Президент қосымша құн салығын қайтару рәсімінің күрделі екенін атап өткен болатын.
Мемлекет басшысы былтығы Жолдауында «Салықтық бақылау ісін толық цифрландырып, есептілік формаларын 30 пайызға қысқарту қажет. Салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің санын кемінде 20 пайызға азайту керек. Айтарлықтай түсім әкелмейтін төлемдерді толығымен алып тастап, қалғандарын біріктіруге болады» деп атап өткен болатын. Дегенмен Салық кодексінің жобасында шаруа және фремерлік шаруашылықтар үшін бірыңғай жер салығын есептемегенде салық төлемдерін қысқарту көзделмеген. Бірақ фермерлердің өзі оны шаруашылық айналымынан төлейді. Ал салық аударымдары сақталып қалғанын ескерсек, Президент тапсырғандай салықты қысқарту үрдісі орын алған жоқ деп санаймыз.
Сонымен қатар өткен жылғы Жолдауға сәйкес қолданысы ЭҚЖЖ (Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші) 364-ке дейін ұзартылған "бөлшек салық" салық режимін керісінше жою ұсынылды.
ШОБ үшін ұсынылатын 500 млн теңгеге (135 мың АЕК) дейінгі арнайы салық режимі іс жүзінде кәсіпкерлерді алдау болып табылады, өйткені "бөлшек салық" бойынша кәсіпкерлер 2 миллиард теңгеге дейін табыс тапса да жеңілдікті режимде қала алатын, ал жаңа ереже бойынша бұл шектеу 4 есе азаяды. Бұл кәсіпкерлердің мемлекетке деген сенімін азайтып, салық ережелері тұрақсыз әрі болжамсыз болғандықтан, Қазақстанды инвестициялар үшін тартымдылығы аз елге айналдырады.
Салық мөлшерлемелерін дифференциациясына қатысты Салық альянсы өңдеу өнеркәсібі үшін КТС мөлшерлемесін 20%-дан 10%-ға төмендетуді қолдайды. Құмар ойын бизнесі үшін КТС мөлшерлемесін 25%-ға дейін көтеру, сонымен қатар құмар ойын бизнесінің ҚҚС төлеуден босатылатынын ескере отырып, орынды емес деп санаймыз.
Президент қосымша құн салығын қайтару рәсімінің күрделі екенін атап өткен болатын. «Бұл жайт еліміздегі инвестициялық ахуалға кері әсерін тигізеді. Үкімет көптен бері түйіні тарқамай келе жатқан осы мәселені шұғыл шешуге тиіс. Сондай-ақ салық жеңілдіктерін беру тәртібін реттеу қажет. Олар экономикалық ынталандыру шараларының нысаналы тәсілі болуы керек. Жиналмаған салық – салынбай қалған ауруханалар, мектептер мен жолдар деген сөз. Салық жеңілдігін сын көзбен зерделеп, оның көлемін кем дегенде 20 пайызға қысқарту қажет. Қалған жеңілдіктер жекелеген жобалар мен тұлғаларға байланбай, нақты ереже бойынша берілуі керек» делінген былтырғы Жолдауда. Қазіргі таңда салық жеңілдіктерінің көпшілігі Салық кодексінде өзгеріссіз қалып отыр. Мысалы, автоөндірушілер мен ауыл шаруашылығы өндірушілері кедендік баждарды да, ҚҚС-ты да төлеуден босатылды.
Сонымен қатар өткен жылы Мемлекет басшысы орта бизнестің дамуын тежеп тұрған кедергілерді жою қажеттігін ескерткен болатын. Ал статистика бойынша орта бизнес субъектілерінің үлесі бизнес субъектілерінің жалпы санының 0,13% -ын құрайды, ал ЖІӨ-дегі орта кәсіпкерліктің үлесі 10,3% - дан 6,9% - ға дейін қысқарды (2022 жылғы деректер). Орта бизнес үлесінің төмендеуінің басты себебі кәсіпкерлік бөлінісіндегі біркелкі емес салық жүктемесі болып табылады. Өйткені салық жүктемесі шағын кәсіпкерлік үшін 4,5%, ірі кәсіпкерлік үшін 24,7%, ал орта бизнес үшін - 30,7% құрайды. Бұл мәселе Салық кодексінің жобасында шешілмегенін көреміз. Бір сөзбен айтқанда, орта бизнестің өсуін ынталандыратын тетіктер жоқ.
Бұдан басқа, салық кодексінің жобасында салықтық режимінің шегі 600 мың АЕК (бұл 300 мың АЕК-тен екі есе жоғары, бұл Кәсіпкерлік Кодексі бойынша шағын және орта бизнестің ресми градациясы болып табылады) болатын жалғыз бөлшек салықты жою ұсынылады. Осылайша, қазіргі уақытта Салық кодексі жобасында Қазақстандағы ең жоғары салық жүктемесіне ие орта бизнес үшін бірде-бір режим көзделмеген деп айта аламыз.
Осындай мәселелерге Президенттің биылғы Жолдауында да басымдық беріледі деген ойдамыз.
Жанар Сүлейменова,
Салық альянсының мүшесі