$ 516.01  582.47  6.26

Түркістандағы ерекше балалар интернаты төңірегіндегі дау: әкімнің үнсіздігі кімнің мүддесіне қызмет етеді?

Түркістан облысының Төлеби ауданындағы №2 сөйлеуі бұзылған және ақыл-есінде кемістігі бар балаларға арналған мектеп-интернат төңірегіндегі жанжал аймақтың әлеуметтік саясатында кемшіліктердің көп екенін айна-қатесіз ашып берді.

 

Фото: Turkistan Today
Фото: Turkistan Today

5 мамырда КТК телеарнасы таратқан репортажға сүйенсек, бұл мәселені алғаш көтерген сәттен-ақ ата-аналар, педагогтар мен жергілікті қоғам белсенділері туғызған резонанс бір сәтке де толастаған жоқ. Алайда сол күннен бері бір ай өтсе де, облыстың жаңа әкімі Нұралыхан Көшеров (ресми дерек бойынша, биыл жыл басында тағайындалды) даудың түйінін тарқатуға бағытталған нақты жоспарын жариялаған жоқ. Әр жылдары мемлекеттік кіріс департаментінде басшы болған әкім Нұралыхан Көшеровтің халықтың салығынан түскен ақшаны санаудан қолы тимей жатқан жоқ па?..

Дау қалай басталды және не үшін үдей түсті?

Мамыр айында арнаулы комиссия интернат оқушыларын кезектен тыс тексеріп, «денсаулығы жарамсыз» деген желеумен көпшілігін «қарапайым» мектепке ауыстыру жөнінде акт толтыра бастаған. Өзін-өзі қорғай алмайтын, тіпті кей жағдайда қарапайым гигиеналық әрекетті орындауға да көмекті қажет ететін балалар үшін мұның не екенін ата-аналар жақсы біледі. Олар үшін бұлм – бір сәтте оқудан, ортасынан, кәсіби мамандардан айырылу ғана емес, психологиялық тұрғыдан күйреу.

Түркістан облысының тұрғыны Әлия Үсіпбек өз жанайқайын сол репортажда сөзбе-сөз былай жеткізді:

«Баламды 1-сыныпта қарапайым мектепке берген едім. Мектепке үш ай барды, күнде үйге жылап қайтады. "Бармаймын" дейді. Сүйреп апарған кезім де болды. Ол жақта мазақтайтын көрінеді. Апайы "сіздің балаңыз түк қақпайды, оқытайын десем, ұйықтап қалады" дейді. Ал бұдан үлкен сыныптағы балам "мектепте бәрі кемсітеді, інімді сөйтіп кемсіткеніне мен намыстанамын" деп ренжиді», – қауқарсыз ана.

Интернат тәрбиешісі Эльмира Ешматова комиссия әрекетінен «жасырын мүдде» сезгенін жасырмады:

«Интернатты жабады екен, жайлы мектеп соғады екен» деп естіп жатырмыз. Нақты колледж соғылады екен дейді. Бірақ өзімізге ешкім айтқан жоқ. Енді мына балалардың барлығын комиссиядан өткізіп, бәрін шығарып жатқаннан кейін біз сол күдіктің расталып жатқанын көріп отырмыз», – дейді ол.

Ал Төлеби аудандық психология-медицина-педагогикадан кеңес беру мекемесінің меңгерушісі Гүлнұр Исламқызы ата-аналардың алдындағы қысылтаяң диалогта жауапкершілікті «заңға» ысырып қойды. Бұл – сол облыс әкімдері мәселені шешудің орнына, өтірік көлгірсіп, жиі қолданатын тәсіл.

«Мектепте жеңіл дәрежедегі тіл бұзылысы бар балалар оқиды, соларды мектепке жіберіп жатырмыз. Олар мектепте толық психологиялық көмек алады. Себебі сондай заң шыққан. Сіздер шешпейсіздер. Ол заң бойынша шешіліп қойған. Ол жерге біз қорытынды берсек, мектепке барған балаға мектеп жайлы жағдай жасайды»,– дейді Г. Исламқызы.

Шын мәнінде, ПМПК (психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссия) – заң бойынша кеңес беруші орган ғана. Әрине, ол баланы белгілі бір оқу формасына ауыстыру туралы қорытынды ұсынады. Бірақ соңғы шешім ата-ананың келісімінсіз заңды күшке ие болмайды. Сол себепті комиссия мүшелерінің «біз шешпейміз, заң шешкен» деуі фактіге жанаспайды әрі құзырет шегінен шығу болып саналады.

Неге әкімнің аты ерекше аталады?

Жергілікті атқарушы билік Конституция бойынша әлеуметтік инфрақұрылымның сақталуына және әлеуметтік әлжуаз, осал топтардың құқығын қорғауға тікелей жауап береді. 2025 жылғы 6 қаңтарда Президент Тоқаевтың Жарлығымен Нұралыхан Көшеров Түркістан облысының әкімі болып тағайындалды. Сол сәтте бұрынғы әкім Дархан Сатыбалды Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметіне ауысып, облыс басшылығындағы жауапкершілік біржолата жаңа әкімге өтті. Бірақ сол кезде «жаңа әкім» Нұралыхан Көшеровтен басқа да жақсы кандидаттар бары әлеуметтік желіде сөз болған еді. Ал қазір көріп отырғанымыздай, жағдайдың өзі осыны растап отырғандай. Дәл осы резонансты дау шыққалы бері Көшеров мырза тарапынан нақты мәлімдеме де, ата-аналармен ашық кездесу де болмағаны жұрттың ашу-ызасын үдетіп отыр.

Түркістанның экономикалық «көрсеткіші» мен әлеуметтік контраст

Жалпы Түркістан облысы 2024 жылы 1,757 трлн теңгеден асқан ЖӨӨ тіркеп, 4 пайыздық өсім көрсеткен. Өңдеу өнеркәсібі 12,6 пайызға, ауыл шаруашылығы 4,5 пайызға ұлғайса, көтерме сауда айналымы бір жылда 50 пайыздан астам артқан. Дегенмен әлеуметтік салада қарама-қайшылық көп. Себеп ретінде мына мәселелерге тоқталайық:

- 68 пайыз тұрмыстық қалдық полигоны санитарлық нормадан тыс;

- 70 пайыз су құбырлары тозған;

- орта білім беру нысандарына орын жетіспеушілігі жыл сайын күшейіп келеді;

- ерекше оқыту бағдарламасын қажет ететін балаларға арналған мекемелер саны өңір қажеттілігінің оннан біріне де жетпейді.

Бұл статистика бір мезетте табысы артып, бірақ әлеуметтік қорғау тетіктері тежелген аймақтың бет-бейнесін көрсетеді.

«Ғимаратқа қызығушылық» туралы қауесет қаншалықты шындық?

Интернат ғимаратының Ленгір-Түркістан тасжолына жақын, инженерлік инфрақұрылымы дайын, жоба қуаты жоғары екенін ескерсек, оны жеке колледж не «Жайлы мектеп» жобасы үшін беру бизнес жағынан тартымды. Бірақ мұндай қайта құру алдымен балама объект салып, балаларды қауіпсіз орынға көшіріп, барлық маманды жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз еткеннен кейін ғана қарастырылуға тиіс еді. Қазір өңірде мұның бірі де жасалған жоқ. Ал оны ойлап отырған әкім де жоқ.

Сөзіміз дәлелді болуы үшін «заңға сүйенген» қыңыр билік өкілдерінің «қолшоқпарларына» мына бір ескертуді де қыстыра кеткенді жөн көріп отырмыз. Өйткені жалпы еліміз, яғни Қазақстан Республикасы Бала құқықтары туралы БҰҰ-ның 1989 жылғы конвенциясын 1994 жылы ратификациялады. Конвенцияның 23-бабы ерекше қажеттілігі бар балаға мейлінше, мүмкіндігінше толыққанды өмір сүруге жағдай жасау үшін мемлекет арнайы қамқорлық шараларын қабылдауға міндетті екенін анық жазады. Ал интернаттағы оқушыларды логопед-дефектологсыз, инклюзивті кабинеттерсіз ауыл мектебіне ауыстыру – осы бапқа тікелей қарама-қайшы әрекет. Сондықтан облыс әкімі Нұралыхан Көшеровтің «жандайшап» ресми өкілі айтып отырған уәж – ақылға қонбайтын, миға сыйымсыз сандырақ қана.

Әкімдік не істеуі қажет?

Бұл сұраққа облыс әкімі көбірек ойлануы керек. Ойлану керек дегеннен бұрын оқыған, есі дұрыс кез келген азамат білетін дүниелер еді. Біріншіден, облыс әкімі жаңа мәртебеде өз командасының әлеуметтік нысандарға жүргізіп жатқан реформасын жария ашықтық форматына көшіруі қажет. Екіншіден, интернат мәселесі бойынша кешенді нақты Жол картасы әзірленіп, оған ата-аналар комитеті, тәуелсіз инклюзивті білім беру сарапшылары, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, сондай-ақ жергілікті БАҚ өкілдері кіретін қоғамдық кеңес қосылуға тиіс. Үшіншіден, интернат ғимаратына байланысты кез келген құрылыс жоспары балама нысан толық іске қосылғаннан кейін ғана күшіне енуі заңмен бекітілуі шарт.

Прокуратураның тексерісі не бермек?

Ата-аналар мен интернат ұжымы Бас прокуратураға ұжымдық арыз дайындап жатқанын мәлімдеді. Егер тексеріс барысында комиссия құзыретін асыра пайдалану, лауазымды тұлғаның қысымы немесе коммерциялық мүдде көздеген әрекет анықталса, қылмыстық жауапкершілік қарастырылуы ықтимал. Бұл – әкімдікке де, облыстық білім басқармасына да үлкен сигнал.

Бос ұран айтпайық десек...

Нұралыхан Көшеров басқаратын Түркістан әкімдігі экономикалық серпін туралы пафосты баяндамамен ғана шектеліп, ең осал әлеуметтік топтың жанайқайын елемей отырса, өңірдің «рухани астана» ретіндегі беделі тап осындай жағдайларда күйрейді. Ерекше балалардың құқығы қорғалмаған қоғамда «дамудың драйвері» деген ұран бос қаңқуға айналады.

Интернаттағы жүздеген бала, олардың ата-анасы мен 150 қызметкер «бұл соңғы шегіміз» деп отыр. Егер облыс басшылығы нақты шешім қабылдап, балаларды қорғай алмаса, ертең бұл үнсіздіктің құнын төлейтін тек әкімдік аппараты ғана емес, бүкіл аймақтың беделі болмақ. Билік өкілдері аузынан тастамай, сілекейі ағып жиі айтатын «Жаңа Қазақстан» ұғымы ең алдымен ерекше баланың көз жасын сүртуден басталуы керек. Түркістан бұл сынақтан сүрінбей өтсе, шын мәніндегі рухани және әлеуметтік көшбасшыға айналуға қадам жасар еді. Ал сүрінсе, аймақтағы кезекті әсем нысан да, туристік жобалар да әкімдіктің кемшілігін ақтап бере алмайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары