$ 494.87  520.65  4.91

Ақтөбеде адам қаққан әскери жүргізушіні қарапайым азаматтар ұстап берді

Ақтөбедегі әуе қорғанысы институтының қызметкері мас күйінде көлік жүргізіп, адам қағып кетті. Мұхит Әубәкіров жылдамдықты асырып жіберіп, жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан екі бойжеткенді соғып өте шыққан, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Соққының қатты болғаны соншалық, 22 жастағы қызды бірнеше метрге ұшырып жіберген. Арақты аямай сілтеген офицер оқиға орнынан қашып кетпек болыпты. Бірақ жанай өтіп бара жатқан басқа жүргізушілер жолын бөгеп ұстап қалған. Ал апаттан жарақат алған екі қыз аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайы ауыр екенін жеткізді. Ал тәртіп сақшылары ащы суға қызара бөртіп алып, жүгенсіз кеткен офицер жазасыз қалмайды дейді. Бұл істі Ақтөбе гарнизонының әскери полициясы да қадағалайтын болды.

– Кінәлі жүргізуші әскери болғандықтан, бұл істі әскери гарнизонға жолдадық. Ол ішімдік ішкен. Сонымен қатар, оқиға орнынан қашып кетпек болғаны үшін де жауапқа тартылады. Екі бап бойынша қылмыстық іс қозғалды, – дейді Ақтөбе облыстық ІІД басқарма басшысы Серік Ғизатов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары