Кейбір радикалды топтар толерантты көрінуге тырысып жатыр.
«Зекет» қорына қатысты былық, «Астанадағы имамның зәулім үйі», Дінге саясат араласса не болады? Имамдар туралы өсек неліктен көбейіп кетті? Радикал топтар аяқасты өзгеріп, неліктен тынышталып қалды? Осы мәселелер туралы белгілі исламтанушы Асқар Сабдин «Qasqa jol» ютуб каналына берген сұхбаты барысында айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оның пайымдауынша, қазір халық кез келген ақпаратқа күдікпен қарауы керек. Өйткені әртүрлі өсек, мем, карикатурға негізінде тарап жатқан ақпараттарға күдікпен қарамаса болмайды. Себебі кейде ақпараттар біреуді қаралау, танымал адамның артынан өсек тарату үшін қолданылады.
Сондай-ақ ол радикалды топтар туралы пікірін ашық айтты. Бағдарлама барысында журналист «Қазір елімізде дінге қатысты жалпы жағдай тыныш. Радикалды топтардың тынышталып қалғанын қалай түсіндіресіз? Әлде, біз бір нәрсені білмейміз бе?» деп сұрады.
«Радикализмнің себептері көп қой. Жалпы, біздің елде кезінде радикалды топтардың белсенді әрекет етуі – халықаралық террорлық ұйымдарға қатысты еді. Себебі елімізде ұйымдастырылған зорлық-зомбылыққа қарсы акциялар шетелдік пәтуалардан кейін жасалды. Азаматтарымыз Сирия, Ирак жаққа кетті. Сол жақтағы уағыздарды біздің жамағатқа дейін жеткізді. Қазір енді радикализмнің ислам сигментіне әсерін айтатын болсақ, мұсылман үмбетінде бәсеңдеді. Халықаралық деңгейде тыныштық бар. Сондықтан біздің елде де сол тыныштықтың белгісі бар. Бірақ бұл процестер жүрмей жатыр деген сөз емес. Жаңа бір үрдіс пайда болды. Жастардың радикалдануы деген. Жастар арасында радикализмге қатысты қылмыстық істер бар. Сотталып жатқан жастар жетерлік. Өкінішке қарай, мектеп оқушыларына дейін түрмеге түсіп кетті. Бұл жағын қоғам көре бермейді. Әлі радикализмнің идеологиясы жүріп жатыр. Кейбір радикалды топтар толерантты көрінуге тырысып жатыр. Сирияда талай жылдар бойы азаматтық соғыс болды. Қазір де біраз мемлекеттің заңнамасы бойынша террорлық болып есептелетін топтар билікке келді. Бірақ ол топтардың барлығы бұрынғы радикалдың әңгімесін қойды. Олар ашықтық жариялап, бұрынғы әңгімесін қойды», – деді ол.
Дінтанушы радикал топтардың өзгере қалуын былайша түсіндірді.
«Дінге саясат араласқасын осылай болады. Кезінде әлем дінді әсіресе, ислам дінін Совет үкіметіне қарсы қатайтып, соғысу үшін осындай радикалды топтарды қолдады. Алпауыт мемлекеттер Совет үкіметін әлсірету үшін кәдімгідей дінді қаржыландырды. Саяси лидерлер өз мүддесі үшін діндарлықты қолданды, қатайтты. Совет үкіметі ақыры құлады. Енді діндарлық биліктегілерге қауіп төндіре бастады. Қатал діндарлық биліктің өзіне қарсы шапты. Енді қатаң діндарлықты суыту үшін либерализацияға жол беріп жатыр», - деді Асқар Сабдин.