Аталған оқиға бойынша тергеу жұмыстары басталды.
Бүгін, 2 наурыз күні Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылындағы жеке тұрғын үйде бір отбасы мүшелерінің улану оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Құтқарушылар мен жедел жәрдем бригадалары оқиға орнына жеткен кезде үйден 7 адамды тапты. Олардың бесеуі — кәмелетке толмаған балалар. Барлығы оқиға орнында көз жұмды.
Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің алдын ала болжамы бойынша, қайғылы оқиға газ жабдықтарын пайдалану ережесін бұзу салдарынан болған.
Төтенше оқиғаның себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Оны Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов басқарады.
— Қайтыс болған отбасының туыстарына жан-жақты көмек беріледі, соның ішінде жерлеу рәсімін ұйымдастыруға қолдау көрсетіледі. Аталған оқиға Маңғыстау облысы әкімінің жеке бақылауында болады, - делінген Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.