Оқиға орнына полиция қызметкерлері келіп, жұртты сабырға шақырды.
Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданының Қызылтөбе ауылында тегін донер мен суши таратуға арналған акция жанжалмен аяқталды, деп хабарлайды Skifnews.kz қпарат порталы.
Фастфуд дәмханасының иесі әлеуметтік желіде тегін тамақ таратылатынын хабарлағаннан кейін, оқиға орнына көп тұрғындар жиналып, бір-бірін таптап кете жаздаған.
Жиналған халықтың санын көрген дәмхана иесі жағдайды бақылауда ұстай алмай қалды. Оқиға орнына полиция қызметкерлері келіп, жұртты сабырға шақырды.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, кәсіпкермен профилактикалық әңгіме жүргізілген. Дәмхана иесі тұрғындардың көп жиналатынын күтпегенін айтып, келесі жолы мұндай жағдайды болдырмауға уәде берді.
«Қызылтөбе ауылында халық көп жиналғандықтан, тегін тамақ тарату орнын өзгертіп, басқа ауылда өткіздік. Болашақта бұл жағдай қайталанбайды. Кешірім сұраймын», – деді кәсіпкер.
Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбеде тегін донер таратқан кәсіпкерге айыппұл салынған болатын.