Демалу мәдениетін әлі дамытпағанымыз өкінішті.
Ақтаулық танымал блогер Азамат Сәрсенбаев қазақстандықтардың өміріндегі тағы бір түйткілді мәселені көтерді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұл жолы оның назары теңіз жағасында әр-әр жерде үйілген қоқысқа түсті. Ол демалушылардың қоқысқа толы жерде жайбарақат отыра беретініне кейіді.
Маңғыстауда демалу мәдениетін әлі дамытпағанымыз өкінішті. Үйіліп тұрған қоқыстың маңында жайбарақат тамақтанып, демалатындардың барына таңғаламын, – деп ағынан жарылды қоғамдағы мәселелерге бей-жай қарай алмайтын белсенді азамат.
Желі қолданушылары Азамат Сәрсенбаевтан қалыс қалмай, әсем табиғатқа зиян келтіргендерге қатысты пікір жазды.
"Өздері қаладағы инженерлік желілер жұмыс істемей жатыр деп шағымданады! Ең әуелі, тазалақты өзінен бастасын!", "Қазіргі ұрпаққа үміт артудың керегі жоқ. Әлі тазалықты неліктен сақтау керек екенін түсінбейді. Көп ересек үшін жеген затын қоқыс жәшігіне апару ұят болып саналады", "Бір күн бұрын Rixos Water World Aktau артындағы жағажайда көрші елден келген құрылысшылар суға шомылып, қоқыс тастап жатқан", "Санасы жоқ адамдар шаршатты-ау, оның артын сол баяғы еріктілер жинайды", – деп оқырмандар наразы болды.
Енді бірі жағадағы қоқысты жинауға барша маңғыстаулықтарды шақырып, ұсыныс жасады.
"Осы апта сенбілік ұйымдастырып, барып жинап тастайық. Сенде оқырман көп. Менде борт газелі бар. Бәріне хабарландыру жаса. Әкімдік те мүмкін камаз беріп қалар. Отырып алып, жамандай бергеннен ешнәрсе шықпайды. Іспен дәлелдейік", – деп жазды Жолдас есімді желі қолданушысы.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Ішімдік ішетін жерге айналдырған: Ақтөбеде ұлы тұлғалар жерленген қорым қоқысқа толы