Жалпы сомасы 3,4 млрд теңгеге 291 өтінім келіп түсті.
Су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі залалды өтеу үшін Үкімет резервінен ақша бөлінгенімен, өтініш берген бизнес өкілдерінің үштен бірі ғана өтемақы алған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлім етті.
Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілерінен жалпы сомасы 3,4 млрд теңгеге 291 өтінім келіп түсті.
Қаражат қазірдің өзінде өңірлерге Үкіметтің резервінен бөлінді, бірақ өтініш берушілердің үштен біріне ғана жетті.
Осыған байланысты вице-премьер «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ескертулерін назарға ала отырып, бизнеске төлем жасаудың әдістемесін пысықтауды, оның ішінде АӨК кәсіпкерлеріне келтірілген залалды өтеуді тапсырды.
Мұндай бюрократия тұрғындар арасында наразылық тудырады. Осы жағдайды анықтау үшін бұл істі қолға аламын. Біз су тасқыны туралы емес, су тасқыны мысалында әрекет ету жүйесінің дайындығы туралы айтып отырмыз. Біз ТЖ-ға тез ден қойып, зардап шеккен азаматтар мен ШОБ үшін қажетті көмекті жедел жеткізуіміз керек. Жұмыс тобын құрып, барлық рәсімдерді жеңілдетіңіздер, — деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Шағын және орта бизнестің мүлік шығынын өтеуге қанша қаражат бөлінді?
Қазақстандағы алапат су тасқынынан кейін шағын және орта бизнестің мүлік шығынын өтеу үшін Үкімет резервінен 12 млрд теңге бөлінеген еді. Бұл қаржы Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының бюджетіне аударылады. Зардап шеккен бизнеске келтірілген залалды өтеу жұмысы басталған. Шілде айының басында өңірлік комиссиялар шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеге 178 өтінімін қарап мақұлдады.
Әкімдіктердің алдын ала бағалауы бойынша, 746 шағын және орта бизнес нысаны зардап шеккен. Олардың қатарында азық-түлік дүкендері, кафе, ТҚКО, қонақүй және басқалары бар.
Бұған дейін төтенше резервтен Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарындағы электр желілерін қалпына келтіруге 2,4 млрд теңге бөлінген. Су тасқыны болған өңірлерде инфрақұрылымға келтірілген шығын көлемі 53 млрд теңгеге жеткен.
Осыған дейін Қазақстан Үкіметі су тасқын салдарын жоюға миллиардтаған қаржы аударған елдер, компаниялар мен кәсіпкерлердің тізімін жариялады. Тізімде екі елдің қолдау көрсеткені туралы жазған. БАӘ-нің Қазақстандағы елшілігі (880 млн теңге) мен Сербия үкіметі (470 млн теңге) аударған.
Кәсіпкерлер шығыны қалай өтеледі?
Ұлттық экономика министрлігі шығарған бұйрыққа сәйкес, шағын және орта бизнес өкілдеріне шығындарды өтеу иелігіндегі жоғалған мүліктің немесе сол мүлікті қалпына келтіруге жұмсалған шығындардың құнына өтем жасау арқылы іске асырылады.
Комиссия сақтандырылған мүлікті тізімге қоспайды. Жоғалған, зиянға ұшыраған тауарлардың құны көтерме сауда жеткізушілерден сатып алу бағасы бойынша өтеледі.
Мүліктің құнын өтеу үшін негіз ретінде мүліктік шығындарды анықтайтын өңірлік комиссияның шешімі қарастырылады.
Кәсіпкерлерден өтемақы туралы өтініштер 2024 жылдың 30 қарашасына дейін қабылданады.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы қазақстандық банктер су тасқынынан зардап шеккен борышкерлердің несие төлеу мерзімін кейінге шегеретінін мәлімдеген-ді.
Өз тарапынан банктер келесі қолдау іс-шараларын көрсетуге дайын екендіктерін растады:
– 2024 жылғы 1 сәуірден 30 маусымға дейінгі мерзімге жергілікті атқарушы органдардың тізімдері бойынша су тасқынынан зардап шеккен қарыз алушылардың несиені өтеу мерзімін ұзарту;
– 2024 жылғы 1 сәуірден бастап 30 маусымға дейінгі кезеңде су тасқынының теріс әсерінен қаржылық жағдайы нашарлаған қарыз алушылардың төлемдерін уақтылы өтемегені үшін өсімпұлдар есептелмейді;
– Су тасқыны салдарынан шаруашылық қызметі тоқтап қалға жеке кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес субъектілерінің несиелік міндеттемелерін орындау кейінге қалдырылады.
Төлемді кейінге шегерудің нақты тетiктерiн әр банк жеке анықтайды
«Төлемді кейінге шегерудің нақты тетiктерiн әрбiр екiншi деңгейдегi банк дербес айқындайды. Оның ішінде банкке тиiстi өтiнiштер беру және форс-мажорлық мән-жайлардың туындауын растайтын құжаттарды ұсыну бар. Осы тетіктердің сипаттамасы және қарыз алушыларға қажетті барлық қадамдар жақын арада банктердің ресми сайттарында жарияланады», – деп хабарлады Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Су тасқыны: Әр облысқа демеуші олигархтар бекітілді