$ 505.15  550.31  5.89

«Амал мерекесі» қайдан шықты? – тарихи деректер

Амал мерекесінің түпкі мәні – табиғаттың жаңаруы мен халықтың жаңа өмірге қадам басуы.

Фото: gov.kz
Фото: gov.kz

14 наурыз – еліміздің батыс өңірінде ерекше атап өтілетін күн. Біреулер мұны Амал мерекесі десе, кейбірі Көрісу күні дейді. Қалай десек те, бұл мереке тек Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау аймақтарында ғана емес, жалпы қазақ халқы үшін де маңызды. Себебі дәл осы күні жұртшылық бір-бірімен көрісіп, амандық-саулық сұрасып қана қоймай, іштегі өкпе-ренішті ұмытып, татуласады. Осы орайда Skifnews.kz ақпарат порталы ел ішінде ерекше мәнге ие күннің тарихына шолу жасады.

Тарихи деректер не дейді?

Наурыз мейрамына қатысты тарихи жазбаларға сүйенсек, Ахат Шәкерімұлының еңбектерінен қызықты деректерді кездестіреміз. Ол өз жазбаларында: «Табиғаттың қайта түлеп, жаңаруы адамзаттың да жаңа тілек, жаңа үмітпен өмірге аяқ басуымен тікелей байланысты» деп атап өткен. Сонымен қатар Ахат Шәкерімұлы әкесінен естігенін келтіріп: «14 наурыз – ескіше 1 наурыз, қазақша жаңа жыл. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл парсы тілінде "жаңа күн" деген мағынаны білдіреді», – деп жазады.

Picture background

Сондықтан болар, Батыс өңірінде 14 наурыз жыл басы ретінде тойланып, халық бұл күні бір-бірімен арнайы көрісіп, құттықтау айтуды дәстүрге айналдырған. Үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсететін осы мерекеде жасы кішілер ауыл ақсақалдарына барып, амандасып, батасын алады.

Амал мерекесі қайдан шықты?

Амал мерекесінің түпкі мәні – табиғаттың жаңаруы мен халықтың жаңа өмірге қадам басуы. Зерттеушілердің пікірінше, "Амал" сөзі парсы тіліндегі "хамал" сөзінен шыққан. Көктем басталғанда, күн Хамал шоқжұлдызына енеді. Бұл – жаңа жылдың басталғанын білдіретін ерекше кезең.

Маңғыстаудағы ерекшелік

Еліміздің батысындағы барлық өңір бұл күнді бірдей атап өтсе де, Маңғыстау жұрты Амал мерекесін өзгеше дәстүрмен қарсы алады. Мереке Отпан таудың басында ұран-от жағумен басталады. Бұл рәсімге елдің ақсақалдары мен зиялы қауым өкілдері қатысады. Халықтың басын қосатын бұл үрдіс туралы ақын Сабыр Адай:

«Туысқа туыс ерген күн,
Кербездеп кеуде керген күн.
Бірлігін көріп халықтың,
Отпан тау төрін берген күн», – деп жырлаған.

14 наурыз – Жыл басы ма?

Амал мерекесінің 14 наурызда тойлануының түп-тамырына үңілсек, оның астрономиялық және мәдени негіздері бар екенін байқаймыз. Маңғыстаулық педагог, жазушы Қабыл Әбдірахманұлының айтуынша, бұрын жұлдызшылар күнтізбе бойынша жаңа жылды наурыздан бастаған.

 «Кеңес дәуіріне дейін жыл санау дәстүрінде 14 наурыз жылдың басталуы болып есептелді. Кей жерлерде, мысалы, Бесқала қазақтары бұл күнді 13 наурызда атап өтеді», – дейді ол.

Өңір халқы бұл күнді ерекше қастерлеп, бір-біріне «Бір жасыңмен!», «Жасың құтты болсын!», «Қайырлы жас болсын!» деп тілек айту дәстүрге айналдырған. Бұл халықтың жаңа жылға деген ықыласын білдіреді.

Басқа халықтағы ұқсастықтары

Амал мерекесі жылдағы дәстүр бойынша 21-22 наурыз күні тойланатын Наурыз мейрамының бастауы іспеттес. Ал Наурыз бізден басқа түркі халықтарында және Орта Азияда ежелден тойланған дәстүрлермен ұқсас.

- Иран мен Ауғанстандағы Наурыз мейрамы – табиғаттың жаңаруы мен жаңа жылдың басталуымен байланысты.

- Қырғыздардағы Нооруз – қазақтың Наурызына жақын мереке.

- Башқұрттар мен татарлардағы Наврез байрамы – көктемгі жаңару мейрамы.

- Өзбек, түркімен халықтарында да Наурыз мерекесінің түрлі формалары сақталған.

Неліктен бұл дәстүр тек батыс өңірде сақталды?

Бұл дәстүрдің дәл батыс аймақтарда сақталуының өзіндік тарихи, мәдени және географиялық себептері бар. Зерттеушілердің пікірінше, оңтүстік өңірлерге отырықшы мәдениет ертерек келіп, иран және парсы халықтарының жазба дәстүрімен ықпалдаса дамыды. Сондықтан бұл аймақта жыл басы 21-22 наурызға сәйкестендіріліп, Наурыз мерекесі ретінде тойланып келеді.

Ал батыс өңірдегі көшпелі өмір салты мен ауызша тарихтың ықпалы басым болғандықтан, жергілікті аңыз-жырларда жаңа жылдың басталуы 14 наурызға бекітілген. Сондықтан зерттеушілер «Амал» сөзінің шығу тегін астрономиялық құбылыстармен байланыстырады. Олардың пайымдауынша, бұл атау ежелгі «Хамал» жұлдызының атауынан шыққан. Дәл осы кезеңде табиғаттың өзгеріп, қыс ызғарының толық сейілуі көшпенді жұрт үшін жаңа жылдың бастауы ретінде белгіленген.

