$ 525.87  614.37  6.72

Қазақстандағы алғашқы АЭС қымбаттауы мүмкін

Премьер-министр Олжас Бектенов АЭС құрылысында отандық қосалқы мердігерлерге басымдық берілетінін атап өтті.

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

Қазақстандағы алғашқы ірі атом электр станциясын (АЭС) салуға қажетті жобалық-сметалық құжаттама 2026 жылы дайын болады. Осыдан кейін жобаның болжамды құны өзгеруі ықтимал, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Вице-премьер Роман Склярдың айтуынша, техникалық-экономикалық негіздеме 2025 жылдың желтоқсанында әзірленеді. Ал 2026 жылы жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау басталады. Барлық құжат дайын болғаннан кейін жобаны жүзеге асырудың келесі кезеңіне көшуге болады.

Премьер-министр Олжас Бектенов АЭС құрылысында отандық қосалқы мердігерлерге басымдық берілетінін атап өтті:

«Құрылысқа барынша қазақстандық компанияларды тартатын боламыз. Бірақ нақты сандарды қазір айту мүмкін емес, себебі жобалық-сметалық құжаттама әлі дайын емес. Құжаттар қолымызға тигенде, нақты мәліметтер болады. Сол кезде жариялаймыз. Ең бастысы — қазақстандық компанияларды тарту».

Алдын ала есеп бойынша, Қазақстандағы АЭС құрылысының құны — 14 миллиард доллар. Алайда жобалық-сметалық құжаттама дайын болған соң, бұл сома жоғары болуы мүмкін.

Еске сала кетейік, Қазақстандағы алғашқы АЭС-ті «Росатом» салады. Ал екінші АЭС-ті кім салатыны әзірге белгісіз. Склярдың сөзінше, бұл мәселе бойынша нақты шешім күзде белгілі болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары