$ 520.27  537.65  5.24

«Басымды қатырмаңызшы»: Тағы бір дәмхана иесі қазақша мәзірден бас тартып, шу шығарды (ВИДЕО)

Осылайша кәсіпкер Тіл туралы заңға қарсы келді. 

Фото: Видеодан алынған кадр
Фото: Видеодан алынған кадр

Талдықорғандағы дәмхана иесі келушіге қазақша мәзір ұсынудан бас тартып, оның бұл әрекеті әлеуметтік желіде талқыға түсті. Дәмхана иесі мәзірді тек орыс тілінде ұсыну өзінің қалауы екенін айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Талдықорғандағы Шевченко, 51А мекенжайында орналасқан “Fresh” дәмханасының иесі келушілерге тек орыс тілінде мәзір ұсынамын деп басы дауға қалды. Клиенттердің бірі әйелден қазақ тілінде мәзір беруін сұраған. 

“Бұл – менің жекеменшік дәмханам. Бұл – менің өз қалауым. Басымды қатырмаңызшы. Бізде қазақ тілінде мәзір жоқ, кешіріңіз. Сіз қазақ тілінде мәзір ұсынатын дәмханаға бара аласыз. Дауласпай-ақ қояйықшы”, – дейді өзін дәмхана иесі деп таныстырған әйел.

Осылайша кәсіпкер Тіл туралы заңға қарсы келді. 

Желі қолданушылары еш қысылмастан қазақ тілінде мәзір ұсынбайтынын айтқан дәмхана иесінің сөзіне ашуланды. Олар әйелдің бұл әрекетін “мемлекеттік тілге деген құрметсіздік” деп атады. 

“Дәмхананың жабылуын талап етеміз”, “Биліктегілер шара қолдансын”, “Оның не қалайтыны маңызды емес. Ол заңға бағынып, мәзірді қазақ тілінде ұсынуға міндетті”, “Айыппұл салу керек”, “Дәмхана өзіңдікі, бірақ қай елде тұрып жатырсың, сол елдің тілінде ас мәзірін жазып қой”, “Жауапқа тарту керек”, – деп жазды желі қолданушылары.

Сондай-ақ желідегілер видеоның астына қазақстандық заңгер Мейірман Шекеевті белгілеп кеткен. Заңгер өз құқығын пайдаланып, e-otinish сайты арқылы дәмханаға шағым түсірді.

“Талдықорған қаласы, Шевченко көшесі, 51 мекенжайында орналасқан “Fresh” дәмхансында көрнекі ақпараттар тек орыс тілінде берілген, мемлекеттік тілде мүлдем ақпарат жоқ және қазақ тілінде ас мәзірі ұсынылмайды, яғни “Тіл туралы заңның” 21-бабы өрескел бұзылған. Сонымен қатар кафе қызметкерлері қазақстандық тұтынушылардың құқығын қорғау заңнамасының 24-басында көрсетілген міндеттерді орындаудан бас тартты”, – делінген шағымда. 

Бұл жағдайға қатысты қандай шара қолданылатынын Stan.kz тілшісі Жетісу облысының сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінен сұрады. 

“Болған жағдайға байланысты департаментке өтініш түсті. Ол  Жетісу облысының сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің қарауында. Өтінішке 10 күнде жауап беруге тырысамыз. Қосымша ақпарат береміз”, – деп мәлімдеді ведомстводағылар.

Заңгер Мейірман Шекеев қазақстандықтарды тұтынушы ретінде құқығын білуге және мұндай жағдайларға бейжай қарамауға шақырды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 13

Серіктес жаңалықтары