29.08.2024, 11:40

«Емі жоқ»: Халыққа ВПЧ вирусының қалай жұғатыны ескертілді

Фото: Pixabay

Туылған кезде тік жолмен – вирус анадан балаға туу каналы арқылы өту кезінде беріледі. Сүйелдер көбінесе нәрестелердің алғашқы жылдарында аузында немесе терісінде пайда болады.

Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Досмырзаева Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстандағы статистика, папилломавирусының берілу жолдары туралы айтып берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Гүлназ Досмырзаеваның айтуынша, ВПЧ вирусы мынадай жолдармен жұғады:

– Тұрмыстық байланыс арқылы – қол алысу, сүйісу, терінің зақымдануы арқылы берілуі мүмкін. Вирус ылғалды ортада тез таралады, сондықтан қоғамдық орындарға барған кезде сақ болған жөн;

– Жыныстық жолмен – жыныстық жолмен берілетін вирустардың онкогендік түрлері жыныс мүшелеріне сүйелдердің пайда болуына әсер етеді;

– Туылған кезде тік жолмен – вирус анадан балаға туу каналы арқылы өту кезінде беріледі. Сүйелдер көбінесе нәрестелердің алғашқы жылдарында аузында немесе терісінде пайда болады;

– Өзін-өзі жұқтыру арқылы – көбінесе қырыну немесе эпиляция кезінде ВПЧ дененің бір аймағынан екіншісіне ауысады.

«Бүгінгі таңда ВПЧ емі болмаса да, алдын алудың жалғыз әдісі – вакцинация. ВПЧ вакцинасы 15 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді және әлемнің 135 елінде жасалады. ДДҰ мәліметтері бойынша, 4 елде ВПЧ вакцинациясын енгізгеннен кейін аурудың таралуы айтарлықтай төмендеді. Айта кетейік, осы жылдың күзінде Қазақстанда 11 жастағы қыздарға ВПЧ-ке қарсы вакцинацияны бастау жоспарланып отыр. Елорда тұрғындарын, әсіресе қыздардың ата-аналарын осы вирустың алдын алу және болашақ ұрпақтың денсаулығын сақтау үшін вакцинаны уақтылы алуға шақырамыз», – деді Гүлназ Досмырзаева.