$ 492.14  528.85  5.01

Қазақстанда қандай кітаптарды басып шығаруға мемлекет көмектеседі?

Елімізде жазушы болу «аса қымбат емес».

Фото: Википедия
Фото: Википедия

Жыл сайын қазақстандық авторлардан әлеуметтік маңызы бар әдебиеттерге құқықтарды сатып алып, осы кітаптарды басып шығарып, ел кітапханаларына таратады. Бұл тізімге қай авторлардың шығармалары енгізілгені, олар қалай іріктеліп алынғаны және оған қанша қаржы жұмсалғаны жөнінде Skifnews.kz ақпарат порталы біліп көрді.

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар кітаптарды сатып алу, басып шығару және оларды тарату сынды жұмыстар «Мәдениет және өнер саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, қазақтың мәдени мұрасын сақтау, зерделеу және танымал ету, сондай-ақ мәдениет пен мәдениет саласының тиімділігін арттыру» республикалық бюджеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылады.

Ашық дереккөздерден алынған мәліметтерге сүйенсек, жыл сайын кітап шығару, тарату, сатып алу жұмыстарына бюджеттен миллиардтаған қаржы бөлінеді.

Егер дайын қолжазбаңыз болса оны төмендегі әдістер арқылы басып, тарата аласыз:

Бірінші: Мемлекеттің көмегіне жүгіну. Мәдениет және ақпарат министрлігі жыл сайын көңілінен шыққан туындыларды басуға миллиард теңгедей бөледі. Кітабыңыздың шыққанына мәз болып қана қоймай, 1 авторлық парақ (40 мың символ) үшін 420 мың теңге гонорар аласыз. Бұл беттелген кітаптың 8 бетін құраса, сонда 200 беттік кітап шығару үшін 10 млн теңгедей қаржы жұмсау керек болады. Одан да көп беттік кітап шығарамын десеңіз, ары қарай есептей беріңіз…

Бірақ қоғамға маңызды шығарманың авторы болмасаңыз мұндай «бақыт» жоқ сізге. Екіншіден кітабыңыз сіз армандаған «Меломан», «Марвин» сынды белді дүкендердің сөрелеріне жоламайды да. «Гонорармен кітапхана» деп тек ел аумағындағы кітапханаларға таратылады. Үшіншіден мемлекет «шедеврыңызды» ғана емес, оның авторлық құқығын қоса сатып алады. Себебі келешекте шығармаңызды қайта басып, табыс таппау үшін осындай қадамға барады.

Екінші: Баспамен келісімшартқа отыру. Баспалардың көзіне түсу үшін де сіздің шығармаңыз кем дегенде әдеби байқауларды жеңіп, қандай да бір сыйлықты иемденген болу керек. Қысқасы, жүйкеңіз жұқарады.

Ал ең тиімді жолы кітапты өзіңіз басып шығару. Бұл - уақыт пен жүйке талшықтарын үнемдеудің ең тиімді жолы болғанымен, қалтаңыздың жұқаратыны анық. 50-100 тиражбен кітап шығару үшін (бүкіл редакциялық жұмысты қосқанда) кем дегенде қалтаңызда бес жүз мың теңге болу керек. Бірақ кітапты басып қойып, қарап отырмайтыныңыз анық. Одан кейінгі машақаттары да шаш етектен. Мәселен басып шығарылған кітапты дүкендермен келісіп, сөрелерге қоюдың өзі үлкен қажыр-қайратты талап етеді.

Өткен жылы осылайша мемлекеттің қолдауымен әлеуметтік маңызы бар 188 әдебиет басылып, Қазақстанның мемлекеттік кітапханаларына жарты миллион дана таралыммен кітап сөрелеріне жеткізілді.

Мәдениет министрлігі атап өткендей, «соңғы жылдары кітапханаларға бару және оларды пайдаланушылар саны артып келеді, бұл әсіресе карантиндік шаралардан кейін балаларды кітап оқумен таныстыру кең таралған үрдіске айналуда».

Сонымен қатар, Ұлттық академиялық кітапхананың порталында жарық көрген кітаптардың электронды нұсқалары орналастырылды.

«Кітап шығаруды қаржыландыру қазақстандықтардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға, жас және жаңа авторларды қолдауға, оқырмандар санын кеңейтуге және отандық әдебиетті дамытуға бағытталған», дейді министрлік өкілдері.

Сонымен қатар, соңғы жылдары Қазақстанда жас авторлар мен ақындарды қолдауға, сондай-ақ қазақ әдебиетін шет елдерде насихаттауға бағытталған түрлі бастамалар жандана бастады. Бұл күш-жігер ұлттық әдеби мұраны сақтап қана қоймай, оны халықаралық кең аудиторияға ұсынуға септігін тигізеді.

Кітап арқылы адам білім алып қана қоймай, жұбаныш, түсінік, шабыт таба алады. Көркем әдебиетті оқу шығармашылықты дамытуға көмектеседі, сөздік қорын және жазу дағдыларын жақсартады және сыни тұрғыдан ойлауға ықпал етеді.

Ғылыми және көркем әдебиет, өз кезегінде, күрделі тақырыптарды түсіну мен біліміңізді кеңейтуге мүмкіндік береді. Кітаптар сізге қиын уақытта көмектесе алады, жаңа көзқарас ұсынады немесе жалғыз қалғанда жақсы дос бола алады.

Кітап оқу әрқашан адамзат мәдениетінің маңызды бөлігі болды. Бұл білім алуға ғана емес, сонымен қатар қиялыңызды дамытуға, ой-өрісіңізді кеңейтуге, тіпті эмпатия қабілетіңізді жақсартуға мүмкіндік береді. Көне заманнан бері кітап – ұрпақтан ұрпаққа тәжірибе мен даналықты жеткізудің негізгі құралы. Баспахананың пайда болуымен және кітаптың жаппай таралуымен кітап оқу қоғамның барлық топтарына қолжетімді болды, бұл білім мен ғылымның дамуында басты рөл атқарды.

Электронды кітаптар мен аудиокітаптардың пайда болуымен оқу кез келген форматта дерлік қолжетімді болды. Заманауи технологиялар адамдарға смартфондар, планшеттер және арнайы оқырмандар арқылы кітаптарды оқуға мүмкіндік береді, ал аудиокітаптар саяхатта немесе спортпен айналысқанда да әдеби әлемге енуге мүмкіндік береді. Бұл оқу тәжірибесін кеңейтіп, оны барлығына ыңғайлы және қолжетімді етеді.

Қазақстандағы кітап шығару ісі қалай дамып жатыр?

Әдебиет әрқашан қазақ мәдениеттің маңызды бір бөлігі болды. Абай Құнанбаев сынды ұлы ақындардың шығармаларынан қазіргі авторларға дейін қазақ әдебиеті халықтың рухын, салт-дәстүрін көрсетеді. Елімізде кітап оқу тек ойын-сауық ретінде ғана емес, мәдени құндылықтарды сақтау және жеткізу тәсілі ретінде де қабылданады.

Оқу-тәрбие үрдісінде де кітап оқу басты рөл атқарады, көптеген қазақ отбасыларында кітапқа деген сүйіспеншілік жастайынан қалыптасады. Әдебиет пен кітап оқуды бағалауды тәрбиелеу – бұл елдің білім беру жүйесінің маңызды бөлігі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары