$ 516.01  582.47  6.26

Маңғыстау өңіріндегі шақалақ дауы: әкім Нұрдәулет Қилыбайдың әлеуметтік саладан қол үзіп бара жатқаны рас па?

Жақында, 6 мамырда, таңғы сағат 9:30 шамасында Мұнайлы ауданының қарапайым тұрғыны терезе алдында боздап жылаған шақалақтың дауысын естіді.

 

Фото: gov.kz
Фото: gov.kz

Іңгәлаған үнді естіген сәтте-ақ ол полиция мен жедел жәрдем шақырды.Медицина қызметкерлері шала туған, салмағы небәрі 2 келі 200 грамм, денесі салқындап қалған нәрестені Облыстық ана мен бала орталығына жеткізді. Иә, біздің қозғап отырған мәселеміз – осы. Бір қарағанда «күнделікті» яки қарапайым мәселедей көрінер, бірақ сол «шақалақ» дауын қозғай отырып, сайтымыздың оқырмандарына облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың әлеуметтік саладан қалай қол үзіп бара жатқан «жауапсыз» әкім екенін талдап, түсіндіреміз.

Баланың өмірі қыл үстінде екенін бөлім меңгерушісі Гүлзада Сарбалаева:

«Жалпы төмен температурамен келді. Көмек көрсетіліп, жуындырдық. Температурасы – 36,7. Қазір баланың жағдайы орташа ауыр, бірқалыпты. Сүт беріп жатырмыз. Салмағы 2 келі 200 грамм. Шала туған нәресте болғаннан кейін сыртқа, далаға ашық жерге тастап кеткен, орағанымен, ылғал болады ғой. Ылғал болғаннан кейін тез суық тиеді», – деп баяндады.

Полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 119-бабы («Қауіпті жағдайда қалдыру») бойынша іс қозғап, баланы тағдыр тәлкегіне салған ананы іздестіріп жатыр. Алайда бұл оқиға жалаң криминалдық хроника ғана емес. Ол Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық ахуалындағы жүйелі олқылықтарды, жергілікті биліктің ең әлсіз, осал топтарды қорғай алмай отырғанын ашып берді.

«Көрінбейтін» қайғының көрінісі

Маңғыстау – статистика тілімен айтсақ, «динамикасы жоғары», «Жалпы өңірлік өнім өсімі тұрақты» аймақ. 2024 жылдың тоғыз айында жалпы өңірлік өнім 3,65 трлн теңгеге жетіп, 3,7 пайыздық өсім көрсетті. Бірінші тоқсанда өнеркәсіп өнімінің көлемі 779,8 млрд теңге болды. Инвестиция да, логистика да оң динамиканы аңғартады. Әкім Нұрдәулет Қилыбай бұған дейінгі мәлімдемелерінде аймақ «еңбек нарығы серпінді, 60 мың жаңа жұмыс орны ашылады» деп талай мәрте түйіндеді.

Бірақ мамырдағы сәбидің өлімі бұл жетістіктердің әлеуметтік тұрғыдан қаншалық жұқа қабық екенін дәлелдеп берді. Облыс халқы 807,5 мың болса да, ауылдықтардың үлесі 53,8 пайыз; табиғи өсімнің баяулауы – 17,8 пайыздық төмендеу – демографиялық дағдарыстың белгісі. Реалдық табыс бір жылда 14,4 пайызға шегініп, инфляцияны «сүзгіден өткізе» алмай қалды. 20 371 адам ресми жұмыссыз ретінде тіркеліп отыр. Әлеуметтік қолдаудың жүдеулігі жас ананы сәбиін далаға тастауға итермелеген ішкі трагедияның сыртқы факторы емес пе? Бұл мәселе төңірегінде облыс әкімі ойланып па?

Инфрақұрылым мен әлеуметтік қорғау қай кезде шешіледі?

Актау қаласының өзінде су құбыры желісінің 82 пайызы тозған, маусым сайын жүздеген жылу-су желісі жарылып, елді әбігерге салады. Ішетін су тапшылығы жыл сайын жазда экологиялық төтенше жағдайға ұласады. Нұрдәулет Қилыбай 2024 жылдың мамырында қызметке келген сәтте «инфрақұрылымды жаңғыртамыз» деп уәде етті, бірақ қазіргі көрсеткіштер – 680 километр республикалық жолды қайта құру, 5 млрд теңгеге МАЭК-ті жаңарту қағаз жүзіндегі жобалардан аса алған жоқ. Газ-мұнайға сүйенген моноэкономика баға құбылмалығында тұрақсыз. Әкімдік «экономиканы диверсификациялауға 259 іс-шара қабылдадық» десе де, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында нақты қызмет аясында кемі 4 мың жаңа жұмыс орны ғана ашылған. Халықтың орташа жалақысы 607,9 мың теңге көрінгенімен, нақты сатып алу қабілеті индекстен соң 99,3 пайызға тең. Яғни, қағаздағы табыс шынайы өмірдегідей деп айту қиын-ақ.

Осындай қысым жағдайында әлеуметтік қолдау жүйесінің әлсіздігі – жас аналарды психологиялық тұйыққа тірейтін негізгі себептердің бірі. Маңғыстау облысында жалғызбасты аналарға, көпбалалы отбасыларға арналған дағдарыс орталықтары тапшы. «Ана үйі» үлгісіндегі кешенді орталықтар жоқтың қасы. Әкімдік сайтында «қоғамдық даму» бөлімі көрсеткен индикаторлар – форум, флеш-моб, патриоттық концерттер нақты дағдарысқа душар әйелдерге тікелей көмек бермейді. «Тікелей» дегеннен бұрын жалпі еш көмегі жоқ, керісінше бюджетті талан-таражға салу деуге болады. Сондықтан облыста «Маңғыстау қазақ ұлттық киімімен ең көп адам топтасуы номинациясы бойынша Гиннестің рекордтар кітабына енді» деп мақтану – жай ғана ақымақтық. Әлеуметтік, экологиялық және тағы да басқа өзекті мәселесін шешпеген әкімнің Наурызда атойлауы – нақты істің емес, қып-қызыл сөздің ғана көрінісі.

«Баланы далада қалдыру» – криминал емес, мемлекеттік саясаттың жеңілісі

Кәмелетке толмаған балалардың құқығы жөніндегі БҰҰ конвенциясы мен Қазақстанның «Балаларды қорғау туралы» заңдары баланың өмірін, денсаулығын бірінші орынға қояды. Бірақ аталған конвенция 19-бабы мемлекетке «ата-анасы тиісті қамқорлық көрсете алмаған жағдайда баланы қорғау үшін әкімшілік, әлеуметтік құрылымдар құруға» міндет жүктейді. Жаңа туған нәрестенің терезе түбіне тасталып жатқаны осы атқарушы биліктегі жүйенің жұмыс істемей қалғанын көрсетіп отыр.

Мұнайлыдағы оқиғадан кейін облыс әкімдігі экран алдына шығып, ең әуелі проблемның алдын алу тетігінің неліктен істемегенін түсіндіруге тиіс еді. Алайда облыстағы баспасөз қызметі тек полицияның ресми мәлімдемесін берумен шектелді, әлеуметтік қорғау басқармасы және отбасы істері басқармасы үнсіз қалды. Бұл – әкім Нұрдәулет Қилыбайдың мемлекеттік басқару стиліндегі жүйелі селқостығының көрінісі.

Аймақ басшысына қойылар сұрақтар

Осы мәселеден кейін аймақ басшысына мынадай бірқатар сұрақ қойылуы керек деп ойлаймыз:

Дағдарыс орталықтарын ашуға не кедергі? 807 мың халқы бар облыста әйел мен бала қауіпсіздігіне арналған жедел желі, уақытша әлеуметтік баспана, психологиялық-құқықтық көмек орталығының саны неге бір қолдың саусағымен санарлық?

Бюджет қалай бөлініп жүр? 2025 жыл бюджетінде 1,9 трлн теңгеге 259 жоба жоспарланған. Соның ішінде әлеуметтік қорғау секторына нақты қанша қаражат қаралған? Оның игерілу деңгейі қандай?

Инфляцияға қарсы нақты шара қандай? Реалдық табыстың 14,4 пайызға құлдырауына әкімдік қандай контрциклдық, яғни «қарсы» саясат ұсынады?

Ауыл медицинасының жай-күйі? Босануға дейінгі бақылау қызметі ауылдық жерлерде орталықтан қашық. Перинаталдық логистиканы күшейтуге бюджеттік грант бөлінді ме?

Міне, бұл сұрақтарға жауап берілмейінше, тағы бір бейкүнә сәби далада қалмайтынына кепіл жоқ.

Әкімдік үнсіздігінің құны

Нұрдәулет Қилыбай өзін өңірдің экономикалық локомотивін жүргізуші реформатор ретінде көрсеткісі келеді. Бірақ әлеуметтік қауіпсіздік желісі бұзылған тұста экономика статистикасы – цифр, ал шынайы өмірде ол цифрдың салмағы жоқ болып қала бермек. Даладан табылған шақалақ оқиғасы – жеке трагедия емес, әкімдіктің стратегиялық қателігінің симптомдық көрінісі.

Былтыр ғана Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау жұртшылығымен кездескен бір жиында «Маңғыстау – талантты балалар мекені, әр баланың болашағы әділетті қоғамның ошағы» дегендей болатын. Бірақ бір жыл өтпей ол сөзін дәлелдейтін іс-шараны көре алмадық. Естеріңізде болса, осыдан бірер жыл бұрын облыста 200-ден аса дәрігер жетіспейді деген еді. Соны «ана мен балаға» жаны ашитын «қамқор» әкім қалай шешті екен?..

Бала тағдыры – аймақ тағдыры

Еуропалық Одақтың 2030 жылға дейінгі балаларды қорғау стратегиясында «жарқынарақ болашақ – ең алдымен, балаларға жасалған инвестиция» деп тайға таңба басқандай жазылған. Бұл қағиданы орындау – Қазақстан үшін сыртқы кеңес емес, ішкі ұлттық қауіпсіздік шарты. Маңғыстау байлығын мұнай-газдан тапқанымен, адами капиталын жоғалту алдында тұр.

Егер облыс әкімдігі кеше болған қайғыдан сабақ алып, бүгін мынадай нақты қадамдарға көшпесе, ертең ахуал қайталануы ықтимал. Ол үшін психолог, әлеуметтік қызметкер, акушер-гинеколог штатын ауылдық амбулаторияларда көбейту қажет. Бұл жерде мәселе біліксіз кадр туралы емес, сауатты, білікті кадр жайлы болып отыр.

Әкімнің үнсіздігі – жүйенің күйрегені

Мұнайлыдағы терезе түбіне тасталған шақалақ – Маңғыстаудағы әлеуметтік саясаттың дағдарыс индикаторы. Бұл оқиға Нұрдәулет Қилыбай әкімдігі үшін тек тергеу статистикасы емес, өңірдің болашағы үшін сын сағаты. Егер әкімдік дәл қазір жүйелі шаралар қабылдамаса, «инвестиция рекорды», «туризм хабы», «Түркі әлемінің мәдени астанасы» секілді жарнамалық ұрандардың құны көк тиын.

Әділетті мемлекет ең алдымен ең әлсізді қорғайды. Шақалақтың көз жасы – болашақта қайталанбауға тиіс трагедия. Маңғыстау билігі осы үнсіздік мұзын ерітуге кіріспесе, әлеуметтік аяз экономикалық графиктерді де жібімейтін қылып қатырып тастайды. Жалпы Маңғыстауда бұдан бөлек күні кеше Президент атап өткен ауыз су мәселесі және экологиялық мәселелер жетіп артылады. Оның әрқайсысы бір-бір мақалаға жүк. Сондықтан облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың әлеуметтік-салалық сектордағы мәселелермен емес, популизммен көбірек айналысып жүргенін дәлелдейтін материалдарды алдағы уақытта жазамыз...

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 13
Ұнамайды 5
Күлкілі 0
Ашулы 1

Серіктес жаңалықтары