бұдан бөлек өзінің Жолдауларында да елде болып жатқан түрлі зорлық-зомбылықтың деңгейін төмендетуді тілге тиек етіп келеді. Осылайша сәуір айында көптен күткен заң жобасы қабылданды.

Осы тұста қоғамды дүр сілкіндіріп, резонансқа айналған Қуандық Бишімбаевқа қатысты істі атап өтпеске болмайды. Бұл біздің қоғамда болған бірінші және соңғы жантүршігерлік оқиға емес. Әйелдер мен балалар көп жерлерде әсіресе еліміздің Оңтүстік өңірлерінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жиі ұшырайды.

Соңғы бір жылда Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының мәліметі бойынша полицияға күн сайын 300-ге жуық арыз-шағым түседі. Бұл жәбірленушілердің көмекке жүгіну деңгейінің өскенін көрсетеді. Яғни, Қазақстан қауіпсіз елге айналып, халықтың құқық қорғау органдарына және Президент сөзінің маңыздылығына сенім артуды үйреніп келе жатқандығының бір көрінісі.

Қабылданған заң аясында нәзік жандылар мен балалардың қауіпсіздігі алдынғы орынға шығады. Енді оларға зиян келген жағдайда заң жүзінде жәбірлеуші өз жазасын алатын болады. Сондай-ақ балаларға жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткендер де жазасыз қалмайды. Бұдан бөлек сарапшылар заңнаманың кейбір әлсіз әрі түсініксіз тұстарын да пысықтап өтті.

Бұдан бөлек, ел азаматтары үшін қауіпсіз қоғамды қалыптастыру мақсатында Халықаралық жобалар да жүзеге асырылуда. Солардың бірі – ODARA жобасы. Аталмыш жоба полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық саласын жан-жақты талдауға мүмкіндік береді. Әйелдерді қорғауға бағытталған бұл жоба 13 сұрақты қамтиды. Өз кезегінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, оның қайталану деңгейіне баға беруге көмектеседі.

Сондай-ақ агрессорлармен жұмыс істеу де қарастырылған. Олар арнайы оқытылған мамандармен психокоррекция курстарынан өтеді. Алматы ПД орынбасары А. Елеусізовтің мәліметінше, дәл осы курстардың нәтижесі көңіл қуантуда. Өйткені 100 адамның ішінде тек біреуі ғана екінші рет заң бұзған.

Аталмыш жобаны жүзеге асырушылар мектеп жасындағы оқушылардың бойында дұрыс құндылықтарды қалыптастырудың да маңызды екенін айтты. Сол себепті жоба аясында оқушылардың өз үйінде көргісі келмейтін зорлық-зомбылық белгілерін анықтау үшін түрлі суреттерді қолдану басталып кетті. Осындай жұмыстар арқылы олар шығармашылық қабілеттерін шыңдап, үлкенге көмектесуге, кішіге күш қолданбауға дағдыланады. Бұл мектеп кезінде бала бойында сіңіруі керек негізгі міндеттер.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда әлеуметтік, медициналық, психологиялық-педагогикалық, еңбек, мәдени-экономикалық және заңгерлік қызмет көрсететін 49 дағдарыс орталығы бар. Өткен жылдың қаңтар-қараша аралығында дағдарыс орталықтарында 4223 адам арнаулы әлеуметтік қызмет алған және оның 2957-сі балалар.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың дер кезінде қабылдаған өзекті шешімін қоғам тұтас қолдап отыр. Зорлық-зомбылықты заңдастыру қазіргі қоғам үшін аса маңызды. Әрі бұл жаһандық деңгейде гуманизм мен ынтымақтастық деңгейін көтеру үшін де керек.

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңға енгізілген өзгерістердің арқасында еліміздегі әрбір әйел мен бала өзін қауіпсіз әрі қорғалған азамат ретінде сезіне бастады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары