$ 518.31  567.96  6.03

Интернет алаяқтар алдау тактикасын секунд сайын өзгертеді – Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасы

Адам өзі сауатты болмаса, оны жем болудан ешкім де толықтай құтқара алмайды.

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

Интернет алаяқтарына алданған адам саны азаяр емес. Алматы қаласының полицейлері ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы күрес департаменті мен қалалық прокуратураның қолдауымен интернет-алаяқтықпен айналысқан екі кеңсенің әрекетін әшкерелеген еді. Бұндай оқиға Алматы облысында да әшкере болды.Тіптен Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов интернет алаяқтарына қарсы заңды күшейту керектігін де мінберден көтерді. Полицияның  мәліметінше, интернет-алаяқтар елімізде отырып алып Call-орталығын ашқан.  Шетелдік азаматтар басқарған алаяқтық топ Орта Азия елдерінің азаматтарының депозиттерін бақылауға алып, оны өздеріне аударту үшін небір қитұрқы әрекеттер жасаған. Өздері кез-келген адамның шоттарына ақша аулартып,  оны өздеріне қайта қайтарып, ақыры талай адамдарды шатастыру арқылы  сан соқтырған. Ал жұмысқа алынған жергілікті жастар да не істеп не қойып отырғандарын түсінбеген. Олар ең бастысы-интернетпен жұмыс істеп отырмыз деп түсінген. Ал шындығына келсек, тергеу барысында кеңсе қызметкерлерінің бұл жұмысты интернет арқылы тапқаны белгілі болды. Оларды сұхбаттасу кезеңінен бастап оқытуға дейін кеңсе меңгерушілері ұйымдастырған. Жаңа қызметкерлерге тапсырмалар беріліп, олардың негізгі міндеті – P2P-төлемдеріне байланысты қаражат аударымдарын өңдеу екені түсіндірілген. Қызметкерлерге жеке ұялы телефон пайдалануға тыйым салынған және құпиялылық қатаң сақталған. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасуда. Бұл Алматы полицейлері құрықтан алаяқтық оқиғаның бір эпизоды ғана. Үш адам қамауға алынып, тағы 26 күдіктіге қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Интернет алаяқтарынан сақ болу жиі ескертілсе де адамдар алданып қалуын қояр емес. Skifnews.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі,  интернет алаяқтарымен күресудің қиындығын анықтап көруге тырысты. 
 
Бүгінде интернет алаяқтарының тактикасы күн санап емес, сағат сайын, секунд сайын өзгеріп жатқандықтан олармен күресу де қиынға соғып отыр дейді, Алматы қалалық киберқылмысқа  қарсы іс-қимыл басқармасының бастығының орынбасары Еркебұлан Қойшыбаев.  

«Жақында  50- ден астам адам интернетте  алаяқтық жасағаны үшін ұсталды. 200- ден астам қылмыстық іс ашылып, ол сотқа жөнелтілді. Ең көп таралғаны сайттарда тауар сатады. Алдын-ала төлемді қабылдап алып, артынан тауарын бермей зар жылатады. Өкінішке орай сайттардың аттарын атай алмаймыз. Барлығына танымал көлік және үй сататын сайттарда алаяқтар тауарларын жарнамалайды да, салдарынан аталмыш сайттардың басшылығы да абыройымызға нұқсан келді деп  шағымданады»  - дейді Алматы қалалық полиция департаментінің лауазымды қызметкері. 

Қарапайым адамдарды  интернет-алаяқтарынан құтқаратын бір ғана жолы - елді жаппай ақпараттандыру. Адам өзі сауатты болмаса, оны жем болудан ешкім де толықтай құтқара алмайды.

«Біздің полиция ретіндегі басты күресіміз - алаяқтарға алданбаудың жолдарын көрсетеміз. Қазір бүкіл халыққа  жаппай хабарландыру жіберіп жатырмыз.  Біз алаяқтардың қандай түрлері бар, олар қандай тактика қолданатыны туралы ақпаратты айтып, жиі қоғамға ақпарат қүралдары арқылы шығып, блогерлерге айтып, әлеуметтік желілерде мілімет беріп таратып жатырмыз»,  - дейді  Алматы қалалық киберқылмысқа  қарсы іс-қимыл басқармасының бастығының орынбасары Еркебұлан Қойшыбаев.  

Екіншіден, полицейлер ел көлемінде жаңа техникалар мен бағдарламаларды да  енгізіп жатыр екен. Басқа елдегі әріптестерімен бірлесе отырып жұмыс істейтін бағдарламаларды сынақтан өткізіп жатқанн жайы бар.  

«Қазір алаяқтар алдау тактикаларын өзгертіп жатыр. Алдымен олар қарапайым адамдарға психологиялық қысым жасайды. Олар жасы ұлғайған адамдарға қоңырау шалу арқылы құрықтарына түсіріп жатыр. Адамды алдаудың ең оңай тәсілі - сізге телефон соғып,  жағдайыңызды сұраған соң, сіздің   есеп счетыңыз, картаңыз бұғатталғанын немесе біреудің ақша ұрлап жатқанын айтып сендіреді. Сосын счеттағы ақшаңызды алыңыз да қауіпсіздік үшін біздің картаға салып қойыңыз деп өздерін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырады. Кейде тіпті байланыс маманы ретінде де өздерін таныстырып телефоныңыздың сим картасы да істемей қалады деп психологиялық қысымды үдете береді. Банктерліғ атын жамылатын алаяқтар да көбейіп барады»  - дейді тәртіп сақшысы. 

Сан соғып қалудан қорғанатын басты ереже — жеке басты куәландыратын ақпаратты ешкімге бермеу, жарияламау. Әсіресе банктік карточкаңды да смс кодттарды да ешкімге хабарламау қажет. Полицейлер, не банк қызметкерлері  немесе ұялы байланыс операторларды да ондай кодттарды сұрамайды,  сұрауға құқығы да жоқ.  Әсіресе интернеттегі белгісіз, күмәнді  сілтемелерге жоламау керек. 

«Интернет алаяқтары түрмеде отырған сотталушылар деп бұрын айтатын. Қазір олай емес.  Біз оны жойдық. Алайда қазір шығып жатқан интернет алаяқтарының көпшілігі Грузия. Ресей, Украинадан хабарласып жатыр. Іздеріне түскен кезде сол елдерге келіп тірелеміз. Кейбір техникалық іздер Еурапаға да апарады. Интернетте отыратын алаяқтар  –трансұлттық қылмыскерлер  болып саналатындықтан, оларды табудың өзі қиынға соғып жатыр. Дегенмен біздің мамандар халықаралық іс-сапарларға барып, интернет алаяқтарын ұстауға әрекет жасауда. Ол жерлерде заң да ереже де басқа болғандықтан, қиындықтар туындап жатыр. Қазір Қазақстан аумағындағы интернет алаяқтары құрықталып жатыр. Ал шетелдіктерден  үш-төрт топ қана ұсталды. Олардың өзі сол шетелдік полицейлердің көмегімен құрықталғандар»,  - дейді мамандар.

Қоғамдағы тағы бір басты проблема қаржы пирамидаларына алдану. Олда сақшылардың бас ауруына айналған. Ерікті түрде қаражатын беріп, кейін еңіреп келетін ересек адамдар аз емес. Тәртіп сақшыларэы,  бұл жерде адамдар өздері барып тұзаққа түсіп жатыр деп санайды. Ақшасын көбейткісі келетін адамдардың бәрі - оңай ақша тапқысы келеді. Өздері оларды тауып алып, айтқандарына сеніп, артынан бармақтарын тістеп жатқандар жетерлік. Сондықтан тегін ірімшік тек қана қақпанда болатынын кез -келген адам түсінуі керек дейді полиция қызметкерлері.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары