15.08.2024, 04:30

Бокс 2028 жылғы Олимпиада ойындарынан алынып тасталуы мүмкін: Қазақстан боксының дәуірі аяқталды ма?

Фото: Sportbox

Бұл біздің болашақ чемпиондарымыздың тәжірибе жинақтап, іріктелер кезеңі. Лос-Анджелесте талай жеңістерге қол жеткізетіміз сөзсіз.

Лос-Анджелестегі келесі ойында Олимпиадалық спорт түрлері тізімінен алынып тасталуы мүмкін. Бұл туралы Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Томас Бах мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Мүмкін келесі жылы да қабылданып қалуы мүмкін. Неғұрлым тезірек, тіпті бірінші жартыжылықта шешім қабылданғанын қалаймыз. Бірақ одан ертерек болуы екіталай, – деді Халықаралық олимпиада комитетінің президенті.

360.ru дерегінше, маңызды шешім 2025 жылы қабылданады.

«Бұл туралы айту әлі ерте, өйткені, ХОК президенті қызметінен кететінін жариялаған Томас Бах мұндай шешім қабылданса, келесі жылдың ортасында болатынын айтты. Сондай-ақ бокстан халықаралық жарыстар өткізу үшін ұлттық ұйымдардың бірігуі қажеттігін баса айтты», - деді спорт журналисі Борис Ходоровский.

Журналистің пікірінше, бокстың тағдырын Олимпиада ойындары аясында қарастырғанда, ХОК пен ресейлік Умар Кремлев басқаратын Халықаралық бокс қауымдастығы (ХБА) арасында ашық кикілжің жалғасып жатқанын ескеру қажет. Бүгінге дейін тараптардың татуласуы мүмкін емес жағдайға жетті.

Бұл ретте, «Қазақстан боксының дәуірі аяқталды ма?» деген сауал туындайды.

Бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбрайымовтың пайымдауынша, қазіргі кезде қазақ боксында буын алмасу процесі жүріп жатыр.

«Бір цикл ғана бойынша Қазақстанды Өзбекстанмен салыстыруға келмейді. Ұзақ жылдар бойы жеткен жетістіктерге де қарау керек. Қазақстанда қазір ізбасарлар сабақтастығы белсенді алмасып, жаңа есімдер пайда болып жатыр. Бұл біздің болашақ чемпиондарымыздың тәжірибе жинақтап, іріктелер кезеңі. Лос-Анджелесте талай жеңістерге қол жеткізетіміз сөзсіз. Қазір Өзбекстанда олимпиадалық шыңырау шегі. Өзбекстанның мықты спортшылары екінші мәрте Олимпиада чемпионы атанып жатыр. Біздің басымыздан да кезінде шарықтау сәттері өткен. Көршілеріміз жеткен жетістіктері үшін, спортты дамытуда мүмкіндікті сәтті пайдалана алғаны үшін қуанумыз керек. Әлем бір қалыпта дамымайды – бұл қалыптасқан заңдылық», - деп жазды Ермахан Ыбрайымов Instagram-дағы парақшасында.

Еске салсақ, жуырда отандық БАҚ-та ҚР Бокс федерациясының жаттықтырушылары, оның ішінде, бас бапкер Мырзағали Айтжановтың қызметінен босатылғаны туралы ақпарат тараған. Осыдан кейін Бейжіңде өткен Олимпиада чемпионы, даңқты боксшы Бақыт Сәрсекбаев  «қазақ боксын қайта жандандыру қиын болады» деп пікір білдірді.

«Мен бокс туралы жазсам, біреудің орнын тартып алайын деп жатыр дейтін хейтерлеріме де рақмет! Жазғаным жазған, қоймаймын айта беремін. Қазақ боксы басшысыз қалмас, Айтжанов кетсе Сатжанов келер... Дәл қазір бокс тізгінін алуға кім келсе де, ол кісіге оңай болмасы анық. Мырзекең жарығын өшіріп, есігін жауып кеткен боксты қайта жандандыруға өте көп күш қажет. Жаңа команда жасақтап, ескі қалдықтардан құтылу да оңай емес. Не де болса жаңа басшыға қажымас қайрат, үлкен сәттілік тілейік», – деді Сәрсекбаев.

Еске салсақ, таяуда Париж Олимпиадасында Қазақстан атынан 10 боксшы бақ сынады. Өкінішке қарай, бірде-бір боксшымыз алтын медаль алған жоқ.