Бұл оқиға басқа оқушылардың көзінше орын алған және фактілермен дәлелденген.
Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова НЗМ оқушысының оқудан шығарылуына қатысты әлеуметтік желіде жазба жариялады. Алайда бұл жазба жағдайдың толық мән-жайын ашпайды. Осыған байланысты, НЗМ басқарма төрағасы Ануар Жанғозин ресми түсініктеме берді, жеп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.
«Өткен аптада тоқсандық қорытынды бағалау кезінде 11-сынып оқушысы академиялық адалдық қағидаларын бұзып, ұялы телефон қолданған. Емтихан барысында қандай да бір көмекші құралдарды – шпаргалка болсын, электронды құрылғылар болсын – қолдануға қатаң тыйым салынған. Бұл талап барлық оқушылар мен ата-аналарға алдын ала ескертіледі», – деді Жанғозин.
Оның айтуынша, ереже бұзылғаннан кейін мұғалім белгіленген тәртіп бойынша оқушының телефонын тәркілеген. Алайда оқушы мұндай шараға дөрекі түрде жауап қайтарып, мұғалімді бейәдеп сөзбен қорлаған. Бұл оқиға басқа оқушылардың көзінше орын алған және фактілермен дәлелденген.
«Мұндай әрекет тек мектеп тәртібіне ғана емес, педагогқа деген құрмет пен жалпы адамгершілік құндылықтарға қайшы келеді. Айта кету керек, бұл оқушының бұрын да тәртіп бұзған жағдайлары болған», – деп атап өтті басқарма төрағасы.
Жанғозин оқушылар мен ата-аналардың құқықтарын қорғаумен қатар, педагогтердің ар-намысы мен беделін сақтау – білім беру жүйесіндегі басты басымдықтардың бірі екенін жеткізді.
«Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған "Педагог мәртебесі туралы" заң аясында мұғалімнің құқығын қорғау – біздің басты міндетіміз. Сондықтан педагогқа тіл тигізу мен қорлау секілді өрескел әрекеттерге бейжай қарау мүмкін емес. Осыған байланысты мектептің педагогикалық кеңесінің бұл оқушыны оқудан шығару туралы шешімі толықтай орынды және заңды», – деді Жанғозин.
Сондай-ақ ол бұл жағдайды жан-жақты талдап, тиісті қорытындылар жасалатынын айтты. Сонымен бірге, тек мектепті кінәлау әділетсіз болатынын еске салды:
«Мұндай оқиғаларда отбасының, жалпы қоғамның жауапкершілігін де ескеруіміз қажет. Баланың мінез-құлқы мен әрекетіне тек білім беру мекемесі ғана емес, ата-ана мен әлеуметтік орта да ықпал етеді», – деді ол.
Қазіргі уақытта оқушыны басқа мектепке ауыстыру мәселесі келісілген.