Ал биыл бір айда 10 материал тіркеліп отыр.
Ақтөбе облысында кәсіпорындарда болған жазатайым оқиғалар салдарынан 12 адам көз жұмып, 72 адам жарақат алды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Қуаныш Қамиевтің айтуынша, биыл жыл басынан бері өңірде 4 жазатайым оқиға болған. Салдарынан 4 адам жарақат алған.
"Былтыр Ақтөбе облысындағы кәсіпорындарда 68 жазатайым оқиға тіркеліп, салдарынан 72 адам жарақаттанып, 12 жұмысшы көз жұмды. Оның ішінде 4 топтық оқиға кезінде 8 адам жарақат алды. Жалпы, өткен жылы тіркелген оқиғалардың 20 пайызы тау-кен өндірісі саласында болып отыр. Сондай-ақ жазатайым оқиғалар темір жол саласында да азаяр емес", - дейді ол.
Қуаныш Қамиев өңірде тіркелген жазатайым оқиғаларының дені жол-көлік оқиғаларының салдарынан болғанын, сондай-ақ жұмысшылардың жауапсыздығы мен қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан екенін жеткізді.