ШЫҰ негізгі мақсаттарының бірі - мүше мемлекеттер арасындағы өзара сенім мен татулықты нығайту.
2024 жылғы 3-4 шілдеде Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтеді және Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің елімізге мемлекеттік сапары басталады. Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ның алдағы Астана саммиті «Көпжақты диалогты нығайту – тұрақты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» ұранымен өтетінін мәлімдеген болатын. Саммит бағдарламасында лаңкестік, сепаратизм және экстремизммен күресу бойынша ынтымақтастық бағдарламасын қабылдау қарастырылады деп күтілуде. Сонымен қатар, ШЫҰ-ның есірткіге қарсы стратегиясын талқылау жоспарланған.
Осы тұрғыда Қытайды зерттеушілер қауымдастығының төрағасы, саясаттанушы Қазбек Майгельдинов ШЫҰ қазіргі таңдағы халықаралық мәртебесі жайында пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бүгінгі таңда Шанхай ынтымақтастық ұйымы – қоғамда ірі геосаяси, геоэкономикалық тұрғыдан құрамында ірі державалары бар ұйым. Яғни, Қытай, Ресей, одан бөлек Орталық Азия елдері кіреді.
Сарапшының айтуынша, ШЫҰ мүше мемлекеттердің үлесіне әлемдік жалпы ішкі өнімнің шамамен 30-дан астам пайызы, әлем халқының 40-тан астам пайызы тиесілі. Бұл көрсеткіш осы ұйымның рөлін, оның қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
«ШЫҰ негізгі мақсаттарының бірі - мүше мемлекеттер арасындағы өзара сенім мен татулықты нығайту. Одан бөлек сауда, экономика, технология, мәдениеттегі ынтымақтастықты дамыту. Ең бастысы, үш қауіпке, яғни «терроризм, экстремизм және сепаратизмге қарсы» өмірдегі бейбітшілікті, қауіпсіздікті бірге қамтамасыз ету. Сондықтан осы тұрғыдан алған кезде еліміздің ШЫҰ-на төрағалығы шын мәнінде жоғары деңгейде өтті десек болады. Қазақстан өз төрағалығында бұл ұйымның күн тәртібіндегі мәселелерді ғана қозғаумен емес, одан бөлек осы ұйымның Шанхай рухын көтеру, маңыздылығын арттыру мақсатында бірқатар іс-шара өткізді. Жалпы 100-ден астам іс-шара өтті деп айтуға болады. Оның ішінде, түрлі ведомствоның кездесуі, мүше мемлекеттердің энергетикалық қауіпсіздік мәселесі көтерілді, іскерлік кеңестер өтті. Ең бастысы терроризм, экстремизм және сепаратизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастыққа байланысты өткен отырыстарды атап өтуге болады», - деді Қазбек Майгельдинов.
Сонымен қатар ол Қытай халық республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің мемлекеттік сапарына тоқталып, Қазақстан-Қытай арасындағы маңызды бастамаларға егжей-тегжейлі тоқталып өтті.
«Жалпы Си Цзиньпиннің сапарына келетін болсақ, ҚХР-дың төрағасы елімізге сапары аясында бүгін мақаласы жарық көрді. Мақаланы зерделеп қарайтын болсақ, алдағы сапардың негізгі бағыттарын атап өткен сияқты.
Біріншіден, әрине ол екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға басты назар аударып отыр. Мысалы, Қытай Халық Республикасы еліміздің территориялық біртұтастығын, еліміздің тәуелсіздігін және де ұлттық бірегейлігіне маңызды басымдық беріп отыр. Бұл көрші елдің Қазақстанның тұрақтылығына, дамуына оң көзқараспен және қолдаумен қарайтынын көруге болады. Ірі державалардың осындай кепілдік беруі өте маңызды.
Екіншіден, бұл әрине экономикалық байланыстарды нығайту. Бұл инфрақұрылым, энергетика, саудадағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру.
Си Цзиньпин мырза өз мақаласында «Бір белдеу – Бір жол» бастамасымен Қазақстанның «Әділетті Қазақстан» экономикалық бағдарламасын ұштастыруды ұсынып отыр. Бұл өте маңызды. Яғни, екіжақты әр мемлекет өз мүдделерін көздей отырып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін көрсетеді.
Үшінші бағыт – әлеуметтік бағыт деп атап өткен. Бұл унитарлық қарым-қатынасты күшейту. Бұл жерде маған ұнағаны Пекин Астанаға ғылыми зерттеулерді, мәдени байластарды бірлесіп нығайтайық, бірлескен жобаларды жүзеге асырайық деген ұсыныс жасап отыр. Мысалы, Қытайды зерттеушілер қауымдастығы осыдан екі жыл бұрын дәл осы мақсатта құрылған болатын. Яғни, екі ел сарапшыларының бірлескен жобаларға ұйытқу болу мақсатында. Бұл екі елдің бір-бірін терең зерттеуге, білуге мүмкіндік береді.
Төртінші бағыты – мәдени және білім беру ынтымақтастығы. Одан бөлек, қауіпсіздік мәселесіне аса мән беріп отыр. Бұл мәселе Қазақстанның да күн тәртібінен шыққан емес. Біздің елде Мемлекет басшысы өңірлік, ұлттық әрі халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде әлемде бейбітшілікті орнатуда ұсыныстарын, бастамаларын әрдайым БҰҰ-ның мінберінен де, ШЫҰ аясында да ұсынып жүр», - деді саясаттанушы.
Сонымен қатар, ол қазақ-қытай қарым-қатынасына тоқталып, Қытай нарығының мүмкіндіктері жайлы айтты.
«Си Цзиньпиннің сапары Қытайдың халықаралық саясаттағы маңызды рөлін және оның Қазақстанмен байланысын нығайтуға ұмтылысын айғақтайды деп айтуға болады. Қытай – жетекші экономикалық ел бола отырып, Қазақстан сияқты мемлекетпен өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға бастамаларын ұсынып отыр. Қазақстан да мемлекеттік мүдделерін ескере отырып, осындай ынтымақтастықты ілгерілетуге дайын екенін көрсетіп отыр. Алдағы өтетін ШЫҰ, ҚХР төрағасының мемлекеттік сапары аясында қазақ-қытай қарым-қатынасының жаңа парағы ашылады. Бұл тұрғыда ең бастысы өзіміздің экономикалық, технолгиялық және жалпы халықаралық аренадағы рөлімізді анықтауда өте маңызды оқиғалар болмақ. Ең бастысы – еліміз Қытай нарығына үлкен жол ашып, нарығының мүмкіндіктерін пайдаланып жетістіктерін өз кәдемізге жарататын болсақ, бұл әрине ел экономикасының дамуына, еліміздің халықаралық аренадағы мәртебесіне де тек қан оңтайлы әсер етеді», - дейді сарапшы.