Асадовтың айтуынша, жәбірленуші шабуылдан әрең қашып құтылған.
Жамбыл облысында жанармай құю бекетінде пышақ жарақатын алған мотоцикл жүргізушісінің адвокаты Зәкір Асадов оның қорғауындағы азаматқа күдіктінің туыстары қысым көрсетіп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.
Адвокат жариялаған бейнеүндеуде шабуыл оқиғасы толық баяндалды. Оқиға Алматыға бет алған байкер мен оның досы жанармай құю үшін тоқтаған кезде болған. Адвокаттың сөзінше, байкер жанармайдың ақысын төлеп, көлігіне беттеген сәтте белгісіз ер адам артынан ілесіп, кейіннен оған пышаққа ұқсас затпен бірнеше рет соққы жасаған. Бейнебақылау камерасындағы жазбада шабуыл сәті анық көрінеді.
Асадовтың айтуынша, жәбірленуші шабуылдан әрең қашып құтылған. Алайда ауыр жарақат алған ол есінен танып, бекет маңындағы шөптің арасына құлап түскен. Көп ұзамай аудандық ауруханаға жеткізілген. Бірақ жәбірленуші ауруханада да қысымға ұшыраған: шабуыл жасаған адамның туыстары келіп, арызданудан бас тартуға мәжбүрлеген.
Медициналық көмек пен қорғаныс жеткіліксіз болғандықтан, жәбірленуші Меркі ауылынан Алматыға кетуге мәжбүр болған. Қазіргі таңда ол қалалық жедел жәрдем ауруханасында ем қабылдап жатыр. Алайда ол жерде де күдіктінің туыстары тыныштық бермей, палатаға кіріп, арыз жазбауын талап еткен. Адвокат бұл істі мұқият тергеу қажет екенін айтып, құқық қорғау органдарынан жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етті.