Алайда бұл бейнеролик әлеуметтік желі қолданушылары арасында үлкен дау тудырды
Желіде ерекше видео тарады. Онда бір әйел баланың мойнына қой ішегін орап, оны әдейі қылқындырып жатқан сәті көрсетілген. Айтуынша, бұл – баланың тілін шығару үшін жасалатын ескі дәстүр. Яғни, сәби тезірек сөйлеп кетсін деген ниетпен жасалатын ырым, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Алайда бұл бейнеролик әлеуметтік желі қолданушылары арасында үлкен дау тудырды. Көпшілік мұндай әрекеттің адамгершілікке де, медицинаға да жат екенін алға тартып отыр.
Мамандардың пікірінше, бұл – мүлде негізсіз және өте қауіпті әдіс. Нейропсихологтар мен логопедтер сәбиді қасақана қылқындырып, тынысын тарылту оның жүйке жүйесіне, сөйлеу қабілетіне, тіпті өміріне қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертеді.
«Баланы осылай қинау ешқандай да тәрбиелік немесе тіл ашар мақсатқа жатпайды. Бұл — зорлық. Мұндай әрекетке барған адам заң алдында да жауап беруі мүмкін», – дейді балалар невропатологы Назгүл Ахметова.
Десе де, кейбір үлкен кісілер мұны «ата-бабадан қалған ырым» деп ақтағысы келеді. Бірақ ғылым бұл сенімді жоққа шығарып отыр.
Осы жағдай қоғамда маңызды сұрақ тудырды: біз әлі де кейбір зиянды ырымдарға сеніп, балаларымыздың өміріне қауіп төндіріп жүрміз бе?