Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері қазақ тілі тарихы мен грамматикасы, тіл мәдениеті мәселелеріне арналған.
Осыдан 100 жыл бұрын (1924-2020) филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Рабиға Сәтіғалиқызы СЫЗДЫҚ дүниеге келді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ақтөбе облысының Ойыл ауданында туған. Ақтөбе мұғалімдер институтын, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын және аспирантурасын бітірген.
1951-1957 жылдары - Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының аға редакторы, редакция меңгерушісі. 1957-1961 жылдары - Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының кіші ғылыми қызметкері. 1961-1981 жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1981 жылдан Қазақстан Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының бас ғылыми қызметкері, мәдениет және қазақ тілі бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.
Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері қазақ тілі тарихы мен грамматикасы, тіл мәдениеті мәселелеріне арналған. Қазақ жазба әдебиетінің негізін салуда Абай шығармаларының зор маңыз атқарғанын дәлелдеді. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі», «Абай тілінің сөздігі», тағы басқа еңбектерді жазуға қатысты. 15-19 ғасырлардағы қазақ әдеби тілінің тарихын, Қ.Жалайырдың «Жами-ат-тауарих» атты шежіресі тілін, қазақ тіл мәдениетінің мәселелерін зерттеді. Оның «Абай шығармаларының тілі», «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы», «Сөздер сөйлейді», «Сөз сазы», «Қазақ тілі әдістерінің негізгі мәселелері», тағы басқа еңбектері жарық көрді. Р.Сыздықтың 130-дан астам ғылыми еңбегі, оның ішінде 9 монографиясы, оқулығы, оқу құралы бар. Есімі Қазақстан Республикасының Алтын кітабына енгізілген.
«Парасат», «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған. ҚР Мемлекеттік сыйлығының, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты.