Жол апаты бүгін таңғы 5:30-да Алматы қаласының Бостандық ауданында болған.
Әл-Фараби даңғылында болған жол апатынан Алматыда әйел адам қаза тапты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
"Toyota маркалы автокөліктің 20 жастағы жүргізушісі Әл-Фараби даңғылымен батыс бағытта қозғалып бара жатып, Қаратаев көшесінің қиылысында рөлге ие бола алмай, жолдың солтүстік шетіне шығып кетіп бордюрге соғылған. Содан кейін қозғалысын жалғастырып, жаяу жүргінші жолына шығып кеткен. Онда ол 39 жастағы әйелді қағып, кейіннен жарнама тақтайшасының тірегіне соғылып көлігі аударылған", - деп хабарлады Алматы қаласының полиция департаменті.
Өкінішке қарай, жол-көлік оқиғасы салдарынан жаяу жүргінші оқиға орнында қайтыс болды. Ал көлік жүргізушісі мен оның жолаушысы қаладағы ауруханалардың біріне жатқызылды. Адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды.