16 жастағы Шерзат Болаттың ісі бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Жәбірленуші тараптың құқық қорғаушысы Саида Тәуекелова іске қатысты жаңа мәліметтер айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Адвокаттың айтуынша, Шерзаттың ағасы Нұрғанаттан жауап алынды. Бұл туралы ол Шерзат Болатқа арнап ашылған парақшада хабарлады.
«Тергеу іс-шараларының тағы бір күні артта қалды. Бүгін тағы бір жәбірленуші, Шерзаттың ағасы Нұрғанаттан жауап алынды. Ол кісі қазір отыра алмайды, тұра алмайды. Алған пышақ жарақатына байланысты ол қазір тұра да, отыра да алмайды. Бірақ та, соған қарамастан Нұрғанат барлық сұраққа толық жауап берді», - делінген жазбада.
Ақпаратқа сәйкес, Нұрғанат Ғаепбаев 9 жылдан астам уақыт жедел жәрдем бригадасында еңбек еткен.
«2021 жылы ҚР ҰҚК авиациялық қызметінің АН-26 әскери ұшағы Алматы әуежайына қонған кезде апатқа ұшырады. Сол уақытта Нұрғанат жанып жатқан ұшақтан екі әскери адамды аман алып қалды. Бұдан бөлек жұмыс барысында әйелдерді шұғыл босандыруға да қатысты. Қайғылы оқиға болған күні ол өзінің інісін қорғамақ болды, бірнеше рет пышақ жарақатын алды», - делінген желідегі парақшада.