Анасының сөзінше, 2025 жылдың наурыз айына дейін қызы инъекция немесе күшті антибиотиктер алатындай қатты ауырып көрмеген.
Қостанайда ауруханада бір айға жуық емделген 7 жасар қыз көз жұмды. Баланың ата-анасы болған жағдайға дәрігерлер кінәлі деп отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы жергілікті басылымға сілтеме жасап.
7 жасар Раяна қаладағы № 22 мектепте оқыды. Оқу озаты болды. Анасының сөзінше, 2025 жылдың наурыз айына дейін қызы инъекция немесе күшті антибиотиктер алатындай қатты ауырып көрмеген.
Басылымның жазуынша, 28 ақпан күні Раянада жөтел пайда болды. Содан кейін ол анасымен бірге тұрғылықты жері бойынша №3 емханаға жүгінді. Учаскелік дәрігер балаға антибиотиктер мен сироптар жазып берген. 7 наурызда ол Раянаға мектепке баруға болатынын айтып, еңбекке уақытша жарамсыздық парағын жапты.
11 наурызда қыздың дене қызуы қайтадан көтеріліп, оның ата-анасы емханаға барады. Онда да медициналық қызметкер жөтелге қарсы сироптар мен дәрі-дәрмек жазып береді.
"Бізге қызымызда "ангина" екені, оның тамағын шаю қажет екені туралы айтылды. 14 наурызда дәрігерге барғанымызда, антибиотикті өзгертіп беруін сұрадық. Ол басқа дәрі жазып берді, алайда температура түспеді", - деді қыздың анасы Динара Қабжанова.
15 наурыз күні Динара Қабжанова қызын ертіп, дәрігерлерден оны ауруханаға жатқызуын сұрады. Қызы медициналық мекемеге жатқызылғаннан кейін, оған "Цефазолин" берілді. Анасының сөзінше, баласының жағдайы күннен күнге әлсіреп, дене қызуы бірде түсіп, бірде көтерілген.
Кейін Раяна ақылы палатаға ауыстырылған. Келген жаңа дәрігер дабыл қағып, мамандар баланы жансақтау бөліміне алып кеткен. Балаға "Пневмония" дианозы қойылған.
"Мен қызымды екі ай бойы көрген жоқпын. Себебі шетелде іссапарда жүрдім. Өзімді жайсыз сезініп, реанимацияға барып, қызымды көруге рұқсат беруін сұрадым. Бірақ мені кіргізбеді. Бұл 18 наурыз күні болатын. Бізге жағдай бақылауда екені айтылды. Сол күні сағат 16.00-де жұбайым ауруханаға барып, қызымыздың жағдайын сұрады. Олар бәрі жақсы деп айтты. Біздің Раяна 19 наурызға қараған түні қайтыс болды. Мен оны соңғы рет көре алмадым", - деді Раянаның әкесі Рүстем Қабжанов.
"Біздің қызымыз дәрігерлердің ешқайсысы оны ақылы палатаға түскенге дейін қарағысы келмегеннен кейін көз жұмды. Мен кінәлі адамдардың жазаланғанын қалаймын", - деді Динара Қабжанова.