$ 515.97  537.8  5.25

Енді сталкинг жасағандар қылмыстық жазаға тартылуы мүмкін

Оның айтуынша, сталкерлер бастапқы кезде айыппұл төлейді. 

Фото: www.nippon.com
Фото: www.nippon.com

Қазақстанда Қылмыстық кодекске «сталкинг» ұғымын енгізу талқыланып жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Абзал Құспан айтты, деп хабарлайды Sкifnews.kz ақпарат порталы.

Депутаттың сөзіне құлақ түрсек, «сталкинг» терминін қазақшаға аудару қарастырылмаған. Өйткені бұл ұғым әлемдік деңгейде кеңінен қолданылады және халықаралық тәжірибеде осы атау сақталады.

Оның айтуынша, сталкерлер бастапқы кезде айыппұл төлейді. Ал егер ол әрекетін қайталаса, жазасы ауыр болуы мүмкін.

«Бұл норманың негізгі мақсаты – азаматтарды бірден соттап, түрмеге отырғызу емес, ауыр және аса ауыр қылмыстардың алдын алу. Біз Германия мен Канаданың тәжірибесін зерделедік. Канадада сталкинг ауыр қылмыс санатына жатады. Бірақ біз бұл норманы бірден ауыр қылмыстар қатарына қоспаймыз. Уақыт өте келе тергеу және сот тәжірибесі негізінде, егер қайталану жағдайлары жиілесе, оны ауырлатылған санатқа ауыстыру мәселесін қарастыруымыз мүмкін», – деді Абзал Құспан.

Жаңа норма қылмыстық теріс қылық ретінде енгізілуі мүмкін. Әзірге «Қылмыстың қайталануы немесе басқа ауыр құқықбұзушылыққа ұласуы мүмкін бе?» деген сұрақ талқылануда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары