Полиция өкілдері бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
ШҚО аумағындағы Өскемен – Самар тасжолының 75-шақырымында қайғылы жағдай болды – жол үстінде көлік жарылып, екі адам қаза тапты. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Облыстың Самар ауданында тау-кен жұмыстарын жүргізу үшін жүк көлігімен тасымалданатын заттың жарылуы салдарынан көлік жүргізушісі мен жолаушысы қаза тапты», - делінген ведомство хабарламасында.
Полиция өкілдері бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта болған жағдайдың себептері мен жағдайларын анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысын Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті басшылығы бақылауға алған.