$ 544.87  639.02  6.88

«Біздің жауымыз - эмоция»: Құтқару қызметіндегі нәзік жандылар не дейді (СҰХБАТ)

"Үстімізге киіп жүрген киімнің салмағымен қатар жауапкершілігі де ауыр".

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Төтенше жағдайлар қызметі десе, алдымен көз алдымызға жаужүрек ер азаматтарымыз елестейтіні жасырын емес. Алайда ол жерде ерлермен иық теңестіре жұмыс істейтін нәзік жандыларымыз да аз емес. Солардың бірі ақтаулық ару – Ақжамал Атапкел.

Ер адамдарға тән жұмыста нәзік жандыларымыздың қандай іс атқаратыны қызығушылық тудырып, Ақтау қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкері Ақжамал Алмасқызымен сұхбаттасқан едік. Алдымен өзін таныстырған ол жұмысы туралы жан-жақты баяндап берді.

«ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі, Маңғыстау облысына қарасты Төтенше жағдайлар департаментінің Ақтау қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушы, Радиотелефонисті қызметін атқарамын. Радиотелефонистің негізгі міндетіне бөлімдегі барлық техникалық байланыс құралдарына келіп түскен өрт, басқа да төтенше жағдайлар туралы хабардың анық қабылдануына, берілуіне және тіркелуіне, кезекші бөлімшелердің шақыру орнына уақытылы және дұрыс жіберілуіне жауап беру кіреді».

Салқын сана мен батыл жүректі талап ететін бұл мамандықты таңдауға кейіпкеріміздің әкесі себеп болған. Жұмыстың оңайы жоқ деп сөзін жалғаған ол көмекке мұқтаж жандарға пайдам тисін деген ниетпен әке жолын қуып, дәл осы саланы өмірімнің бір бөлігіне айналдырдым дейді.

Сондай-ақ сұхбат берушіміз ең алғашқы жұмыс күнін өмір бойы жадында сақтайтынын айта өтті.

«Ең алғаш өзім жұмысқа кіріскенде қатты қобалжыдым. Қоңырауды қабылдай аламын ба, көмек сұраған жандарға бөлімшені дұрыс бағыттай алмасам не болады, деген сұрақтар маза бермеді. Біздің жұмыстағы жауымыз – эмоция. Қыз баласы болғаннан кейін өз сезімдеріңді басқару қиынға соғып жатады. Әйтсе де уақыт пен тәжірибе арқылы оны да ысыруға үйреніп, салқынқанды болуға бейімделесің».

Ақжамал Алмасқызының сөзінше, бұл қызметте жыныс жоқ. Сенің нәзік жанды екенің сені оқу-жаттығулардан босатпайды.

«Қыздар да физикалық тұрғыдан мықты, шапшаң әрі шымыр болуы шарт. Сол үшін ұзындыққа секіру, қашықтыққа жүгіру, жаралы жандарға алғашқы медициналық көмек көрсету, көмекке мұқтаж адамдарға қол ұшын соза алу үшін ағашқа өрмелеу секілді оқу-жаттығулардан өтеміз. Ең бастысы мінездің болуы. Мінезсіз адамға біздің жұмыс қиынға соғады».

Кейіпкер бұл сала оны әбден тәрбиелегенін айтады. Темірдей тәртіп пен тазалыққа, сабыр мен төзімді болуға үйренген ол жұмыстастарының жетістіктерін де айта өтті.

«Бір күні менің кезекшілігімде үй өртеніп жатқандығы туралы қоңырау түсті. Бөлімше жігіттері барса, кіреберістегі ток сымдарынан шыққан ақаудан баспана отқа оранған екен. Ал ол үйде кішкентай балалар қалып қойған. Әріптестерім жанкештілік танытып бүлдіршіндерді қызыл жалынның арасынан аман алып шықты. Бұл өрт сөндіруші жігіттердің кәсібилігі деп білемін. Одан кейін бұл батылдықтары еленіп елордамызға барып, телеканалға сұхбат та беріп қайтты».

Өткен жылдың аяғында, яғни, дәл Жаңа жыл қарсаңында Ақтау маңына Әзербайжан ұшағы құлаған еді. Сол кезде қазақстандық құтқарушылар дер кезінде қимылдап, ерекше алғыс пен ықыласқа бөленгені баршамыздың есімізде. Радиотелефонистің айтуынша, көмекке асыққан жандардың қатарында Ақтау қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің құтқарушылары да болған. Еңбектері ескерілген олар бірнеше марапат алып, төсбелгі тағынған.

Сонымен қатар Ақжамал Алмасқызы басқа салада қызмет ету мүмкіндігі тағы туса да Төтенше жағдайлар департаментін таңдайтынын айтты.

«Бұл саланы ойланбастан екінші рет тағы таңдайтын едім. Өйткені айналаға пайдасы тиетін жұмыспен айналысу, адамдардан алғыс алу екінің біріне бұйыра бермейтін бақ деп білемін. Сол бақты ұшырып алмауға тырысып, әкем сияқты абыройлы қызмет етіп, зейнетке шығу менің бұл жолдағы басты мақсатымның бірі. Бұдан бөлек өзімді ерлермен қатар жұмыс істеп жүрмін деп басқаларынан биік болып, дандайсымаймын. Себебі Әлия мен Мәншүк сынды әпкелеріміз қолына қару алып, майданда ер азаматтармен бір деңгейде соғысқанда біздің бүгінгі міндетімізді ерлік деуге тіпті келмейді. Сол жандардың ұрпағы болғандықтан қазақ қыздарының қолынан келмейтін іс жоқ».

Сөз соңында кейіпкеріміз бұл салада еңбек еткісі келетіндерге өз ақылын айтты.

«Әр саланың қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Бастысы – ниет пен жүрек қалауы. Егер көңіл қалап, тілсіз жау, оқыс оқиғамен алысамын десең, біздің қатарымызда қашан да орын бар. Бірақ ТЖМ жұмысы әдемі форма киіп, иыққа жұлдыз жинаудан тұрмайтынын түсіну керек. Үстімізге киіп жүрген киімнің салмағымен қатар жауапкершілігі де ауыр. Болашақ құтқарушыларға осыны айтқым келеді», - деп сұхбатты қорытындылады ол.

Айта кетейік, елімізде құтқарушылардың жағдайын жақсарту үшін бірнеше жұмыс істеліп жатыр. Мәселен, осы жылдың маусымнан бастап өрт сөндірушілерге тұрғын үй төлемдері беріле бастады. Бұл турады ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор Кеген Тұрсынбаевтың өзі мәлімдеген еді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 13
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары