$ 494.87  520.65  4.91

Сатқындар! Орыс тілін қолдайтындай қазақ тілі сияқты өлейін деп жатыр ма? – Сәуле Әбілдаханқызы

Орыс тілі саясатының бүкіл салада іс жүзінде үстемдігі жүріп тұр.

Фото: facebook.com/Сәуле Әбілдаханқызы
Фото: facebook.com/Сәуле Әбілдаханқызы

Кеше қазақтандық БАҚ-та орыс тілін қолдау үшін жыл сайын бюджеттен 43 млн бөлінетіні туралы дерек тарады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру туралы шартты ратификациялау туралы» заңды қабылдады. 2023 жылғы 13 қазанда Бішкекте өткен ТМД мемлекеттері басшыларының саммитінде Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру туралы шартқа қол қойылған.

Депутаттардың айтуынша, бұл халықаралық ұйымның құрылуы — Қазақстан үшін тіл мәселесі емес, сыртқы саясатқа қатысты өте маңызды мәселе болмақ. Мұны 84 депутаттың 82-сі қолдады. Бұл мәселеге қатысты журналист ашық позициясын білдіріп, пікір қалдырды.

Артынша осы мәселеге байланысты қоғам белсендісі әрі журналист Сәуле Әбілдаханқызы әлеуметтік желіде пікір білдірді.

«Орыс тілін қолдайтындай, немене, қазақ тілі сияқты реанимацияда өлейін деп жатыр ма еді? Мектептеріміз — 99% аралас мектеп, «аралас» деген аты ғана — бәрінде орыс тілі үстем. Балабақша, аула, дүкендер, қызмет кқрсету орындары, мемлекеттік органдар т.с.с. — бәрінде орыс тілі үстем. Құжаттарың, заңдарың алдымен орысша жазылады, кейін қазақша аударылады, онда да біз сияқты бірен-саран адамдар қазақшасын сұраса ғана — іздеп, күттіріп жүріп тауып береді, қазақ тілің — калька тіл болды. Орыс тілі саясатының бүкіл салада іс жүзінде үстемдігі жүріп тұр.

Сонда орыс тілін қолдау деген саясат қай аталарыңның басына керек? Оған арнайы миллиондар бөлу қай жеті атаңның басына керек? Онсыз да бүкіл байлығымыз, бүкіл миллиардтарымыз, тіпті, сағатымызға дейін солардың мүддесіне қызмет етіп тұр ғой! Сатқындар!», — деп жазды ол.

Орыс тілі ұйымдарын қолдауға бөлінетін қаржы туралы Саясат Нұрбек Мәжілістің жалпы отырысында айтты.

«Республикалық бюджеттен ұйымға жылына шамамен 43 млн теңге бөлінеді. Заңнамаға сәйкес, біз мүше болған халықаралық ұйымдардағы қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді. Ресми процедура біткеннен кейін, заңға президент қол қойғаннан соң, 6 елдің бүкіл министрі жиналып, бұл ұйым қалай жұмыс істейтіні туралы шешім қабылдайды.  2025 жылдың басында негізгі шаралар басталады. (Әр мемлекет) ұйымның бюджетіне қаржы құяды. Қазақстан бөлетін қаржы – 43 млн теңге. Бұл көп емес», – деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 11
Ұнамайды 14
Күлкілі 3
Ашулы 4

Серіктес жаңалықтары