Деректер жергілікті биліктің көз алдында өтіп жатыр, бірақ облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев те, Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков те жария мінберде ештеңе болмағандай сөйлейді.
Алматы облысының дәл іргесіндегі, Алматыдан шамамен отыз-отыз бес шақырым жердегі Талғар ауданын көпшілік әлі күнге «тау туризмі мен алма бағына толы тыныш өңір» деп елестетеді. Бірақ соңғы уақытта барлығы куә болып жатқандай, аудан аты қылмыстық хроникада жиі аталып, ақыр-соңында Алматы агломерациясының ең осал буынына айналды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ұйымдасқан бопсалау, синтетикалық есірткі өндіретін жасырын лаборатория, жасөспірім өлімі… Бұл деректер жергілікті биліктің көз алдында өтіп жатыр, бірақ облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев те, Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков те жария мінберде ештеңе болмағандай сөйлейді. Тіпті осы соңғы уақытта болып жатқан жағдайларға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жауапты еді. Лауазымды билік басына 2022 жылы келсе де, ол Талғардағы түйіткілді мәселелерді шешудің орнына жылы жауып қойып жүрді. Соның кесірінен жағдай «Шерзат ісіне» дейін барды. Керісінше Жазушылар Одағындағы ақын-жазушылардың кешін өткізіп, ақындарға өзінің «мықты тұстарын» меңзеп, пост жаздырғанды ұнататын әкім нақты шаруаға келгенде, үнсіз жүреді. Сонда Талғардың күйігі әлі басылмай жатқанда, «рухани», «мәдени» кеш өткізіп, оған ақша бөлу әкімнің не теңі?.. Рухания дегеніміз тек «концерт өткізу» ме? Қанды қылмыс күн сайын көбейіп, әділет ұғымы «қансырап», далада жатқанда, әкімнің басқа шаруалармен айналысуын «жауапсыздық» демей, не дейміз?..
Әлеуметтік желідегі тұзақ та, көше бойындағы қорқыныш та – әкімнің бейқамдығынан
Жыл басында, дәлірек айтсақ, ақпанда полиция Қайназар ауылын паналаған ұйымдасқан топты құрықтады: 19 жастағы жігіт пен 17 жастағы қыз желі арқылы жігіттерді кездесуге шақырып, кейін «ағаларын» шақырып әкеліп, жала жауып ақша бопсалаған. 24 жастағы алматылықтан талап етілген сома – 1,5 миллион теңгеге жуық. Топ ұзақ уақыт бойы дәл осы аудан аумағында «жұмыс істеп» келген.
Ал Талғар ауданы әкімі Таңат Айдарбеков 2023-тің басында қызметке келгелі «аудандағы қауіпсіздік деңгейі облыс көрсеткішінен жоғары» дегендей есеп беріп келеді. Алайда аудан жастары әлеуметтік желідегі алаяқтық пен бопсалау деректері жөнінде полициядан бұрын бір-біріне ескерту жасап үлгеретін жағдайға жетті. Әкімдік болса, киберқылмыс пен оффлайн қылмыстың сабақтастығын түсіндіретін бірде-бір талдамалық құжат ұсынған жоқ. Тіпті ешбір жұмыс істеп жатқан жоқ деуге де болады. Әйтпесе мұндай сұмдықтар бірден ашылып, үлкен қылмыстарға жол берілмес еді. Тіпті аудандағы бұзақылар полицейден сескенбейтін де сияқты.
Фермада қайнаған у: 8 тонна прекурсор, 100 кг мефедрон
Күні кеше ІІМ мен Бас прокуратура Талғардағы ферма аумағынан өнеркәсіптік нарколаборатория тапты: 8 тоннадан астам химиялық прекурсор, 100 килограмм дайын мефедрон. Нарықтық бағасы – шамамен 3 миллиард теңге. Химикат айлап әкелінген, дайын өнім жүйелі түрде жөнелтіліп тұрған.
Бұл әрекеттің аудан аумағында білінбей өтуі – бақылау бекеттерінің қысқаруы мен жергілікті әкімдіктің логистикалық ағымға көзжұмбайлық танытқанының нақты дәлелі. Облыс әкімі экономикалық өсім туралы есеп бергені естеріңізде шығар? Ол сол кезде Ақордада ел Президентіне «аймақтың инвестициялық тартымдылығы» жөнінде мақтанышпен баяндады. Ал оның баяндамасында бұл наркозертхана туралы бір ауыз сөз болмады. Себебі неде? Себебі облыстағы, әсіресе Талғар ауданындағы қылмыстық топтар мен бұзақылар «бетімен кеткен».
Шерзат Болат ісі: он алты жастағы жігіт өлімі және әкімдердің үнсіз декларациясы
2024 жылдың қарашасында 16 жастағы Шерзат Болат дүкен алдында пышақ жарақатының кесірінен көз жұмды. Сот процесі әлі жүріп жатыр. Аудан әкімдігі болсын, облыс әкімдігі болсын – ешқайсысы ата-аналардың «қоғамдық бақылау» талабына құлақ аспады. Талғар жастары бұл өлімнен кейін көшеге шығуға сескенетінін ашық айта бастады, ал әкімдік тарапынан «жастармен жүйелі профилактика» орнына әріптес блогерлердің «селфи-брифингі» ұйымдастырылды.
Таңат Айдарбеков қаңтардағы аудандық есеп жиынында «қылмыс деңгейінің төмендеу үрдісі байқалады» деп айтып өтті. Дәл сол отырыстың ертеңінде марқұм Шерзаттың достары аудандық полицияға тергеудің әділ жүргізілмей жатқаны туралы тағы арыз қалдырды. Өлім статистика емес, бірақ әкім үшін ол – есепке ілінбейтін «ұсақ эпизод». Сонда облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев те, оның «нөкері» аудан әкімі Таңат Айдарбеков те «ай қарап» жүрген бе?..
Таңат Айдарбеков: уәдені үйіп-төгіп, қауіпсіздікке келгенде үнсіз
Алматы облысында 2023 жылдан бері «қауіпсіз аудан» бағдарламасы туралы бірнеше рет айтылды. Бірақ бағдарламаның нақты индикаторлары, мерзімдік карта-жоспары жарияланбады. Бейнекамера инфрақұрылымы ескіргенін мойындағанымен, жаңғырту тендері екі мәрте өтпеді. Бірінші жолы конкурс шарттары күмәнді компанияға «қолайластырып» жазылған, екінші жолы қаржы бөлінбей қалған.
Соның салдарынан Талғар орталығында да, ауылдарында да жұмыс істейтін камера саны аудандық полицияның ресми есебінде нақты қажетті пайызға жетпейді. Осыны әкімнің жылдық есебінде көруге болмас, себебі ол жерде қауіпсіздікке арналған бөлім мүлде жоқ: «жол жөндеу», «ауызсу жүйесі», «көпір салу» – бәрі бар, ал қылмыс жөнінде тек «бақылауда» деген жалпылама сөйлем.
Марат Сұлтанғазиев: «өсу» статистикасына шырмалған аймақ басшысы
Алматы облысының әкімі айтулы наркозертхана әшкерелемес бұрын Президентке есеп берді: «Инвестиция 12 пайызға, ауыл шаруашылығы 3,5 пайызға артты» деп. Бірақ оған дейін облыстағы қауіпсіздік, жастар арасындағы қылмыс, синтетикалық есірткі өндірісі – баяндамадан орын таппады.
Бұл – саяси жауапкершіліктің қарабайыр формуласы. Тартымды макрокөрсеткіштерді жариялау үшін қауіпті деректерді «облыс деңгейіне шығармай» жергілікті органдарға жасыруға бастама береді. Соның кесірінен Талғардағы мәселе облыс көлеміндегі ресми құжаттарда жоқтың қасы, ал қоғам тек әлеуметтік желідегі жеке парақшалардан ақпарат іздейді.
Қаражат қайда, нәтиже қайда?
2025 жылға арналған облыстық бюджетте «Қоғамдық тәртіп, қауіпсіздік, құқықтық, сот, қылмыстық-атқару қызметі» бабы бойынша 17,7 млрд теңге көзделген, бірақ құжатта бұл қаражаттың аудан-қалаларға қалай бөлінетіні көрсетілмеген; сол себепті Талғардың қауіпсіздік инфрақұрылымына нақты қанша теңге бөлінетіні белгісіз. Талғар ауданы әрі-бері қатынайтын 300 мыңдай халыққа тәуліктік ағынды қабылдайды, бірақ қауіпсіздікке бөлінген нақты қаржы статистикада мүлдем жоқ...
Марат Сұлтанғазиев 2023-те «қауіпсіз аудан» жүйесін барлық ауданға кезең-кезеңімен енгіземіз дегендей сыңай танытқан. 2025 – екінші жыл, жүйе әлі Қонаевтан ұзамады, Талғар тәжірибе аймағына кірмеді. Сонымен бірге облыс әкімдігінің баспасөз қызметі аудан-қалалардағы қылмыс дерегін ашық базаға шығаруға уәде беріп еді, ол да орындалмады.
Тұтас бір аудан бопсалаушылардың базасына, наркодилердің фабрикасына, жасөспірімдер арасындағы өлім-жітім хроникасына айналып жатқанда, Талғар ауданының да, Алматы облысының да әкімдері үн-түнсіз «даму цифрларын» сөйлетеді. Тұрғындар қолындағы дерек пен әлеуметтік желідегі бейне-айғақ биліктің ресми есебіне ілінбейді. Осы үнсіздік – Талғардағы шынайы қауіптен де қорқынышты, себебі ол – қылмыскерлер үшін ең сенімді «қорғаныс». Бұл жерде облыс әкімі мен аудан әкімінің жауапсыздығы жайлы тағы да ұзақ сөз етуге болады..