08.04.2025, 15:20

Теміртауда қарияны аяусыз ұрғандар қамауға алынды

Фото: Pixabay

Қазіргі уақытта іс бойынша қажетті сараптамалар тағайындалып, жан-жақты және объективті тергеу жүргізіліп жатыр.

Теміртауда зейнеткерді соққыға жықты деп күдікке ілінген 9 адам, оның ішінде 7 жасөспірім 2 айға қамауға алынды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бұл туралы Қарағанды облысының прокуратурасы мәлім етті.

Теміртауда зейнеткерге қатысты жасалған құқыққа қайшы әрекет фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 191-бабы 3-бөлігінің 3-тармақшасына (тонау) сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

"Қылмыстық-процестік кодексінің 131-бабына сәйкес ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оларға қатысты Теміртау қалалық соты екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады. Бұлтартпау шарасының ең қатаң түрінің таңдалуына қылмыстың ауырлығы негіз болды. Қылмыстық кодекстің 191-бабы 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық жауапкершілік 14 жастан бастап туындайтынын атап өту қажет", - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта іс бойынша қажетті сараптамалар тағайындалып, жан-жақты және объективті тергеу жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамауына байланысты күдіктілердің ата-аналарына қатысты да қылмыстық іс қозғалған. Прокуратура өкілдері бұл факті бойынша бөлек тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Ведомстводағылар өзге ақпарат Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде жария етілмейтінін айтты.