$ 496.71  531.33  5.55

Орал қаласының тазалығына бөлінген миллиардтар қайда кетіп жатыр?

Бұл компанияның құрылтайшысы әрі иесі – Amanat партиясының мүшесі, бұрынғы Орал қалалық және қазіргі БҚО мәслихатының депутаты Тұрарбек Тлемисов.

Коллаж: sn.kz
Коллаж: sn.kz

Орал қаласындағы көше тазалығына қатысты тұрғындардың шағымы жыл сайын артып келеді. Иә, Орал жасыл қала, таза қала дегенімізбен, жергілікті атқамінерлердің жауапсыздығынан бірқатар мәселе туындайды. Әсіресе қарлы боран мен жауын-шашын кезінде көшелердің дер кезінде тазаланбауы жергілікті тұрғындардың наразылығын күшейтіп отыр. Осы орайда Skifnews.kz ақпарат порталы жағдайдың мән-жайын анықтауға тырысты.

Монополия мен оның салдары

Орал қаласының тазалық жұмыстары соңғы 9 жыл бойы бір ғана компания – «Жайық Таза қала» ЖШС-ға беріліп келеді. Бұл компанияның құрылтайшысы әрі иесі – Amanat партиясының мүшесі, бұрынғы Орал қалалық және қазіргі БҚО мәслихатының депутаты Тұрарбек Тлемисов. 2016 жылдан бастап 2024 жылға дейін бұл компания бюджеттен 25,4 миллиард теңгенің тапсырысын алған. Оның ішінде 111 келісімшарттың 66-сы бір көзден сатып алу арқылы жасалған. Бұл туралы бізге өңірдегі белгілі заңгер, қоғам белсендісі Бауыржан Зәки айтып берді.

Бауыржан мырзаның сөзінше, монополистік жағдайдың кесірінен компания өз қызметінің сапасын жақсартуға аса мүдделі болмай отыр. Мәселен, 2023 жылы 7,4 миллиард теңге бөлінгенімен, қала тұрғындары қыс мезгілінде жолдардың уақытылы тазаланбағанын айтып, бірнеше рет шағымданған. Мұндай жағдай былтырғы қараша айында да қайталанған.

Прокуратура бәсекелестікке қарсы іс-қимыл фактісін тапты

Тергеу Оралды тазалау мен «Жайық Таза қалаға» қатысты жүргізілді. 2024 жылдың 13 қарашасында БҚО прокуроры Серік Шалабаевқа мемлекеттің мүддесін қорғау мақсатында, бюджет қаражатын тиімді пайдалану және бәсекелестікті дамыту үшін адвокатт ресми хат жазған. Хатта:

  • Орал қаласының көше-жол желісін күтіп ұстау және санитарлық тазалау үшін бірнеше бөлікке (зонаға) бөлуді;
  • Қаланы тазалауды жалғыз өзі атқаратын компания-монополистке қатысты прокурорлық тексеріс жүргізуді талап етілді.

29 қарашада бұған Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің БҚО департаменті басшысы Салават Вахитов жауап берді. Оның айтуынша:

  • 2024 жылдың 12 сәуірінде Прокуратура Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімін тексеру туралы тапсырма берген;
  • Орал ТҮКШ бөлімі «көшелерді күтіп-ұстау және санитарлық тазалау» жұмыстарын тендерге негізсіз бір лотқа біріктірген;
  • Кәсіпкерлік кодексінің 194-бабын бұзған, яғни, бәсекелестікке қарсы әрекет жасаған.

Былтыр 3 желтоқсанда БҚО прокурорының орынбасары Дәурен Омарғалиев қалалық бөлімнің тарапынан бәсекелестікке қарсы әрекет жасау фактісі анықталып, бұрынғы басшы Жандос Дүйсенғалиевке Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 163-бабымен 1 107 600 теңге немесе 300 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынғанын хабарлады.

Сондай-ақ, ТҮКШ бөлімі мемлекеттік сатып алу кезінде талап етілетін техникалық сипаттамаларды күрделендіргені анықталған. Заң бұзуды тоқтату және бұзушылықтарды жою шараларын қабылдау туралы нұсқама енгізілген. Оралды тазалау жұмыстарын жүргізетін «Жайық Таза қала» ЖШС-нің иесі депутат Тұрарбек Тлемисов екенін ескерсек, бұл бөлімнің не себепті бәсекелестікке қарсы әрекет жасағаны түсінікті бола түседі.

Мемлекеттік тапсырыс «жеңімпазы»

Қоғамбелсендісі Б. Зәкидің сөзінше, шенеунік Тұрабек Тлемисов мемлекеттік тапсырыс алудың «жеңімпазы атанған». Себебі ол 2023-2024 жылдары «Жайық Таза Қала» ЖШС арқылы 11 келісімшартпен 8,8 млрд ақша ұтқан. Одан бөлек Темірлан мен абылайхан есімді балаларын тіркеп, 5 келісімшарт арқылы 155 млн ақша бөлдірген. Ең қызығы сол, депутат өзі бюджетті бөледі, әкімдікке тапсырма береді әрі кейін мердігер болып салық төлеушілердің ақшасын алады. Сонда бұл жағдайды қала әкімі Мұрат Байменов немесе облысы әкімі Нариман Төреғалиев білмей отыр дейсіз бе? Әрине, жақсы біледі.

Шешім бар ма?

Қоғамдық кеңесте бұл мәселеге қатысты ұсыныстар талқыланды. Соның ішінде қаланы үш негізгі ауданға бөліп (Орталық, 6-шағын аудан, Зашаған), тазалық жұмыстарын бірнеше бәсекелес компания арасында бөлу ұсынысы көпшіліктің қолдауына ие болды. Бұл тәжірибе Алматы, Астана және Ақтөбе сияқты қалаларда сәтті жүзеге асып келеді.

«Оралдағы әкімдер мен облыс басшыларының бұл мәселеге қатысты нақты шешім қабылдамағаны таңғаларлық. Бұрынғы әкімдердің барлығы «Жайық Таза қала» ЖШС-нің үстемдігін өзгертуге мүдделі болмаған сыңайлы. Қазіргі әкім Мұрат Байменов бұл жағдайды қайта қарастыра ма, белгісіз», – дейді сарапшы Б. Зәки.

«Жаңа жүйе қажет»

Монополияның сақталуы, мемлекеттік тапсырыстардың бір ғана компанияға берілуі, сондай-ақ, бұл компанияның иесінің саяси ықпалы қоғамда сұрақтар туғызады.

Осыған байланысты адвокат мына нәрселерді ұсынған:

  • 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Орал қаласын бірнеше тазалау аймағына бөліп, бәсекелестік орнату;
  • Бұл мәселені БҚО әкімдігі мен тиісті мемлекеттік органдардың бақылауына алу;
  • Прокуратура, Антикор, Бәсекелестікті қорғау агенттігі, Жоғары аудиторлық палата және Мәжіліс деңгейінде мәселені талқылау ұсынылады.

Қала тазалығы – халықтың жайлы өмір сүруінің маңызды бөлігі. Сондықтан бұл мәселе билік органдарының ғана емес, қоғамның да жіті бақылауында болуға тиіс. Ел тілегі – біздің де тілегіміз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 21
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары