$ 518.07  595.21  6.37

Жамбыл облысындағы үш баланың өлімі: нақты себебі қандай

Үйде желдеткіш арнасы да болмаған. 

Фото: "QazaqGaz Aimaq" АҚ
Фото: "QazaqGaz Aimaq" АҚ

"QazaqGaz Aimaq" АҚ-ның Жамбыл өндірістік филиалы үш баланың өліміне себеп болған улы газдың қалай тарағанын түсіндірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

2025 жылғы 19 сәуір күні сағат 18:40-та Тараз қаласының 104 апаттық-диспетчерлік қызметінің пультіне жедел жәрдем станциясының диспетчерінен Жамбыл облысы, Меркі ауданында үш баланың қайтыс болғаны туралы хабарлама келіп түсті. 

Оқиға орнына дереу "QazaqGaz Aimaq" АҚ-ның апаттық бригадасы жіберілді. Мамандардың алдын ала болжамы бойынша, 2017, 2019 және 2021 жылы туған үш бала иіс газынан уланып көз жұмған.

“Апаттық бригаданың тексеруі барысында улы газдың шығуына газ қазандығы мен түтін шығару құбырындағы тартымның болмауы себеп болған. Үйде қолданылған жылыту қазандығы қолдан жасалған болып шықты. Түтін шығару құбыры болаттан жасалып, қабырға арқылы шығарылған, алайда тиісінше жылуоқшаулаусыз және конденсат жинағышсыз орнатылған. Үйде желдеткіш арнасы да болмаған”, – деп мәлімдеді "QazaqGaz Aimaq".

Сондай-ақ ішкі газ жабдықтарын техникалық қызмет көрсетуге арналған келісімшарт пен түтін және желдету арналарына жүргізілген тексеру актісі болмағаны анықталды. Үйдің ішінде газдың таралуын анықтайтын дабылқаққыш құрылғысы да орнатылмаған.

"QazaqGaz Aimaq" АҚ тұрғындарға газ жабдықтарын пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады.

Тұрмыста газды қауіпсіз пайдалану бойынша ұсыныстар:

Газдың иісін сезсеңіз, дереу 104 нөміріне қоңырау шалыңыз;

Балалардың газ құралдарын пайдалануына жол бермеңіз;

Түтін мұржасында тартымның бар-жоғын үнемі тексеріңіз;

Газ жабдықтарын өз бетінше қосуға немесе жылжытуға қатаң тыйым салынады;

Монтаждау және техникалық қызмет көрсету тек білікті мамандар тарапынан жүргізілуі тиіс;

Газ плиталарын үйді жылыту үшін қолдануға болмайды;

Қолдан жасалған жылыту құрылғыларын орнатуға және пайдалануға тыйым салынады.

"QazaqGaz Aimaq" АҚ қайтыс болған балалардың туыстары мен жақындарына көңіл айтады және барлық тұтынушыларды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады. Вентиляция мен түтін шығару арналарының жай-күйін тұрақты түрде тексеріп тұруға сондай-ақ газдың шығуын анықтайтын арнайы сигнализация құралдарын орнатуға кеңес береді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары