$ 498.34  519.72  4.85

Атышулы Хасан Қасымбаевтың ұсталуы: Ішкі істер министрлігі қандай мәлімдеме жасады?

Хасан Қасымбаевтың басқа да қылмыстары ашылуы мүмкін бе?

Фото: Азия ТВ
Фото: Азия ТВ

Соңғы бір ай ішінде елді дүр сілкіндірген жасөспірім Шерзаттың өлімі біраз былықтың бетін ашып жатқандай көрінді. Олай деуімізге де себеп бар. Шерзаттың өліміне күдіктілер ұсталып, қамауға алынды. 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне «Хутор» ұйымдасқан қылмыстық тобының қатысы бар деген ақпараттар тараған. Алайда бұл ақпаратты Ішкі істер министрлігі растамады. Өткен аптада «Хутор» бандасының басшысы делінген Хасан Қасымбаев қамауға алынды. Бірақ осыдан 3 жыл бұрын жасаған қылмысы бойынша. Аталған іске байланысты Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха жақында қамауға алынған Хасан Қасымбаевтың ісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

"Қазір сол жерде біздің бір топ қызметкер жұмыс істеп жатыр. Мен бұл тақырыпты егжей-тегжейлі зерттемедім. Сондықтан оны тиісті басқармаға бағыттаған жөн. Қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталғаннан кейін, олар өзінің жауабын береді",  – деді И. Лепеха.

Сондай-ақ, ведомство өкілі бұл іске полиция қызметкерлерінің қатысы бар-жоғын айтты.

"Біздің қызметкерлерге қатысты мәселе қаралып жатқан жоқ. Жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты ол (Х. Қасымбаев) ауыр қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ұсталды. Барлық процессуалдық әрекеттерді біздің қызметкерлер бірінші кезеңде орындады",  – деді министрдің орынбасары.

ПД мәліметінше, Қасымбаев 2 қарашада ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Ол азамат А.-ны ұрлап, денсаулығына ауыр зиян келтірді деген күдікке ілінген.

Оқиға 2021 жылдың маусымында болған. 

"Қазіргі уақытта қылмыстың барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеуді қамтамасыз ету үшін тергеу әрекеттерінің кешені жүргізіліп жатыр. Іс материалдары бұлтартпау шарасын санкциялау үшін сотқа жіберілді", - деді бұған дейін Алматы облыстық ПД өкілдері. 

Айта кетейік, Хасан Қасымбаев қылмыстық топтың жетекшісі болуы мүмкін екені туралы ақпарат тарағаннан кейін ол бейнеүндеу жариялаған болатын. Онда Қасымбаев ешқандай қылмыстық топқа қатысы жоқ екенін айтқан еді. Оның ойынша бұл істің артында белгілі бір күштер тұруы ғажап емес.

Осыдан соң бірқатар БАҚ өкілдері мен бірлі-жарым блогерлер Хасан Қасымбаевпен жолығып: «Көп жұрт Атаба, Баха Фестиваль, Сары Алмас және Дикий Арман сияқты белгілі криминалдық топ жетекшілері туралы естіген. Соңғы кездері Талғар ауданын бақылайтын «Хутор» деген қылмыстық топтың бар екені туралы әңгімелер айтылып жатыр. Сізді сол топтың көшбасшысы деп атайды. Рас па?» - деген сауал қойған.

Қасымбаевтың өзі бұған қатысты: «Бұл - жала жабу. Әлеуметтік желі қолданушылары сондай ҰҚТ бар деп атап кетті. Атауын қазіргі Тұрар Рысқұлов ауылының бұрынғы атауы «Хутормен» байланыстырған. Мен ол ауылдан 2015 жылы кетіп қалдым және неге мені ҰҚТ көшбасшысы деп атайтынын түсінбеймін. Мен ешқашан заңды бұзған емеспін», - деген болатын.

Өзін «кәсіпкермін» деп таныстырған Хасан Қасымбаев: «Бетон конструкцияларын шығаратын зауытты иеленемін және цемент сатумен айналысамын», - деген.

Ал, БАҚ оның екі інісі жайлы төмендегідей ақпарат таратты:

* Аслан Қасымбаев, Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы болған. Шерзат ісінен соң ол қызметінен алынған.

* Кіші інісі Ержан - 2017 жылы кеденші Медет Жамашевты тапсырыспен өлтіргені үшін 14 жылға сотталған.

Ал Талғар қаласында болған Ш.Болаттың өліміне қатысты іс 5 бап бойынша тергеліп жатыр.

«Алматы облысының полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі (адам өлтіру), 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 115-бабы (қорқыту), 432-бабы (қылмысты жасырып қалу) және 434-бабымен (қылмыс туралы хабарламау) қылмыстық істерді тіркеп, тергеп жатыр. Тергеу барысы менің жеке бақылауымда, оқиға орнында министрліктің орталық аппаратының қызметкерлері де жұмыс істеп жүр», - делінген еді ресми ақпаратта.

Қазір сот санкциясымен қасақана кісі өлтірді деген күдікпен 8 адам және қылмыс туралы хабарламау бойынша 3 адам қамауға алынған.

Талғардағы Шерзаттың өлімі біраз шындықтың бетін ашып жатқандай көрінеді. Бұған дейін әлеуметтік желілерде Хасан Қасымбаевтың ағасы депутат деген де ақпарат тарады. Ізін суытпай Алматы облысынан сайланған Сенат депутаты Мұхтар Жөргенбаев жақында қамауға алынған Хасан Қасымбаевпен туыс екенін растап, мәлімдеме жасады.

“Иә, әлеуметтік желіде “Талғар ауданындағы ағайынды Қасымбаевтарға қатысты жағдайға әсер етті” деген жазбалар мен видеоларды көрдім. Мен ешкімге өтініш жасамағанымды, қазіргі Талғар ауданы әкімшілігінің бұрынғы басшысы Аслан Қасымбаевтың өз орнын сақтап қалуы үшін ешқандай шара қолданбағанымды ресми түрде мәлімдеймін. Оның үстіне, мен Хасан Қасымбаевқа қатысты тергеу барысына ықпал еткен жоқпын және ықпал етуге тырысқан да емеспін”, – дейді депутат Жанболат Жоргенбаев.

Сондай-ақ ол Хасан Қасымбаевтың алыс туысы болып келетінін мойындады.

“Туыстыққа келер болсақ: иә, облыстың көптеген тұрғындары сияқты Хасан Қасымбаевтың менің алыс туысым екенін растаймын. Өздеріңіз білесіздер, қазақтың ағайын-туысы көп. Бірақ біз тұрақты түрде араласқан емеспіз. Көбіне оны үлкен отбасылық жиындарда немесе қазаға көңіл айта барған кезде, барлық алыс туыстар жиналған кезде көріп қалатынмын. Маған қатысты мәлімдемелердің бәрін  жала деп есептеймін және жала жапқандарға заң жүзінде шара қолданамын”, – дейді Жанболат Жөргенбаев. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 1
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары