Өмірімде ешкімді алдап көрмегенмін. Үнемі бәрін адал істеуге тырысамын.
Қазақстандық Vanil косметикалар желісі әлеуметтік желіде ұтыс ойынын өткіземін деп басы дауға қалды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Әлеуметтік желіде косметика дүкенінің ұтыс ойынын өткізген сәтінің видеосы тарады. Кадрлардан қыздың, яғни модельдің жеңімпазды таңдау кезінде киім жеңінің астына жасырған қағазын ала алмай жатқанын байқауға болады. Ол қорапша ішіндегі қағаздарды араластырғандай болып, жеңінің астына жасырған қағазды алып шығып, жеңімпаздың есімін атады, деп жазады Stan.kz.
Бұл жағдай желі қолданушыларының арасында қызу талқыға түсті. Бірі косметика желісін сотқа беру керек десе, енді бірі аталған жағдайға модель қызды кінәлап отыр.
“Оларды сотқа беру керек”, “Менің ойымша, дүкеннің бұған ешқандай қатысы жоқ. Оларды "модель" алдаған секілді”, “Бәсе, неге үнемі ұтпаймын десем”, “Мұнда бәрі ашық түрде көрініп тұр. Модель барабанды айналдырған кезде қолында жеңінің астында жасырған купоны байқалып тұрды”, “Бүкіл блогерлердің құпиясын ашып қойды”, “Оператордың “көрініп тұр” деп айтқанын естідіңдер ме”, “Егер бұл Қазақстанда болса, таңғалмаймын”, – деп жазды олар.
Аталған жағдайға қатысты Vanil косметикалар желісінің басшысы Дина Қоңырова жеке пікір білдірді.
“Бұл жағдайға қатысты хайп қуғысы келетін блогерлерге айтарым, сәл тынышталсаңыздар. Ертең заң алдында жауап бергілерің келмесе. Қазір осы тақырыпты өрбітіп, таратып жатқан әрбір адам, әуелі жағдайды жақсылап бақылап, түсініп алыңыздар. Көбі, басқалар билетті белгілі бір адам жеңуі үшін сатып алдық па деп кінә артып отыр. Жалпы бұл жағдайға қатты ренжідім. Біз бірлесіп жұмыс істеген модельмен келісімшартты бұздық. Қазір жаңа модель мен SMM іздеп жүрмін", – деді дүкен басшысы.
Фото: Видеодан скрин
Дина Қоңырова бұған дейін де ұтыс ойындарын өткізгенін, ол кезде мұндай қиындықтар болмағанын жеткізді.
"Бұған дейін ұтыс ойындарымыз әділ өтті. Клиенттердің жеңіп жатқанына қуандым. Ал мына жағдайдан кейін өзім де шок алдым. Соңына дейін сене алмадым. Тікелей эфирді қайталап көрдім. Купонның модельдің жеңінің астында тұрғанын бірден білмедік. Осы жағдайдан кейін оларға тікелей эфир үшін, түсірілім үшін ақша төлеуім керек. Мен оларға ақшаны мынадан кейін қалай төлеймін?", – деді ол.
Сондай-ақ ол әрбір қазақстандықтан өз жұмысын адал атқаруды сұрады.
"Өмірімде ешкімді алдап көрмегенмін. Үнемі бәрін адал істеуге тырысамын. Ертең бәріміз өмірде жасаған әрбір әрекетіміз үшін жауап береміз. Өмірде ешкімнің ақысына кірмей жұмыс істейсің, бірақ сені мұнда әрнәрсеге бір айыптайды. Бұл уақытқа дейін түсірілімге жеке өзім мүлде қатыспағандықтан, модельдерімізді де танымаймын. Айсана есімді моделді де бұл уақытқа дейін көрмеппін. Ал SMM менеджерді жұмысқа алатын кезде бір-ақ рет көргенмін", – деді ол.
Қазір косметика дүкені жұмысын әрі қарай жалғастырып жатыр.