Бірнеше ай ішінде ол шамамен 971 мың теңге бәс тігіп, ұтылып қалған.
Төрт жыл бойы әкімдік қызметкері букмекерлік кеңсеге 34 миллион теңгеден астам қаржы аударған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының мәліметіне сенсек, Орал әкімдігінің қызметкері мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді бұзып, букмекерлік кеңсе арқылы құмар ойындарға қатысқан. Бірнеше ай ішінде ол шамамен 971 мың теңге бәс тігіп, ұтылып қалған.
“OLIMPBET” ЖШС мәліметінше, 2021 жылдың 5 маусымы мен 2025 жылдың 22 қаңтары аралығында әкімдік қызметкері өзінің жеке шотына 34 миллион теңгеден астам қаражат аударған. Соның ішінде заңнамаға енгізілген өзгерістер күшіне енгеннен кейін 1,7 миллион теңге салып, соның 971 мың теңгесін ұтылып қалған. Белгілі болған жағдайларға байланысты аталған қызметкер жұмыстан босатылды”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, 2024 жылғы 9 қыркүйектен бастап президенттің тапсырмасына сәйкес заңнамаға енгізілген өзгерістерге орай мемлекеттік қызметкерлердің құмар ойындарға, соның ішінде онлайн-бәс тігуге қатысуы сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді бұзу болып саналады.
Орал прокуратурасы осы нормалардың сақталуын тексеріп, әкімдік, мемлекеттік кірістер басқармасы және полиция қызметкерлерінің букмекерлік кеңселер арқылы құмар ойындарға қатысқанын анықтады.
Осылайша, тағы 24 лауазымды тұлғаға тәртіптік жаза қолданылып, олардың 16-сы қызметінен босатылды.