$ 498.34  519.72  4.85

«Жаназа күні түрмеден хабарласты»: Талғарда қаза тапқан жасөспірімнің әкесі «Хутор жігіттері» қалай қорқытқанын айтты

Балаңнын жанынан көр қазып дайындап қойсаң болады, тыныш жүрмейтін болсаң.

Фото: видео скриншот
Фото: видео скриншот

Алматы облысы Талғар қаласында бір топ бұзақының қолынан өлген 16 жасар жасөспірімге қатысты әлеуметтік желілерде түрлі ақпараттар тарап жатыр. Желідегі ақпаратқа сүйенсек, Шерзат Болаттың қазасына "Хутор бандасының" өкілдері кінәлі. Сондай-ақ аталған қылмыстық топқа аудан әкімдігінің аппарат басшысы Аслан Қасымбаевтың қатысы бар деген мәлімет пайда болды. Нақтырақ айтсақ, желіде Қасымбаевтың "хуторлық Хасан" деген атпен танымал қылмыстық тұлғаның туған бауыры екені жазылып жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

KursivMedia сайтының мәліметінше, осы ақпаратқа Талғар ауданы әкімінің орынбасары Айбек Бидаев жауап берді. Бидаев Аслан Қасымбаевтың Хасанға туыстық қатынасын растаған жоқ, жоққа да шығармады.

"Әлеуметтік желіде жазылып жатыр ғой, Хасан әкім аппараты басшысының бауыры деп. Бауыры болса, бауыры шығар. Бірақ бұл оқиғамен ары қарай айналысып жатқан құқық қорғау органдары бар ғой. Сондықтан сұрақтарды сол кісілерге қою керек шығар", – деді Айбек Бидаев.

Оның айтуынша, Аслан Қасымбаевтың Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы болып отырғанына екі жылдан асқан. Оған дейін Талғар ауданының Белбұлақ ауылдық округінің әкімі болып жұмыс істеген. Бұл ақпарат Талғар ауданы әкімшілігінің ресми сайтында да жазылған. Айбек Бидаев мемлекеттік қызметке тұрмас бұрын әрбір адам арнайы тексеруден өтетінін айтты.

"Ұлттық қауіпсіздік комитетінен өтіп барып, тек қана мемлекеттік қызметке келеді. Мемлекетке тексеруден өтпеген адам мемлекеттік қызметке келмейді. Қазір ауданда осы іс бойынша комиссия құрылды, штаб құрылды. ІІМ бірінші орынбасары ауданға келіп, осы штабқа төрағалық етіп отыр. Бұл сұрақтарды сол кісілерге қойсаңыз. Аслан Қасымбаев өткен жұма күні денсаулығына байланысты уақытша демалысқа кеткен, ертең жұмысқа шығады", – деді Бидаев.

Марқұмның әкесінің сөзінше, аудандық ішкі істер басқармасында 70-80% “Хутор” деген ауылдың жігіттері жұмыс істейді.

“Ол жігіттердің де туыстары милиция. Нақты ешкімге жала жаппаймын. Бірақ ұлыма келген үлкен жігіт те милицияда жұмыс істейді екен. Жеті адам ұсталып, төртеуі ұсталмай тұрғаны да сол себепті. Ал екі әйел куәгер ретінде жүреді дейді. Менің оған көңілім толмайды. Екеуі оларды сатпау үшін ақша алып отыр ма, қорқып отыр ма, түсінбедім. Біреулер Хасанның жігіттері дейді. Ал мен Хасанның кім екенін білмеймін. Естуімше Талғарға қарайды, банданы реттейді, біреулерге ақша береді. Оның әкімдікте істейтін ағасы да бар екен дейді. Қаладағы дүкен, мейрамханалардың бәрі оларға табысының бір бөлігін беріп отырады екен ғой. Олар менің жедел жәрдемде істейтінімді де біліп алыпты”, – дейді марқұмның әкесі. 

Қаржаубай Нұрымовтың айтуынша, Талғарда “рэкет” сияқты қылмыстық топ бар. Оларды құрған әкімдік дейді. 

“Басында маған “келіп, ақша сұрайды, сұрағанын бер” деп айтқан. Мен, “жарайды келсе беремін” дегенмін. Талғарда “рэкет” сияқтылар бар. Талғарда бәрін құрған “әкімдік, Халыққа қызмет көрсету орталығы, прокуратура, Аудандық ішкі істер басқармасы”. Бұл жерде ешқандай әділдік ала алмаймыз, алынбайды да. Талғардағы полиция жемқорлыққа әбден бейімделіп алған. Жылда “Хутордың” өкілдері адам өлтіреді. Жәбір көргендердің жақындары үйге келіп айтып жатыр. Біреулердің тал түсте көзін ойып алған, біреуін атқан, біраз қыздарды зорлаған. Бала кезден білеміз, “Хутордан” бәрі қорқады”. Себебі олар шакал сияқты, пышақ сұғады, атады, артында ешқандай жазалау болмаған соң емін-еркін жүре береді. Бәрін ақшамен шешеді”, – дейді марқұмның әкесі.

Марқұмның әкесінің сөзінше, жаназа болған күні “Хутор бандасының” адамдары келіп, қорқытып кеткен. “Ұлыңның жанынан көріңді қаза бер деп айтты” дейді. 

“Жаназа болып жатқан кезде маған біреу “заңгердің көмекшісімін, сізбен сөйлесемін деп жатыр” деді де, телефонын берді. Алсам, “түрмеден Еркошпын, жігіттердің ағасымын. Тыныш жүр” деді. Мен “соңына дейін барамын. Түрмеде болсаң ары қарай отыра бер” дедім. Жаназаға келген жігіттер көңіл айтқан болып, сөйлесеміз деп бейітке алып кетті. Сөйтсем олар “Хутордың” жігіттері екен. Бейітті көрсетіп, “балаңнын жанынан көр қазып дайындап қойсаң болады, тыныш жүрмейтін болсаң” деп ескертіп кетті. Оларға қан төгілгенін қаламаймын, әділетті шешіммен соңына дейін барамын деп айттым”, – деді марқұмның әкесі. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 55
Ұнамайды 7
Күлкілі 4
Ашулы 64

Серіктес жаңалықтары