Оқиға сәбилердің ата-анасыз қалған сәтінде орын алған.
Бүгін Жезқазған қаласында Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері түтінге толған пәтерден төрт баланы аман-есен эвакуациялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оқиға сәбилердің ата-анасыз қалған сәтінде орын алған. Алдын ала мәлімет бойынша, балалардың анасы емханаға анализ тапсыруға кеткен кезде, үйде 2 мен 13 жас аралығындағы төрт бала ұйықтап жатқан.
Сол сәтте оянған балалардың бірі сенсорлы электр плитаны байқамай қосып жіберген.
Ол ойыншық салынған пластик ыдысты плитаның үстіне қойған. Қатты қызудан пластик еріп, қою түтін пәтер ішін түгел жайлаған. Дер кезінде жеткен құтқарушылар балаларды қауіпсіз жерге шығарып үлгерді. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ.
Дегенмен мамандар ата-аналарды кішкентай балаларды үйде жалғыз қалдырмауға және электр құралдарымен мұқият болуға шақырады.