$ 498.34  519.72  4.85

Су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы қалай төленуде?

Үкімет басшысы Министрлер Кабинетінің назарын су тасқыны кезінде зардап шеккендерге келтірілген шығындарды өтеу жұмыстарына аударды. Қазіргі уақытта 11 мыңға жуық отбасы 100 АЕК мөлшерінде төлем алды.

Фото: tobolinfo.kz
Фото: tobolinfo.kz

Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккендерге 4,8 млрд теңге біржолғы өтемақы төленді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Үкіметтің 29 сәуірдегі жағдай бойынша хабарламасында су тасқынынан зардап шеккен қазақстандық отбасыларға 4,8 млрд теңге біржолғы өтемақы берілді.

Төлем сомасы 100 АЕК – 369,2 мың теңге. Осы күнге дейін 13 259 отбасы аталған өтемақыны алды.

Сондай-ақ, қазақстандықтарға өлген мал үшін жалпы сомасы 278 миллион теңге өтемақы төленді. Су тасқынынан зардап шеккендер шығынды өтеу үшін 22 475 талап-арыз берді.

Су басу аймақтарында 3956 тұрғын үй тексеріліп, 2649 нысан бағаланды. 524 үйді жөндеуге 670 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді.

«Залалды өтеу жұмыстары жалғасуда және үкіметтің қатаң бақылауында», – деп жазылған хабарламада.

Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккендерге 369 мың теңгеден төленді

Бүгінде арнайы құрылған өңірлік комиссияларға Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Абай және Ұлытау облыстарының тұрғындарынан 13 577 өтініш келіп түскен.

Үкімет баспасөз қызметінің мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жойқын су тасқыны салдарынан зардап шеккен азаматтарға келтірілген залалды бағалау және өтеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Олжас Бектенов су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға 150 АЕК-ке дейін өтемақы төлеуді тапсырды

Фото: primeminister.kz

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықовтың, батыс өңірлердің, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының әкімдерінің су тасқынына қарсы іс-шаралар туралы баяндамалары тыңдалды.

Үкімет басшысы атап өткендей, елімізде су тасқыны жағдайы біртіндеп тұрақталып келеді. Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарында қауіптің беті қайтты. Өте күрделі ахуал қалыптасқан Петропавл және Құлсары қалаларында су тартыла бастады.

Жұмыс уақытында ТЖ аймақтарынан барлығы 119 мыңнан астам адам қауіпсіз аймаққа көшірілді. Бүгінде Үкіметте, Төтенше жағдайлар министрлігінде, өңірлерде жедел штабтар тәулік бойы жұмыс істеуде. Проблемалардың барлығы жергілікті жерлерде жедел қаралып, шұғыл шешімдер қабылдануда.

Үкімет басшысы Министрлер Кабинетінің назарын су тасқыны кезінде зардап шеккендерге келтірілген шығындарды өтеу жұмыстарына аударды. Қазіргі уақытта 11 мыңға жуық отбасы 100 АЕК мөлшерінде төлем алды.

«Зардап шеккендерге келтірілген шығындарды өтеу тәртібіне түзетулер бекітілді. Кеше мен тиісті қаулыға қой қойдым. 100 айлық есептік көрсеткішке тағы 150 АЕК-ке дейін өтемақы төлейтін боламыз. Оған адамдар тоңазытқыш, үстел, орындықтар, ыдыс-аяқ, киім-кешек сияқты жоғалған бірінші кезектегі қажетті заттарды сатып ала алады. Азаматтарға айтатыным, сабырлық сақтаныңыздар. Ешкім де көмексіз қалмайды Бұл мәселелердің барлығы Президенттің және менің жеке бақылауымда. Сондықтан біз осы сынақтан аброймен өтеміз деп білемін», – деді Олжас Бектенов.

Сондай-ақ кәсіпкерлердің шығындары өтеледі. Сонымен қатар Премьер-Министр кейбір өңірлерде су басу қаупі әлі де сейілмегенін атап өтті. Өзендерде су деңгейінің көтерілу фактілері тіркелуде. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігіне әкімдіктермен бірге су тасқынына байланысты жағдайға бақылауды күшейтуді жалғастыру және қажет болған жағдайда шұғыл әрекет етіп, халықты көшіруді қамтамасыз ету тапсырылды. Экология министрлігі су объектілері мен өзендерде гидробекеттер санын ұлғайтуы қажет.

«Өңір әкімдіктері су басқан үйлерді, ғимараттар мен нысандарды тез арада техникалық тексеруді аяқтасын. Су кеткен жерлерде көпке созбай, тасқыннан кейінгі тазарту, дезинфекциялау және қалпына келтіру жұмыстарын бастау қажет», – деді Премьер-Министр.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне тұрғын үйлерді, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша жергілікті жерлердегі барлық жұмыстарды үйлестіру үшін жедел топ құру тапсырылды.

«Құрылыс және жөндеу жұмыстарының нақты жоспары қажет. Бұл жағдай бізге инфрақұрылымды жаңартуға, елді-мекендерді көріктендіруге жаңаша көзқарасты қалыптастырады. Оның үстіне Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Таза Қазақстан» ауқымды акциясы басталды. Баршаңызға Президенттің сөзін естеріңізге салғым келеді, бұл бір реттік акция немесе науқан емес, тұрақты жұмысқа айналуы керек. Бұл елді-мекендерді көріктендіруге қатысты жаңаша көзқарас қалыптастырады», – деді Олжас Бектенов.

Қостанай облысында

Қостанай облысының жергілікті атқарушы органдары су тасқыны салдарын жою, соның ішінде зардап шеккендерге мүлікті қалпына келтіру бойынша жұмыстарын жүргізуде.

864 үй зерттелді, оның 561-і қалпына келтіруге жатады. Бұл үйлерге келтірілген шығын бағаланған соң, тиісті сома төленеді. Қалпына келтірілмейтін 303 үйдің орнына жаңа баспана біреледі.

Оңтүстік өңір тұрғындары және жалпы барлық халық үшін басты көмек - өлген мал үшін өтемақы болып табылады. Залалды өтеу бойынша төлемдер бағалау жұмыстарынан кейін жүргізіледі. Қазіргі уақытта 637 бас малды бағалау бойынша есептер дайын, 64 млн теңге өтемақы төленді.

Зардап шеккен халықты әлеуметтік қолдау жұмыстары су тасқынының алғашқы күндерінен басталған. Бүгінгі күні біржолғы әлеуметтік төлемге 3180 өтініш берілді. 1720 жанұя бойынша 635 млн теңге төленді.

Өтініштерді қабылдау және төлеу жалғасуда.

Қостанай облысында су тасқынының салдарын жоюға жергілікті бюджеттен шамамен 5 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Қостанай облысының әкімдігі қаржы басқармасы басшысының орынбасары Алма Жүсіпова айтты.

Қазір өңірде су тасқыны бойынша жағдай толық тұрақталған. Сондықтан әкімдік шығынды есептеп, залалды өтеуге кіріскен.

«Бүгінде комиссияға 2 439 өтінім түсті. Жергілікті бюджеттен бұл мақсатқа шамамен 5 млрд теңге бөлінді. Алдымен бұл қаржы әлеуметтік төлемге жұмсалады. Содан кейін ақша су тасқынынан зардап шеккендерге, су шайып кеткен жолдарды жөндеуге, ауылдардағы жарықты қалпына келтіруге бөлінеді», – деді Алма Жүсіпова ОКҚ-да өткен брифингте.

Сондай-ақ өңірдегі тасқыннан зардап шеккен халыққа Арқалықтан 31 пәтер сатып алынған.

«Бізге Үкіметтің қосымша резервінен 405 млн теңге бөлінді. Бұл қаржы толық игеріліп, Арқалық қаласынан 31 пәтер сатып алынды. Өңірдегі 1 100 үй тексерілді. Оның ішінде шамамен 700 үйді қалпына келтіруге болады. Оларға өтемақы төленіп, үйлері жөнделеді. 378 үй тұруға жарамсыз деп танылды. Коммуналдық тұрғын үй қорынан үйлер беріледі. Баспана жеке сектордан сатып алынады. Сондай-ақ тағы 30 пәтердің құжаты дайындалып жатыр. Олар тасқыннан зардап шеккен Қостанай ауданының тұрғындарына беріледі», – деді Алма Жүсіпова.

Сондай-ақ Қостанай облысында тасқыннан 981 бас мал қырылған. Оның 806-сы бойынша өтемақы төленіп, 161 млн теңге шығын өтелген.

«Бірыңғай әлеуметтік төлемге тоқталйын, 1 915 өтініш бойынша 739 млн теңге төлем төленді. Өтінім қабылданып жатыр. Өткен аптадан бастап материалдық шығын өтеле бастады. Бұған тұрмыстық техника, жиһаз және тағы басқа заттар кіреді. Алғашқы төлем (70,5 млн теңге) 20-дан аса өтінім бойынша төленді. Саяжайлар бойынша залал өтеліп жатыр. 2 900 саяжай тексерілді. Үкімет бекіткен талап бойынша, біржолғы төлем механизмі негізінде залал өтеледі. Біз түскен өтінімді ұзақ қарамаймыз. Бәрін уақытында тексереміз. Заңға сәйкес барлық өтемақы беріледі», – деді Алма Жүсіпова.

Ақтөбе облысында

Ақтөбе облысында біржолғы әлеуметтік төлемдердің барлығы төленді.

«4 сәуірден бастап өмірлік қиын жағдайға тап болған ақтөбеліктерге қаржылық көмек көрсету мақсатында біржолғы әлеуметтік төлем төлеу жұмыстары жүргізілді», - деп жазылған облыс әкімдігі таратқан хабарламада.

Бүгінгі күні облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен оған қарасты аудандық бөлімдер келіп түскен өтінімдердің барлығын жан-жақты қарап, тиісті қаржыны өтініш иелеріне аударды.

«Облыстағы 2904 отбасыға 939 млн 223 мың теңге берілді», - делінген хабарламада.

Егер қаржылай көмек туралы өтініш түсетін болса, толықтай тексерістен соң, оны төлейді.

Атырауда облысы

Ауылшаруашылығы министрлігі зардап шеккен өңірлерге өтемақы төлеу жөнінде қағида жариялаған болатын.

«Осыған байланысты, шаруашылығы тасқыннан зардап шеккен аудандарда комиссия құрылуда. Өтініштер қабылданып, шығын өтелетін болады. Атырау қаласы аумағында тасқыннан зардап шеккен шаруашылық нысандарының қатарында алма бақтар, егістік алқаптары бар», – деді Атырау облысы ауылшаруашылығы басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы Азат Қапанов.

Ал Жылыой ауданында 1866 отбасы бір реттік әлеуметтік көмек қаржысын алған.

Оралда

Оралда ауқымды құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, оның аясында су тасқынынан зардап шеккендерге 450 үй салынады. Сондай-ақ баспанасынан айырылған азаматтарға қосымша 580 жаңа пәтердің құрылысы жүргізілуде.

Қазіргі уақытта 1 000-нан астам құрылысшы мен ондаған арнайы техника жұмылдырылған. Құрылысты жеделдетіп, зардап шеккен отбасыларды жаңа баспанамен қамтамасыз ету үшін жұмыс екі ауысымда жүргізілуде.

Солтүстік Қазақстан облысы

Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынының шыңы өтті. 3 898 үйді су басты, 2 330 үй су астында қалып отыр. Барлығы 14 388 адам эвакуацияланды. 5 567 адам үйлеріне оралды, 8 821 адам эвакуацияланды. Бұл деректерді ОКҚ брифингінде СҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі бөлімінің басшысы Мадина Түлешова хабарлады.

Ол су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төлеу жөніндегі арнайы құрылған комиссияларға 4 154 өтініш түскенін атап өтті. 3 748 отбасы 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды, төленген қаражаттың жалпы сомасы 1,3 млрд теңгеден асты. 694 үй тексеріліп, 200 үйге бағалау жүргізілді. Кожевенный және Подгора кенттерінде қалпына келтіру-жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бекітілген аудандар механикалық бригадалар және техникамен жұмыс істей бастады. Сондай-ақ Солнечный-2 шағын ауданында зардап шеккендерге арналған тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. 10 жергілікті құрылыс компаниясы «Қазақстан халқына» қорының қаражатына тұрғын үй сала бастады.

Қарағанды облысы

Қарағанды облысында тасқын судан зардап шеккен тұрғындарға, толыққанды көмек көрсетілді. Аймақ бойынша, қарғын судың кесірінен 60 үйге су кірсе, сонын 6-ауы жарамсыз деп танылған. 54 үйге келтірілген шығын толықтай өтеліп, 5 үй сатып алынды. Зардап шеккен отбасылар, жаңа үйлеріне қоныстануда. Алдағы күндері тағы бір отбасына жаңа үй беріледі. Сондай-ақ, Шет ауданында су тасқынынан зардап шеккендерге, 100 АЕК мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек және бүлінген мүлік үшін өтемақы төленді. Мал шығыны да өтелді.

Павлодар облысы

Павлодар облысында су тасқынынан келген залал бойынша барлық өтінім қанағаттандырылған.

Бұл туралы өңір әкімі аппаратының басшысы Дидар Ибраев айтып берді.

«10 сәуір сағат 16:00–дегі жағдай бойынша аймақта су басқан үй жоқ. 2-6 сәуір күндері ТЖ режимі жарияланған Ақтоғай ауданының Жалаулы ауылында үйлерді жыл сайын су басу проблемасын шешу үшін өңірлік жедел штаб сыйымдылығы 200 мың текше метр су болатын 3 жаңа қазаншұңқыр орнату туралы шешім қабылдады. Бұл болашақта ауылды су басу қаупі бар проблеманы кешенді түрде шешуге мүмкіндік береді. Тәулік бойы 12 ауыр техникамен қазаншұңқырларды орнату жұмыстары жүргізілуде», — деді Д. Ибраев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Тұрғын үйлерді су басу қаупі толығымен жойылды, жағдай тұрақтандырылды.

«Бүгінгі таңда 107 отбасы бюджеттен тыс демеушілік қаражаттан 96,7 млн теңге өтемақы алды. Оның ішінде, кеше ғана су тасқыны кезінде үйлері қатты зардап шеккен Жалаулы ауылының 9 тұрғыны бар. Сондай-ақ, Жалаулы ауылында комиссия шешімімен қалпына келтіруге жатпайтын апатты үйлердің орнына салынатын 5 жаңа үйдің құрылысы басталды. Шығынды ERG тобы өз мойнына алды. Үй құрылысын 3 айда аяқтау жоспарланып отыр», - деді спикер.

Бұдан басқа, осы аптада зардап шеккендерге 100 АЕК мөлшерінде біржолғы мемлекеттік әлеуметтік төлем төленеді.

«Осылайша, облыс тұрғындарына су тасқынынан келтірілген залал келіп түскен өтінімдер бойынша толық көлемде өтелді. Бұл ретте өтінімдерді қабылдау сәуір айының соңына дейін жалғасады, ешкім де назардан тыс қалмайды», – деді Д. Ибраев.

Ақмола облысы

Вице-премьер Ақмола облысындағы су тасқыны салдарын жою қарқынын тексерді. Өңірдегі барлық 551 үй қалпына келтірілмейді. 172 отбасына қайталама нарықта тұрғын үй сатып алынды. Сондай-ақ 273 үйдің құрылысы басталды. Жұмыстар Атбасар, Бұланды, Жарқайың және Есіл сынды облыстың төрт ауданында жүргізілуде. Нысандарға 330-ға жуық жұмысшы мен 55 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. "Қазақстан халқына" қоры Бұланды және Жарқайың аудандарында 87 үй салып жатыр.

Мердігерлік ұйымдардың жұмысын Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев тексерді. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, салынып жатқан үйлерде барлық инженерлік коммуникациялар жүргізілген. Жұмыс көлемі бүгінде 40% - ға жетіп отыр.

«Асар Ақмола» қоры Атбасар ауданында 38 отбасы үшін көппәтерлі үй салып жатыр. Мұнда іргетас қалау жұмыстары аяқталып,  кірпішін төсеу жұмыстары басталды. Нысанды тапсырудың жоспарланған мерзімі - қараша айының соңына жоспарланып отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары