$ 503.15  543.3  5.93

Қояндыны биыл тағы да су басты: әкімдік қайда қарап отыр?

Астана іргесіндегі Қоянды ауылы биыл тағы да су астында қалды. Көктем келісімен жергілікті тұрғындар жертөлелері мен аулаларын басқан суды сыртқа шығару үшін әбігерге түседі.

Фото: тұрғындрдан
Фото: тұрғындрдан

Бұл жағдай жыл сайын қайталанатын «дәстүрлі» апатқа айналып барады. Ал әкімдік әдеттегідей құр уәде беруден әрі аспай отыр. Бұған Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен Қоянды ауылының әкімі Солтанбай Бақытхан тікелей жауапты. Былтыр да Қояндының әкімі осы адам болған еді. Сонда 2 жылда 2 рет Астана іргесіндегі үлкен ауылды суға кетірген облыс әкімі мен оның нөкері ай қарап отырған ба?..

Мәселенің басты себебі

Қояндыдағы су тасқынының басты себебі – қардың уақытылы шығарылмауы. Қыс бойы ауыл ішіндегі көшелерден қар тазаланбаған. Әкімдік өз міндетін орындағандай болып, бірнеше техника әкеліп, өтірік есеп үшін орталық көшенің қарын ғана шығарған. Ал қалған көшелерді қалың қар басып, көктемгі күн жылынғанда сол қар еріп, су болып, аулалар мен үйлерге жайылады. Бұл туралы мәселенің егжей-тегжейін Қоянды ауылының тұрғындары айтып берді.

«Ауылдың жағдайы расында да мәз емес. Су түгел жайылып кеткен. Бұл жағдай жылда қайталанады. Әкімдік пен әкімнің қолында дәрмен жоқ, мұны ауыл халқы да жақсы біледі. Ең басты себеп сол баяғы: ауыл ішіндегі қар қыс бойы шығарылмайды. Жалған көзбояушылық үшін бірнеше жүк көлігін әкеліп, қарды шығарып жатырмыз деп фотоға түседі де, шаруа сол күйі бітеді. Нақты тазалау жұмыстары жүргізілмейді. Тек орталық көшенің қарын ғана шығарады. Оның өзінде толық емес, себебі ол көшемен ел қалаға қатынайды, автобус жүреді. Сондықтан амалсыздан қарды аздап шығарады. Ал өзге көшелер қар астында қалып, көктем келгенде суға батып қалады», – редакцияға пікірін айтқан ауыл тұрғыны Сержан Манасұлы (аты-жөні өзгерген – ред.).

Екінші үлкен мәселе – дұрыс жоспарланбаған инфрақұрылым. Былтырдан бері ауыл ішінде жол салу жұмыстары жүргізілген. Бірақ кез келген жол құрылысында суағарлар мен арықтар қарастырылуға тиіс. Қояндыда бұл ескерілмеген. Су еріген соң, ешқайда ағып кете алмай, үйлер мен көшелерді басып қалған. Енді әкімдік осы жолдарды қайта бұзып, судың алдын алмақшы. Бірақ бұл – уақытша шара ғана, ал мәселенің түпкілікті шешімі жоқ. Сол себепті Қоянды тұрғының сөзінше, ауылда суағар мен арықтың жоқтығы жергіліктің халықтың ауқымды проблемасына айналған...

«Екінші мәселе – жол құрылысы. Ауыл ішіне былтырдан бері жол салынып жатыр. Бірақ жол салғаннан кейін суағарлар мен арықтар болуы керек қой. Есі дұрыс адамдар солай істейді. Алайда мұндай инфрақұрылым қарастырылмаған. Қар суы ағып келіп, жолға тіреледі де, ары қарай өте алмай аулаларға, үйлерге кіруде. Енді сол былтыр салынған жолдарды қайта бүлдіріп, суға жол жасап, қайтадан қазып жатыр. Өткен жылы ауыл тұрғындары әкімдікке арнайы барып, суағар салуды талап еткен. Бірақ әкімдік жобада бәрі қарастырылғанын айтып, уәде берген. Бірақ іс жүзінде бұл мәселе шешілмей, қайтадан үлкен проблемаға айналып отыр», – дейді ол.

Ауылда суды ағызып, далаға шығару үшін арықтар қазылған екен. Бірақ ауылдағы жұртшылық арықтың өте нашар екенін жиі айтады.

«Үшінші мәселе – арықтардың сапасыздығы. Су жиналған жерлерге әкімдік кейіннен арық қазды. Бірақ бұл арықтар ешбір стандартқа сай келмейді. Кейбір арықтар тіпті тұрғындардың аулаларын кесіп өткен. Геодезиялық өлшемдер жасалмай, судың табиғи ағысын есептемей қазылғандықтан, кейбір арықтармен су жүрмейді де. Енді әкімдік бұл арықтарды қайта жауып, жазда тегістейміз деп отыр. Бірақ тұрғындар бұл уәдеге сенуден қалған. Себебі бұған дейін де осындай уәделер айтылғанымен, нәтиже шықпаған. Бұрынғы жылы жол салған кезде де әкімдік жаяу жүргіншілер жолағы салынады деп уәде берген, алайда ол да орындалмады», – мәселенің мән-жайын баяндаған ауыл тұрғыны С. Манасұлы.

Қоқыс өңдеу полигоны – «жаңа» мәселе

Тұрғындарды алаңдатып отырған тағы бір мәселе – ауыл маңына қоқыс өңдеу полигонын салу жоспары. Су тасқыны мен батпақтан әбден қажыған ауыл халқы енді қоқыс проблемасына тап болуы мүмкін. Әкімдік бұл жоба бойынша да нақты жауап бере алмады.  Сержанның айтуынша, қазір ауылдың маңына қоқыс өңдейтін полигон салу жоспарланып қойыпты. Оның сөзінше, жергілікті тұрғындар бұған да наразы екен.

«Төртінші мәселе – қоқыс өңдеу полигоны. Ауыл маңына қоқыс өңдейтін полигон салу жоспарланып қойыпты. Батпақ пен қарғын судан құтыла алмай отырған халық енді қоқыстың астында қаламыз ба деп алаңдаулы. Бұл мәселеге қатысты да әкімдік тарапынан нақты түсініктеме берілген жоқ», – дейді ол.

Халық әкімдікке неге сенбейді?

Жергілікті тұрғындар бірнеше жылдан бері су тасқынын болдырмау мәселесін көтеріп келеді. Өткен жылы ауыл халқы әкімдікке арықтарды дұрыстап салу туралы талап қойды. Алайда шенеуніктер «бәрі жобада қарастырылған» деп уәде берген. Бүгінгі күні сол уәделердің орындалмағаны айдан анық көрініп тұр.

Қазір жағдай тіпті ушығып тұр. Әкімдік асыққаннан не істерін білмей, арықтар қазып, суды сыртқа ағызуға тырысып жатыр. Бірақ бұл арықтардың ешқандай инженерлік өлшемдерге сай еместігі де көрініп тұр. Кейбір арықтар судың табиғи бағытын ескермей, тұрғындардың аулалары арқылы өтіп жатыр Тіпті кейбір жерлерде қазылған арықтар арқылы су жүрмейді де. Қоянды халқы жыл сайын қайталанатын бұл мәселенің түпкілікті шешімін талап етіп отыр. Сондықтан да жергілікті жұрт өте қатты ашулы. Бірақ жергілікті билік уақытша шаралармен ғана шектеліп, жүйелі шешім қабылдауға асығар емес. Қарды уақытылы шығару, суағарларды дұрыс орналастыру, инфрақұрылымды сауатты жоспарлау – қарапайым қағидалар. Бірақ бұл міндеттерді орындау әкімдікке қиын болып отырған сыңайлы.

Бұл мәселеге Мәжіліс депутаттары да назар аударды. Жуырда депутаттар Қоянды ауылына арнайы барып, жағдайды бақылап қайтты. Нәтижесінде орталық көшелерге қиыршық тас төселіп, қоғамдық көліктердің жүруіне жағдай жасалды. Бірақ бұл да – уақытша шешім ғана.

Қоянды халқы не күтеді?

Ауыл тұрғындары әкімдік тарапынан нақты әрекет күтіп отыр. Жыл сайын қайталанатын су тасқынына қарсы кешенді шаралар қабылдануға тиіс. Әйтпесе, бұл мәселе жыл сайын қайталана бермек. Тұрғындар қарды уақтылы тазалау, дұрыс суағарлар салу, инфрақұрылымды реттеу, жаңа жолдарды сапалы салу сынды қарапайым талаптарды орындауды сұрап отыр.

Әкімдік өз жұмысын дұрыстамаса, Қояндыдағы жағдай тек ушыға бермек. Ал халықтың шыдамы таусылуға жақын.

Қоянды – елорда іргесінде орналасқан, бірақ жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан мәселелері көп елді мекендердің бірі. Тұрғындар қардың дер кезінде тазаланбауынан көктемгі су тасқыны кезінде аулалары мен жертөлелері суға толып кететінін жеткізді. Бұл мәселе жыл сайын қайталанып отыр. Әкімдік тарапынан әрекет жасалғанымен, тұрғындардың айтуынша, олардың жұмысы жүйесіз, тиімсіз болып отыр.

Қоянды ауылындағы инфрақұрылымдық мәселелерді шешу депутаттар мен тиісті органдардың бақылауында болмақ. Алдағы уақытта да бұл мәселеге қайта оралып, тиісті мекемелерден есеп талап ету жоспарда бар. Жергілікті халықтың өмір сүру сапасын жақсарту – басты міндеттердің бірі. Сондықтан ауыл тұрғындары көтерген түйткілдер бақылауда болмақ.

Өткен жылы Қоянды ауылының (Ақмола облысы, Целиноград ауданы) тұрғындары көктемгі су тасқынына қарсы наразылық танытып, жолды жауып, митингіге шыққан еді. Бірақ арада бір жылдай уақыт өтсе де, жағдай сол күйінде қалып отыр. Биыл да бірнеше үйге су кіріп, көшелерде жүру мүмкін болмай қалған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қыс бойы көшелерден, аулалардан жиналған қар дер кезінде тазартылмаған.

«Таситын өзеніміз де жоқ, еріген қар суы ғана, соның өзімен күресе алмай отырмыз», – дейді ауыл тұрғындары.

Техниканың «қолы» тимеген қар

Қазір ауыл ішіне кіргенде, жолмен жүрудің өзі азап. Бір көшеден екіншісіне жету мұң – жаяу жүргінші де, көлік те су кешіп, айналып өтуге мәжбүр. Ауылдың әр түкпірінде үйілген қар жатыр. Әрине, еріп жатыр. Бірақ оның қыс бойы тазаланбағаны, арнайы техниканың бұл аймаққа "аяқ баспағаны" анық көрініп тұр. Ал еріген қар суы болса, көшелерді басып, үйлерге жайылып кеткен.

«Су астында қалған» бірнеше көшенің тұрғынымен сөйлесіп көрген едік. Бірі ашуға булығып, ештеңе өзгермейтініне қапа болса, екіншісі өздері суды шелектеп тасып жүр. Бәрінің айтатыны бір: әкімдік тарапынан ешқандай нақты әрекет жасалмаған. Ал үйіне су кірген отбасылар шарасыз күйде. Ауыл халқының айтуынша, бұл жағдай қайталана беретініне әбден көзі жеткен. Өйткені жылда осылай. Әкімдік жыл сайын уәде береді, бірақ мәселе сол күйі қалады.

Жергілікті тұрғындар бірнеше рет әкімдікке шағымданып барған. Бірақ билік тарапынан әлі күнге дейін нақты көмек көрсетілмеген. Құтқарушылар тарапынан кейбір көшелерде суды тарту жұмыстары жүргізілгенімен, оның өзі жеткіліксіз. Тұрғындар әкімдіктің "бұл мәселе бақылауда" деген құр сөзінен шаршаған. Ал жағдай күн сайын ушығып барады.

Жауапсыздық пен уәденің орындалмауы

Қоянды халқының талап-арызы жыл сайын қайталануда. Су тасқынының алдын алудың нақты жоспары жоқ. Қар дер кезінде тазаланбайды, суағарлар салынбайды, төтенше жағдай қызметтері дер кезінде әрекет етпейді. Тұрғындар әкімдіктен нақты шараларды талап етіп отыр. Бірақ бұл талаптың қаншалықты орындалатыны – үлкен сұрақ. Қояндыдағы су тасқыны мәселесі тек көктемгі кезеңде ғана емес, жалпы инфрақұрылымның дұрыс жолға қойылмауынан туындап отыр. Әкімдік бұған дейін уәде еткен шешімдердің ешқайсысын орындамады.

Тұрғындар енді бұл мәселені тек ауыл әкімдігі емес, аудандық және облыстық деңгейде, тіпті республикалық деңгейде шешуді талап етіп отыр. Әйтпесе, Қояндының су астында қалуы жыл сайын қайталана бермек. Ал әзірге жағдай мәз емес, тұрғындар тағы да көмексіз қалды. Сөз басында айтқанымыздай, бұған Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен Қоянды ауылының әкімі Солтанбай Бақытхан тікелей жауапты. Жақында ғана Бурабайда өткен құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «былтырғы тасқыннан орталық та, жергілікті билік те тиісті қорытынды жасады деген тиісті ақпаратты алып жатырмын» деп еді. Бірақ нақты жағдай мұны теріске шығарып отыр. Сонда облыс әкімі Марат Ахметжанов та, ауыл әкімі Солтанбай Бақытхан да Президент сөзін теріске шығарып, осыған дейін өтірік есеп беріп келген бе?..

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 9
Ұнамайды 3
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары