Мен мешіттердің салынуына қарсы емеспін, бірақ қазіргі кезде жастарды спортқа көбірек тарту керек. Спортқа бейімделген жастардан жаман мінез шықпайды.
КСРО-ның спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген бапкері – Амалбек Тшанов спорт саласындағы өзекті мәселенің бірін көтерді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Көп ауылда спортзалдары жетіспейтіні барлығымызға белгілі. Ал кей ауылдарда шынығатын зал мүлдем жоқ десе де болады. Бапкердің айтуынша, спорт нысандарын салудың қиындығы жоқ.
"Құрылысшы ретінде айтсам, қазір спорт нысандарын салудың еш қиындығы жоқ. Ол көп шығынды да талап етпейді. Біз қазір спорт залына қарағанда, мешітті көп саламыз. Бізде «Кім көп мешіт салса, сол пейішке барады» деген уағыздар жүреді. Кімнің қашан кететінін кім біледі?! Мен мешіттердің салынуына қарсы емеспін, бірақ қазіргі кезде жастарды спортқа көбірек тарту керек. Спортқа бейімделген жастардан жаман мінез шықпайды. Спортшы болу үшін әрбір ауылға біздің балалар бейім келетін бокс, күрес, волейболға арналған спорт залдарын салуға болады. Осының бәрін міндеттейтін үлкен бір мемлекеттік тиянақты бағдарлама болуы керек. Мемлекеттің қазір оған мүмкіндігі бар. Спортшылардың 95%-ы – шалғайдағы ауылдың, тұрмысы нашар отбасылардан шыққан балалар. Біздегі балалар 15000 теңге шәкіртақы алатын болса, соны ата-анасына жібереді. Қазақстанның спорттан болашағы бар екеніне ешқандай күмән жоқ, қазақтың небір талантты балалары бар. Спорттан бөлек, білімге де күш салуымыз керек. Себебі ауылдан келген балалардың көбінің сауаты өте нашар. Егер, фамилиясын қате жазады десем, сенбейтін боларсыз...", - деді ол өзінің сұхбатында.