Осылайша, Амал мерекесі – табиғатпен үндестікте өмір сүрген қазақ халқының таным-түсінігінің айқын көрінісі. Бұл дәстүрдің әлі күнге дейін сақталуы халқымыздың тарихи жадындағы терең тамырлардан хабар береді. Бұл аймақта парсы, иран халықтарының ықпалымен 21-22 наурыз жыл басы ретінде танылған. Ал батыс өңірлерінде көшпелі мәдениет басым болғандықтан, жергілікті аңыз-жырларда жыл басы 14 наурыз деп белгіленген. Бұл туралы атыраулы тарихшы Ш.Нағымұлы: «Көрісу – қазақтың жаңа жыл мерекесі. Ал Наурыз – бүкілхалықтық зайырлы мейрам, оның дінге қатысы жоқ», – дейді.

Амал мерекесінің қазіргі қоғамдағы маңызы

Қазіргі таңда Амал мерекесін тек батыс өңірде ғана емес, еліміздің басқа аймақтарында да атап өту үрдісі қалыптасып келеді. Жыл сайын бұл күн ұлттық деңгейде тойлануы үшін түрлі бастамалар көтеріліп жатыр. Білім беру ұйымдарында Амал мерекесі насихатталып, ұлттық спорт түрлері мен мәдени шаралар ұйымдастырылады.

Бұл туралы Маңғыстау өлкесіндегі музей ісінің ардагері Тамара Жұмалиева айтты.

- Бізде көрісу дәстүрі бір күнмен шектелмейді, ол Амалдан Амалға дейін жалғасады. Иә, расымен де, бұл мерекенің ерекше мәні бар. Отпантау – тарихы терең, елдің басын біріктіретін киелі орын. Биіктігі шамамен 500 метрді құрайтын бұл мекенге халық Амал мерекесінде жиналып, жақсылық пен бірліктің белгісі ретінде ұран-от жағады. Бұл – татулықтың, рухани тұтастықтың символы. Ел ағалары, соның ішінде Сабыр Адай сынды азаматтар көшті бастап, жұртшылықты осы дәстүрді сақтауға үндейді. Амал мерекесі – қызығы мен мағынасы мол, рухани күш сыйлайтын күн. Осындай кезде халықтың дұға-тілегі қабыл болып, өткенге тағзым етіледі. Алайда біз соңғы жылдары киенің мәнін ұмыта бастадық. Осы себептен де қазір рухани тұтынушыға айналып, ұлттық құндылықтарымыздан алыстап барамыз. Мысалы, бұрын қазақ даласында киіз басу кең тараған кәсіп болса, бүгінде Шетпе өңірінде осы өнерді меңгерген жан қалмады. Бұл – ойланатын мәселе. Қырғыздарда киіз басудан арнайы жарыстар ұйымдастырылса, бізде мұндай дәстүрлі өнер неге дәріптелмейді?-дейді ол.

Сонымен қатар Мәдениет саласының үздігі Тамар Жұмалиева Амал мерекесі сияқты дәстүрлерді білмеу біздің ұлттық тамырымыздан ажырап бара жатқанымыздың белгісі екенін айтады. Оның айтуынша, қазақы болмыс пен шын өмірдегі әрекет бір-бірімен үндесуі қажет.

- Қазақы болмысымыздан ажырап бара жатқанымыздың бір дәлелі – жеңіл өнеркәсіптің құлдырауы. Бір кездері Алматыда бұл сала қарқынды дамып, елімізде мықты фабрикалар жұмыс істеген еді. Ал қазір олардың ізі де қалмады. Біз шетелдік тауарға тәуелді болып, Қытайдың киімін киіп, түріктің сериалдарын тамашалап, өз өндірісімізді ұмытып барамыз. Мұнайға сеніп отыра берудің де болашағы бұлыңғыр. Тіпті, қойдың жүнін пайдаға асырудың орнына оны өртеп, ысырап қылып отырғанымыз өкінішті жағдай. Бұл – үлкен регресс. Ұлттық рух пен тарихи дағдыларды сақтау елдің бірлігін нығайтып, өз болмысымызды жоғалтпауға жетелейді. Бүгінгі буын мұны саналы түрде түсініп, төл мәдениетін жаңғыртуға ұмтылуы қажет. Себебі түп-тамырымызды сақтамасақ, ұлттық болмысымыздан мүлдем ажырап қалуымыз мүмкін, – дейді ардагер апамыз Т. Жұмалиева.

Сонымен қорыта айтар болсақ, 14 наурыз – тек адамдар бір-бірімен көрісетін күн ғана емес. Бұл күн – достық пен татулықтың, ауызбіршіліктің нығаятын шағы. Қазіргі таңда аталмыш мейрамның ауқымы кеңейіп, еліміздің басқа өңірінде де атап өту дәстүрі қалыптасып келеді. Әсіресе, былтыр табиғаттың тосын мінез танытып, еліміздің батыс өңірін су басқанын ескерсек, «амал ету» ұғымының терең мағынасына көз жеткізе түсеміз. Қазақ халқы табиғи құбылыстарды зерттеп, соған сай әрекет етуді ежелден білген. Бүгінде бұл білімді қайта жаңғыртып, табиғатпен үндестікте өмір сүру біздің басты міндетіміз болмақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 7
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары