Рақымжан Қошқарбаев 1924 жылы 19 қазанда Ақмола облысының Тайтөбе ауылы маңындағы қыстақта дүниеге келген.
Оған ананың мейірімі мен жылы алақанын, әкенің қамқорлығын сезіну бұйырмады. 4 жасында анасы дүниеден өтті, ал әкесі болса жалған саяси жаламен сотталып, ГУЛАГ-қа жіберілді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Рақымжан Тайтөбе балалар үйінде тәрбиеленді. 7 жылдық мектепті бітірген соң, осы арадан Балқаш қаласындағы фабрика-зауыт училищесіне жіберілді. Өзінің өмірі туралы Қошқарбаев өзі жазған "Штурм" атты кітабында жан-жақты баяндайды.
Ол әскер қатарына 1942 жылы алынып, 1944 жылы Фрунзедегі жаяу әскер училищесін бітірді. Майдан даласына да осы жылы аттанған.
Деректерге қарағанда, Қошқарбаев 1944 жылы қазан айынан бастап 1-Беларусь майданындағы Идрицк атқыштар дивизиясы құрамында 150-ші взвод басқарып, Польша және Германия жерлеріндегі ұрыстарға қатысқан.
1945 жылы 30 сәуірде лейтенант Рақымжан Қошқарбаевқа Рейхстагқа Қызыл Туды тігу туралы тарихи жауынгерлік бұйрық беріледі. Жалауды оған батальон командирі Давыдов және саяси жетекші Васильченко табыс етеді.
Лейтенант Қошқарбаев жауынгер Григорий Булатов екеуі межелі орынға толассыз атылған оқтың астынан жерге жабыса 7 сағат бойы еңбектеп жетіп, бұйрықты орындап, Рейхстагтың фронтына туды тікті.
Соғыстан кейін, Р. Қошқарбаев жауынгерлік "Қызыл Ту" ордені, сондай-ақ "І дәрежелі Отан соғысы" орденімен, "Берлинді алғаны үшін", "Варшаваны азат еткені үшін" медальдарымен марапатталды.