Соңғы оқиға оған қысым тудырғаны байқалады, қазір өзін еркін ұстамайды.
Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сот отырысы өтті. Сотта сарапшы жәбірленушінің жай-күйі мен оқиға салдарынан алған психологиялық соққылары туралы айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Stan.kz дерегінше, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыға Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша құқық бұзушылық жасады деген айып тағылып отыр. Гүлмира Сатыбалдының бұрынғы күйеу баласы Абай Жүнісов 2019 жылдың 13 ақпанынан шілдесіне дейін оны алты ай өз еркінен тыс үйқамақта ұстағанын айтып, сотқа жүгінген. Сонымен қатар ол Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелін олардың ортақ бизнесі – Baur Kazakhstan АҚ активтерін тартып алды деп айыптап отыр. Сот процесі 3 маусымнан бері жалғасып жатыр.
Гүлмира Сатыбалдыға қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы “Заңсыз бас бостандығынан айыру, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған алдын ала сөз байласу”, 194-баптың 4-бөлігінің 2-тармағы “Зорлық-зомбылық қолдану қаупімен аса ірі мөлшерде бопсалау” бойынша айып тағылып отыр.
Онымен бірге оның қол астында жұмыс істеген Мәди Батыршаев Қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы “Заңсыз бас бостандығынан айыру, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған алдын ала сөз байласу” бойынша айыпталып отыр.
8 шілдедегі сот отырысында психолог Сәуле Ізбасарова куәлік берді. Ол жәбірленуші Абай Жүнісов үйқамақта отырғанның салдарынан психологиялық соққы алғанын мәлімдеді.
“Үйқамақтан соң оның психологиялық күйі өзгерді. Бұрын психикасы қалыпты, адекватты еді, ақкөңілдігімен ерекшеленсе, қазір күйзеліске түсуге бейім, мазасыз адамға айналды, адамдарға көмектескіш сезімі қазір қобалжуға ұласқан. Бұрын батыл, ашық, дереу шешім қабылдайтын болса, қазір өте сақ, баяу адам болып кеткен, кез келген нәрседен қорқады, жиі ашуланып, тітіркеніп қалады. Оны бұрын жұмысқа қабілетті адам деп байқаса, енді маңызды шешім қабылдайтын кезде нақтылық таныта алмайтын болды, жаны нәзік әрі тез жараланғыш болды. Өзі болмысынан еркін адам екені білінеді. Бірақ соңғы оқиға оған қысым тудырғаны байқалады, қазір өзін еркін ұстамайды. Болмашы нәрсені көңіліне тез алып қалады”, – деді сарапшы.
Сөзінше, оны бопсалап, қамап ұстаудың салдарынан бойында сенімсіздік пайда болған. Ойына бір нәрсені түсірсе, сол ойда ұзақ қалып қояды дейді.
“Жүнісов бұған дейін жоғары интеллектке ие еді, оны кризис-менеджер деп бағалауға болады. Ондай типтегі адамдар өте сирек кездеседі. Ондай адамдар бизнестегі кез келген мәселені шеше алады. Жеке дамуға жіті мән беріп, салауатты өмір салтын ұстанатын. Бірақ бұл жағдай оны күйзеліске әкелді. Мазасыздық билеп, жаңа нәрсені үйренуге қызығушылығы өшті. Оны қорлап, қамап ұстаған кезде өзіне қол салу ойы мазалады. Бірақ өзінің тума бітті ерекше қасиеттерінің арқасында жағдайы ушықпады. Ол суицид туралы ойынан арылу үшін намаз бастағанын айтты”, – деді Сәуле Ізбасарова.